Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТЫЙЫМ - ТӘЛІМ-ТӘРБИЕ КӨЗІ


5 ноября 2010, 22:09 | 4 306 просмотров


Нан мен тұздың қатарынан орын алатын сүт тағамдары, қазақтың ақты қатты қадірлейтіні жайлы не білеміз? «Су - тіршіліктің көзі» деп жатамыз. Десе де, «суға түкірме», «қоқыс тастама» деген сияқты тыйым сөздерге мән береміз бе? «Отты аттама» деген сөз нені білдіреді? Бүгінгі әңгімеміздің арқауы да осы жайлы болмақ...

АҒАРҒАННЫҢ ҚАСИЕТІ ЖАЙЫНДА

Қазақтың тыйым сөзі - ұлттық тәрбие көзі, яғни қазақ кішкентай кезінен жақсылыққа үйір, жаман әдеттерден аулақ болсын деп тыйым арқылы баласын тәрбиелеп отырғанын біз өткен жолы да айттық. Халқымыздың қанына сіңген тектілігі, адамгершілігінің жоғары болуы, әртүрлі келеңсіз көріністерден, әбес қылықтардан аулақ болғаны осы қазақтың тыйымының арқасы, яғни бала бойына ертеден сіңіргеннен. Құдайға шүкір, біз сол ата-әжелеріміздің тыйымымен өстік. Үлкендер бізге обал-сауапты кішкентайымыздан құлағымызға сіңірді. Біз өткен жолы нан мен тұзға қатысты, өзіміз қасиеттейтін дастарқан жайлы айтып өттік. Ендігі әңгіме ағарған жайлы болмақ. Біздің халық нан мен тұздың қатарына ағарғанды жатқызады, өйткені ақты да қатты қадірлеген. Айталық, «ақты баспа» дейді. Ақ дегеніміз не? Бұл - сүт, айран, қатық, қымыз, шұбат... Осының барлығы ақтың құрамына кіреді. Өйткені ол - сүт. Мал өзінің төлін алғашқыда сүтімен асырайды. Адам баласы анасының сүтімен жетілетін болса, малдың төлі де - сол, өзінің енесінің ақ сүтімен жетіледі. Мал да өзінің ұрпағын сүтімен өсіреді. Оның үстіне біздің қазақ төрт түлік малдың қадірін жан-жақты білген, өзінің өміріне тірек еткен. Қазақ - малды көп ұстаған халық. Ақтың қадірін, өзгелерге қарағанда, дәл қазақ хал-қындай жақсы білетін әрі қадірлейтін халық кемде-кем шығар... «Ақты баспа», «ақты төкпе» деп жатамыз.

Өйткені төгілген ақты баспау керектігін мал желінінің ісіп кететіндігімен түсіндіреді. Алғаш найзағай ойнағанда, көктемнің алғаш-

қы жауыны жауған кезде киіз үйдің босағасына, керегелерінің басына ырымдап ақ жағады. Көктен жаудырсын, жерден өндірсін, ақ мол болсын, береке болсын деген ізгі тілек жатыр мұның астарында. Қазақ ұғымындағы ақ атаулы - азықтық тамақ қана емес, ол шынымен қаншама төлді өсіріп отырған қасиетті сүт қой. Сондықтан ананың ақ сүтін ардақтай білетін қазақ халқы малдың сүтін де қадірлеген. Қазақта «ақ» сөзімен тығыз байланысты ұғым өте көп. «Ақ жаулықты ана», «ақ сақалды қарт», «ақ сүт», «ақ неке» дегендей, ақ сөзімен байланысқан ұғымы терең сөздер тазалықты, пәктікті айғақтайды. Жылан екеш жыланға да көңіліміздің түзулігін білдіріп, жамандық жасамай, басына ақ тамызып шығарып жібереміз. Қазақ ешқашан үйге кірген жыланды өлтірмейді. Өйткені жылан өздігінен, қарнын тойғызу үшін адамды шақпайды, тиіп кеткенде өзін қорғау үшін шағады. Ата марқұм: «Енді оның тебетін аяғы, ұратын қолы жоқ, тым болмаса әкеден бастап сықпыртып боқтайтын тілі де жоқ, жыланның жаратылысы солай, шақпағанда қайтеді...», - дейтін еді. Алла тағала тектен-тек ештеңені жаратпаған. Қазақта «жатқан жыланның құйрығын баспа» деген сөздің өзі біраз жайды аңғартпай ма?! Тіпті адам таңғаларлық, қазақтың әрбір мақалының өзінде ұлттық тәлім-тәрбиенің көзі жатыр деуге болады. Түсінген адамға тіпті қазақтың әрбір сөзінің өзі - ұрпағына қалдырған үлкен қазынасы. Өкініштісі, оның мағынасына терең бойламаймыз. Бүгінде көшеде төгіліп қалған сүтке мән бермейміз, шалпылдатып басып бара жатқандарды да көреміз. Бұл да - ұлттық сананың, ұлттық психологияның сұйылып бара жатқандығы...

