Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханада нәрестелер бөлімі ашылды


22 декабря 2020, 11:10 | 516 просмотров



Алматы көпсалалы клиникалық ауруханада жыл сайын дүниеге келетін балалардың 55 пайыздан астамы түрлі патологиямен туылады. Осы уақытқа дейін аталған аурухана қосымша тексеруді қажет ететін немесе күтімге мұқтаж балаларды облыстық және республикалық деңгейдегі балалар стационарларына ауыстыруға мәжбүр болатын.

Бүгін  ауруханада жаңа туған нәрестелер патологиясы және шала туған балаларды күту бөлімшесі ашылды. Ашылу рәсіміне Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрайымы Боранбаева Риза Зұлқарнайқызы қатысты. Бұл бөлім қажетті жабдықтармен, білікті кадрлармен қамтамасыз етілген.

Ауру нәрестелер мен шала туған балаларға медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын ескере отырып, бөлімшені басқаруға Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің неонатология кафедрасының меңгерушісі, доцент, медицина ғылымдарының кандидаты Жұбанышева Қарлығаш Біржанқызы шақырылды. Ол неонатологияда көп жылдық жұмыс тәжірибесі бар, ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында неонатальды реанимация және шала туған балаларға күтім жасау бөлімшелерінің ашылуының бастауында болды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде неонатология бойынша штаттан тыс кеңесші.

Бөлімшені ашу Алматы облысында неонаталдық орталықты қалыптастыруға, неонаталдық хирургия, Кардиохирургия және басқа да бейінді бөлімшелерді ашуға жасалған алғашқы қадам.

Айта кету керек, өңірдегі аналар мен балалардың денсаулығын қорғау мәселесі облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың тұрақты бақылауында. Ағымдағы жылы Амандық Ғаббасұлының тапсырмасы бойынша ауруханаға жасанды желдету аппараттары, виброакустикалық аппарат, тіршілік функцияларының мониторлары және басқа да жабдықтар қойылды.

Осылайша, шұғыл медициналық көмекке немесе күтімге мұқтаж балаларға "осында және қазір"қағидаты бойынша қолжетімді жоғары білікті медициналық көмек қамтамасыз етіледі. Бұл жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға және өңірдегі нәрестелер мен перинаталдық өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік береді.

ШЖҚ "Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы" МКК Алматы облысының тұрғындарына және еліміздің басқа аймақтарына жоғары технологиялық медициналық қызметтер, мамандандырылған және білікті медициналық көмек көрсететін облыстық деңгейдегі көп салалы аурухана.

Сондай-ақ аналар мен балаларға перинаталдық көмекті өңірлендірудің III деңгейіне сәйкес келетін медициналық көмек көрсетіледі, яғни жүктіліктің асқынған ағымы немесе ауыр экстрагениталдық патологиясы бар жүкті әйелдер  ауруханаға емделуге және босандыруға жатқызылады. Осылайша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған перинаталды көмекті аймақтандырудың "бала қажетті көмек көрсетілетін жерде туылуы керек...". негізгі қағидаты жүзеге асырылды.

Автор:
Алматы облысы бойынша денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі