12 ноября 2010, 18:14 | 3 466 просмотров
МЕН АСҚА ӨТЕ ТАЛҒАММЕН ҚАРАЙТЫН АДАММЫН
(Соңы. Басы өткен сандарда).
- Ұзақ жасайтын халық қайсы? Қазақстанның орташа өмір сүру ұзақтығы қанша жыл деп бағалайсыз?
- Ұзақ жасау біздің не ішіп-жейтінімізге тікілей байланысты ғой. Қазақстанда тұрғындардың орташа жасы өте төмен, 65-тен аспайды. Оның себебі белгілі, бағанадан екеуміз түбіне жете алмай әңгімелеп отырған дұрыс тамақтанбау мәселесі. Ал өркениетті, тамақтану ісін дұрыс жолға қойып алған Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ-ты алайықшы. Орташа өмір сүру ұзақтығы - 72-86 жас. 15-20 жылдық айырмашылық бар. Жалпы, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатының деңгейін анықтайтын көрсеткіштің бірі - балалар өлімі болса, екіншісі - тұрғындар өмірінің орташа өмір сүру ұзақтығы болып табылады ғой. Енді қарайық, Қазақстанда балалар өлімі де жоғары, халқымыздың орташа жасы да төмен. Неліктен? Сол дұрыс тамақтанбауға қайтып кеп тірелеміз. Қалайша дерсіз? Балалар өлімінің көп болу себебі - жедел тыныс жолдары аурулары, түсік тастау және жұқпалы жедел ішек аурулары. Тыныс жолдары және ішек ауруларының бетін едәуір дәрежеде антибиотиктер және регидрадациялаушы тұзды дәрі-дәрмектерді дер кезінде, дұрыс қолдану арқылы қайтаруға болатын болса, шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалу көбінесе, олардың ана сүтімен қоректендірілуіне және балалар тағамы өнімдерімен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Көрдіңіз бе, ас-ауқатпен келу керек дәрумендердің жетіспеу-
шілігі балаларымызды ауруға душар етуде. Қазақстанда дүниеге келген балалардың 19%-ы шала туады және шамамен тең жартысы 1 жасқа дейін мешел ауруына шалдығады. Бұл ауру бала ағзасына Д дәруменінің жетіспеуінен пайда болады. Қазакстаңда үш жасқа дейінгі бір миллионнан астам бала мен 350 мың жаңа туған нәрестенің балалардың тағамын сапалы тұтыну мүмкіңдігі жоқ.
- Жапондар қай елді мекен етпесін, ұзақ жасап жатады ғой. Бұған не айтасыз?
- Бұл жапондардың ұлттық рухани саулығымен байланысты. Мәселен, сіз Қытайға барсаңыз, солардың тамағын тұтынасыз. АҚШ-қа барсаңыз, америкалық өнімге асқазаныңызды үйретесіз. Солай ғой? Ал жапондардың артықшылығы неде? Олар шетелге шыққанда да, өздерінің ұлттық тағамдарын, байлары, тіпті аспаздарын да алып жүреді. Міне, ұлттық фактордың қандай рөл ойнайтынын қараңыз. Бұрын да сұхбаттардың бірінде айтқан болармын, тағы да қайталайын, егер ұлттык тіл - рухани категория болса, ұлттық тағам - биологиялық категория болып табылады.
- Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласы реформаны жиі бастан кешіріп жүр. Соңғы жаңалық - жаңа минситрдің тағайындалуы. Ал егер Сіз министр болсаңыз, бірінші кезекте нені өзгертер едіңіз?
- Кеңес Одағынан сарқыт боп қалып, әлі жойылмай келе жатқан бір жүйені өзгертуге күш салар едім. Мысалы, бюджеттен денсаулық саласына қаржы бөлінеді. Ол, көбінесе ауру адамдарды емдеуге жұмсалады. Егер аурудың алдын алу бағытында жұмыс жасасақ, көп ауруларды емдеуге ақша шығындамас едік. Кейбір ауруларды емдеудің қажеті де болмас еді. Біз сонда адам денсаулығын сақтап қалар едік әрі экономикалық жағынан өте тиімді болар еді. Соны біле тұра кезінде қолымыз жетпеді. Қазір де осы мәселе мені қатты толғандырады.. Адамдарды зиянды әрекеттерден сақтандыру қажет. Ақшаның көбін ауылдық жерлерге бөлу керек. Адамдардың тағамына көп көңіл бөлінсін. Йод, темір жетіспеушілігі мені қатты мазалайды. Ескерту, сақтандыру, адамдарды егу, рак ауруының алдын алу шаралары үздіксіз жүргізілуі тиіс. Салауаттық өмірге халықтың бетін бұру керек. Қазір аурудың алдын алу бағытына бюджеттен бөлінетін қаржының 40 пайызы жұмсалмақ. Бұл - үлкен көрсеткіш. Кеңес Одағы кезінде аталған бағытқа 15 пайыз ақша бөлінетін. Бала, ана денсаулығына айрықша көңіл бөлінуі керек. Мен емес, су жаңа министр атқаруы тиіс істер. Құлақ асса, жарар еді...