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Дүниенің төрт негізі болып табылатын от, топырақ, су, ауаға байланысты да тыйым сөздер өте көп. Осы төрт негіз болмаса, әлем жаратылмас еді. Өйткені оларсыз тіршілік жоқ. Сондықтан олар - киелі. Су - Алла тағаланың жан иесіне жасаған сыйы. Ауылдың балалары суға қатысты, мысалы, «суға түкірме», «суға дәрет сындырма», «суға қоқыс төкпе» деген сияқты тыйым сөздерді жадынан шығармауға тырысады. Айталық, күні бүгінге дейін ауыл балалары суға шомылып жүріп жеңілдегісі келгенде судан шығып, қажетін өтейді. Қалай десек те, ауыл балаларының аталары мен әжелері айтқан тыйым сөзге мән беріп, үлкендердің айтқандарын екі етпеуге бейім болып өсетіні анық. Ала-құла неше түрлі ұлттың басы қосылған қаланың балаларында ондай әдет жоқ. Қаланың ортасындағы Сайран көлін мысалға алсақ, біріншіден, соның айналасында адамдардың қажетін өтейтін жер жоқ, салынбаған. Екіншіден, сол жерден шығып былайырақ барып қажетін өтейтін баланы көрмейсіз.

Өйткені олар жастайынан суға қатысты тыйымдарды естімеген, білмейді. Сайран көлінің қайта-қайта ластанып, шомылуға жарамсыз болып, жабылып жататыны осы себептен. Мұны аңғарып жатқан ешкім жоқ. Біздің жасымыздағы адамдардың кішкентайынан осындай тыйымды құлағымызға құйып, санамызға сіңіргендіктен, суға түкіру, суға қоқыс төгу, суға дәрет сындыру деген сияқты жаман әдеттерден аулақ болып өстік. Бала кезімізден бұлақтың көзін тазалауды парыз деп білдік. Әсіресе, наурыз кезінде. Ата-әжелеріміз: «Бұлақтың көзін ашу - Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жан-жануарлар тоқ болады, олар тоқ болса, бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау-бұлақтардың көзін ашқандарың - өмір-тіршіліктің де көзін ашқандарың», - дейтін еді. Осыны естігенде тіршіліктің тірегі бізге қарап тұрғандай қанаттанып, бірде-біріміз қалмай, бұлақтар мен тұнбалардың көзін ашып, су ағатын жылғалардың жолын тазалауға кетуші ек. Бұл - біз үшін өзінше бір ғажайып серуен секілді еді әрі табиғатты аялаудың, қорғаудың талғамы мол тамаша үлгісі, халық өнегесі болатын. Қазақта «судың да сұрауы бар» деген мақал бар. Түсіне білген адам мұның астарында үлкен мән жатқанын біледі.

ОТТАЙ ОПАЛЫ БОЛ

Жиі айтылатын тыйым сөздеріміздің отқа қатыстысы да баршылық. Айталық, «отты аттама», «ошақты аттама» дейді. Өйткені қазақ үшін от та қасиетті. Қазақтың отты қа-дірлегені соншалық, «менің үйім» деп айтпайды, «от жаққан жерім», «отымның басы» дейді. Қазақтың қандай керемет сөзі десеңізші! «Жанұя» дегенді кімнің шығарып жүргенін білмеймін, таралып кетті, жанның ұясының қайда екенін кім біліпті?! Жанұя деген не ол? Ал «отбасым», «отымның басы», «түтін түтеткен үйім» деген қандай әдемі сөздер! Қазақта киіз үйдің ортасына жаққан отының орнын көшкен кезде көміп тастайтын болған. От жаққан жерде қаншама ас әзірленді, ол астан қаншама адамдар дәм татып, нәр алды. Оттан қалған күлді де баспайтын қазақ сондықтан от жаққан, қазан асылған жерін көміп отырған. Даладағы жер ошақтарын ешқашан сол күйі қалдырмай, бітеп кеткен. Бір жағынан, атпен жүретін қазақ атының аяғы абайламай ошаққа түсіп кетіп, мерт болудан да сақтанған.

Бұл да - біздің халқымыздың тектілігі. Бізде «оты өшті...» деген сөз бар, яғни бір үйде бас көтерер адамы, шаңыраққа ие болатын адам қалмағанда айтылған. Баяғыда жау шапқан кезде алдымен шаңырағын ортасына түсіріп, отын өшіріп, күлін шашатын болған. Бұл - жаудың тірлігі. Сондықтан ылғи да жақсылыққа жаны құмар халқымыз «күлді шашпа», «отты өшірме» деген тыйым сөздерді айтып отырған. Қазақта «күлі шашылып қалды» деген сөз жақсылықта айтылмаған. Бала кішкентай кезінде күлді шашып ойнауы мүмкін. Бала - періште, күнәсіз. Бала - таза, пәк, ал оттың күлі де өте таза ғой, сондықтан кей жағдайда «күлшашары бар» деп бала мен күл тазалығын біріктіріп, айтып жатады. Басқа ұлттарда оттың үстінен секіріп ойнап жататын көрініс бар. Оларда біздегідей тыйым жоқ. Ол - халықтың қалыптасқан өзінің дәстүр-салты. Әр халықтың өзінің сонау ғасырлардан жеткен ырым-тыйымдары, әдет-ғұрыптары үлкен күшке, энергетикалық жолға айналып кеткенін үнемі айтып келемін.

Автор:
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