Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ұстаздың жарқын жолы өнеге


24 декабря 2020, 11:35 | 256 просмотров



Аягүл Төреқызы Миразова 15 желтоқсан 2020 жылы айтулы мереке қарсаңында, 72 – жасқа толды.  Республикалық ұстаздарға арналған  «Білім шапағаты» газеті арқылы оқырмандарға ойымды айтқым келеді. Ауыл мектебінен басталып 48 жылғы ұстаздық – басқарушылық іс – тәжірибесінің арқасында, Қазақстан Республикасындағы ұстаздардың - ұстазын  атап көрсету – оның педагогтық тұлғасын сомдай түседі. А.Төреқызы туралы  2009 – 2013 жыл аралығында, 14 энциклопедиялар мен кітаптар жазылған. А.Төреқызы «Мен үшін басты бақыт – оқушы қуанышы, ата – аналардың алғысы,  ұстаз еңбегінің өтелуі» дейді.  Әр жылдары 300 – ге жуық педагогикалық, оқу – тәрбиелік, қоғамдық – көпшілік тақырыптарда газет – журналдарда мақалалары  жарияланады. Еліміздің даму жетістіктері, педагогикалық инновациялық оқу технологиясын қолдану, оқушылардың оқу және тәрбие белсенділіктерін арттыру, ата – анарлармен ынтымақтастықты көздейді. А.Төреқызы қала, ауыл, аудан, облыс,  республикадағы ұстаздармен педагогикалық іс – тәжірибесімен бөлісіп, үйретіп  отыратын мейірімді – қайырымды  ұстаз- ана.

Қазақстанның Еңбек Ері көрнекті педагог – ұстаз  «Алтын жұлдыз», ерекшелік белгісінің және «Отан» орденінің, Ы.Алтынсарин, «Дарын» медалінің иегері, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі»,  Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі, Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Семей қаласы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің құрметті профессоры 1991 жылдың тамыз айынанда ел тәуелсіздігімен бірге ашылған Ы. Алтынсарин атындағы № 159 мектеп-гимназиясында 25 жыл директор қызметін атқарған, 2000-2001 оқу жылында Республика бойынша «Ең таңдаулы мектеп» байқауында Бас жүлдегер атанса, 2011 жылы екінші рет республикалық конкурсында «Ең таңдаулы мектеп» атағымен бірге Гран-При иеленіп үздік атанды. Кейінгі 10 жылда гимназияның 58 түлегі «Алтын белгіге» бітірсе, 35 шәкірті мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде білім алды. 2008-2009 жылдардағы КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабына енген. Өнертапқыштық патент иесі. Көптеген тарихи-педагогикалық энциклопедиялық кітаптарда өмірбаяндық мәліметтері баяндалған. Екі өлеңдер жинағының деректі лирикалық қаһарманы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев бірінші рет ұстаз еңбегін ұлықтап, «Қазақстанның Еңбек Ері»,   «Алтын жұлдыз», «Отан» орденімен  2008 жылы Аягүл Төреқызы Миразованы марапаттады. Алматы қаласындағы директорлар кеңесінің төрайымы,   Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер. Алматы қаласы, Жамбыл облысы, Жуалы ауданының «Құрметті азаматы» Миразова  Аягүл Төреқызының 15-ші желтоқсан 2018 жылы 70 жасқа толған мерейтойын оқу министрінің қолдауымен ұстаздық өмірінің мәні, жемісі мен жеңісі – жас ұрпақ тәрбиелеудегі 46 жылғы озық тәжірибесі  республика деңгейінде Қазақстан Республикасымен бірге шет мемлекеттерге де  танымал ұстаз- ананы құрметтейтін ел басқарған танымал  азаматтармен бірге қазақстандық әріптес ұстаздар, білім алған  шәкірттерінің  қолдауымен республикалық  танымдық жиын өтті.

Жалпы білім беретін мектептердің қазіргі даму ұмтылысын сондай-ақ мектеп басқару өнерінің үрдістеріндегі идеологиялық, әдістемелік негіздер , этнопедагогикалық,  дәстүрлі  педагогика және қазіргі педагогика үлгілерінің негізін  қалаған ұстаздардың ұстазы. Геометрия оқулықтары мен есептер жинақтарының және дидактикалық материалдардың  7, 8, 9-сыныптарға жазылған оқулықтардың авторы.