- Аға, әңгімеміздің өзі-ақ қайта айналып, тамақтану ісіне бұрылған сықылды. Фаст-фуд, энергетикалық сусындар деген нәрселер қаптап кетті. Зиян дейін десек, сіз жаңа сөзіңізде өркениетті деп атаған АҚШ-тан келіп жатыр бұл дүниелердің басы. Әлемнің өркениетті елдері тұтынады. Сонда сіздер зиян деп тапқан бұл фаст-фудтың қаупін әлем елдері білмей ме?
- Бір жақты қарамасаңыздаршы, Фаст-фудыңыз да, энергетикалық, өзге де «Кока-кола», «Пепси-кола» сынды газдалған сусындарыңыз да зиян. Зиян болғанда, зияны шаш-етектен. Қарынның бос кеңістігін толтырғаннан өзге пайдасы бар деп айта алмаймын. Құрамы толып тұрған көмірсу ғой, қайдан пайдасы болсын? Олар семіздікке әкеледі, өзге де түрлі сырқаттар-
ға душар етеді. Ал жастар болса, тәттілігіне қызығып, дәміне сүйсініп ішіп жатыр. Ішіп жатыр - денсаулықтарын құртып жатыр. Бұл сусындар тік ішектегі, жатырдағы қатерлі ісікті тудырады. Ми жүйесінің қабылдағыштық қасиетін төмендетеді. Кальцийдің ағзаға сіңуіне кедергі келтіріп, сүйектердің бітуіне, жетілуіне кері әсер етеді. Кальций жетіспегендіктен остеопотроз сырқаты бел алып, сүйек сынғыш келеді. Балалар көп нәрсеге байыптап қарамайтыны белгілі, сондықтан бірінші кезекте, үлкендер оларға ұғындырып, зардаптарын түсіндіргені абзал. Ал әлем елдерінің тұтынып жатқанына келсек, мен олардың бұл сусындарды шақтап ішетінін айтар едім. Ал біздің балаларымыз оны ұлттық сусынындай сораптап ішіп жатады. Мәселен, Кока-кола кока ағашының шырынынан жасалатын сусын. Ал сол кока ағашынан не жасалатынын білесіз бе? Мен сізге айтайын, кокаин жасалады. Зиянын шамаласын деп айтып отырғаным ғой. Сондай-ақ сусынды тәтті қылу үшін 30 пайыз қант қосады. Оның үстіне әкеліп газ қосады. Жалпы, сырттан келетін дүниеге секеммен қарау керек.
- Жақсы. Төрегелді аға, сөзіңізде балалар тағамы зауыты ашылғанын айтып өттіңіз, оған біз де куә болған едік. Бірақ бір зауыт бүкіл Қазақстанның қажеттілігін өтей алмасы белгілі. Ал ана мен бала тамағының дұрыс болмауынан аурушаң, дімкәс ұрпақ көбейіп кетті. Бұл өсу үстіндегі үрдіс. Балаларға арналған «малыш», «малютка» сияқты тағам түрлері Ресейден, Украинадан келіп жататынын бала күнде көріп қалдық. Қазір ол да жоқ. Балаларды аман сақтаудың тағы құандай жолдарын кеңес етесіз?
- Иә, бұл үлкен проблема. Ересек адам ішетін тағамды нәрестеге бере алмаймыз. Себебі іш құрылысы, асқазаны әлсіз. Осы ретте мен өзімізде «Балдырған», «Балбөбек» тағамдарын көптеп шығаруды қолға алатын кез жетті деп білемін. Ол үшін, әрине, Үкімет тарапынан мол қаржы бөлінуі керек. Мұны үлкен проблема деп отырғаным, қазақта туу аз емес, өлім көп. Өмірге келген әр мың баланың 27-сі шетінейді. Бұл халықтың демографиялық жағдайына қалай десек те, ықпал етпей қоймайды. Жасыратыны жоқ, қандастарымыздың арасында көп балалықты әйел денсаулығына зиян деп түсіндіргісі келетіндер де бар. Отбасын ғылыми жолмен жоспарлауды дұрыс санайтындар да жоқ емес. Жеке адамның құқына, еркіне қол сұғу деп осындайды айтар болар. Мұны ана мен баланы дұрыс қоректендіруден, сырқаттан емдеуден гөрі олардың өсіп-өнуіне тосқауыл қою демеске лажым жоқ. Мынаны қараңыз, жылына туатын 350 мың сәбидің 200 мыңы 2-3 айда-ақ емшектен шығып кетеді екен. Себеп қандай, себеп - мына жоқ-жітік заманда ананың баласына қарауға, күтім жасауға мұршасының келмейтіндігі. Бізде олардың туа салысымен баласын емізбей ақша табу үшін жұмысқа кірісіп кетуі дағдыға айналған. Бұл да баланың қоректік затына мемлекеттік тұрғыда ерекше көңіл бөлудің кезек күттірмейтіндігін көрсетеді. Мен өз басым 5-жасқа дейін емшек емген баламын. 80-ге келсем де, секеңдеп жүріп, алдыңда самбырлап сөйлеп отрыуым да - соның арқасы деп білемін. Қазақстанда шикізат мол. Бірақ оған тәубе деп отыруға болмайды. Өндірістен кейін өңдеу өнеркәсібі болу керек. Ресейде, мәселен, балалардың ас-су тауқыметімен айналысатын 35-тен астам зауыт бар. Бізде де сондай дәрежеде зауыттар, комбинаттар болуы керек. Біздің де сондай күйге жетуіміз керек.
- Әңгімеңізге рақмет, аға!