Ол басшылық еткен мектеп 1991-1992 оқу жылында қазақ мектебі болып ашылса, 1992 жылы мектепке ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. 1992 жылы «Пилоттық мектеп» бағдарламасымен информатиканы оқыту басталды, 1996 жылы республикалық және Алматы қаласы әкімінің педагогикалық ұжымдары конкурсының жеңімпазы болды. 1998-2007 жылдары аралығында «Алтын белгі» иегері - 56 оқушы, «Ерекше аттестат» -126 оқушы, жекеленген пәндер бойынша 255 оқушы грамотаны иеленді. Мектеп түлектерінің 99 % жоғарғы оқу орнының студенті атанды. Аудандық олимпиядадан - 80 оқушы, республикалық олимпиядадан - 52 оқушы, республикалық конференциядан 11 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Конкурс байқаулары, көрмелер жеңімпаздары - 186 оқушы, спорт жарыстарынан жүлделі орындарға ие болған оқушылар саны-355. Гимназия түлектерінің 35-і Президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша жолдамаға ие болды.

А.Төреқызы басқарып отырған №159 көпсалалы гимназия – ақыл – ойдың сарқылмас қазынасы, ұлттық өнеге, тәлімінің үлгісі. Аталған мектеп ХХІ ғасырдың ұлттық қазақ мектебінің моделі деуге болады.  Үш жүздей  публицистикалық-педагогикалық мақалалардың, сұхбаттардың,   ойтолғаулардың, теле және радиопікірлердің авторы. А.Төреқызы басқаратын мектеп Республикалық педагогтар мен мектеп басшыларының біліктілігін жетілдіру институтының тірек мектебі болды. Еліміздің барлық облыстары мен аудандарынан келетін мектеп басшылары, пән бірлестіктерінің жетекшілері, мектеп мұғалімдеріне осы арналған  гимназияда күрделі  мәселелерге арналған семинарлар, небір үлгілі сабақтар өткізіліп республикаға таратылды. А.Төреқызының басқару ісінің білгірі, шебер мұғалімділігімен қатар шынайы адамгершілік әдебі елді өзіне еріксіз тартып тұрады.Қазақ еліндегі ұстаздардың ұстазы жаратылысы бөлек ибалы жанның бірі,  Аягүл – ұлттың тілін, мәдениетін, ділін, ұлттық болмысын жетілдіруге аянбай тер төгіп жүрген қазақтың дана қызы.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек аулында 65 жылдан аса тарихы бар политехникалық колледжде  істеген әкемді мақтан тұтамын. Аудан, облысқа танымал ардагер ұстаз Әсет Көшербайұлы әкемнің  2017 жылы арнайы шақыруымен Шелек аулындағы колледжде өткен  кездесуде Аягүл Төреқызы сыйға берген  605 беттік «Алтын жұлдызды ұстаз» кітабын екі рет оқып шықтым. Аягүл апай туралы өз ойларын кітапқа жазған өзімен бірге институтта оқыған студенттік өмірді бірге өткізген достары, бір мектепте жұмыс істеген ұстаздар, қоғам және мемлекет қайраткерлері – бақ  та, бақыт та, қонған ұлы ұстаз деп бағалайды.

Қорыта айтқанда, «Алты алаштың басы қосылса төр ұстаздікі» деп   А. Байтұрсынов айтқандай меніңде әке – шешем ұстаз болғандықтан, менде ұстаз мамандығын жақсы көріп таңдадым. Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйдібек би аулындағы 130 дан аса ұстазы, 1500 оқушысы бар Н.Островский орта мектебіне бірінші қыркүйектен жұмысқа қабылданған жас ұстазбын. Білікті басшы, тәлімгер ұстаздардың мен сияқты жас ұстаздарға үйретері, олардан біздің үйренеріміз көп. А.Төреқызын  республикада бірінші болып «Алтын жұлдызды» ғалым – ұстаз, білім беру саласына еңбегі сінген қайраткер – деп Қазақстан халқы құрметтейді. Сізді өзім істейтін аудандағы ауыл мектебіне арнайы кездесуге шақырып, мектеп директоры бастаған ұстаз, оқушылармен бірге көріп сұхбаттасқым келеді.  Қазақ елінің осындай парасатты, кемел тұлғалы республикадағы ұстаздардың - ұстазы Аягүл Төреқызына денсаулық пен бақыт тілеймін!

Автор:
Майгул Сатымбай, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Н.Островский орта мектебінің Бәйдібек би ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы.