Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Халықтық медицинаның мерейі


14 августа 2009, 04:32 | 2 399 просмотров


Әрбір халықтың бағзы заманнан ауру - сырқауға қарсы қолданатын өмірден көріп – біліп, жинақтаған тәжірибеге толы өз медицинасы болғаны тарихтан мәлім. Соның бір дәлелін, қазақ халқының ауру сырқауларды наным – сенім, пайымдау болжамдармен ем дом жасап, жазатын іс әрекеттерінен айқын көруге болады.

Рас, оқу білімі ертеден дамыған Қытай, Үнді және Тибет халықтарының медицинасындай аса қарқынмен өсіп, бүкіл ел игілігіне қызмет етпегенімен, қазақтың да ертеден тұқым қуалаушылықпен бабадан атаға, атадан балаға дарып, сабақтастықпен жалғасып келе жатқан иелік қасиетке байланысты өзіндік халықтық медицинасының болғаны шындық.

Қазақ емшілерінің түрлі ауруларды емдеудегі тәжірибелері мен әдіс – тәсілдерінің ауқымының кеңіп, басқа халықтардікімен ұқсас болуы Ұлы Жібек жолымен батыстан шығысқа, шығыстан батысқа керуен арқылы тасылған дәрі – дәрмектердің қазақтың кең сахарасын басып өтіп, революцияға дейін қазақ даласында ашылып, жұмыс істеген халықаралық жәрмеңкелерде жұқпалы індеттердің көптеп тарап кетпеуі үшін оның алдын алу, медициналық түрлі емдеу сауықтыру шараларын жүргізудің қатаң жауапкершілікпен атқарылуына да байланысты болса керек. Сондай - ақ қазақ еліне әр жылдары келіп кетіп жүретін саяхатшылар мен ғалымдардың осы Жетісу өңіріндегі емдік қасиеті бар шипалы өсімдіктердің тамырлары мен гүлдерін жергілікті тұрғындардың емге қалай пайдаланғандарын көріп біліп үйренгендіктерінен де ұқсас болар.

Қазақ халқында ауруларды әртүрлі әдіс тәсілмен емдейтін өзіндік тәжірибесі мол емшілер ертеде де болған және қазір де бар. Атап айтқанда, олар бақсы – балгерлер, тәуіп, көріпкел, жұлдызшы, жауырыншы, тамыршы, кітап ашушы, сынықшы, сиқыршы, беймәлім құбылысұа сеніп емдеуші, құмалақшы, қуат өрісімен, дұғамен емдейтін тағы басқалар. Бірақ, осы емші атаулының бәрі бірдей дарынды, шипагерлік қасиеті мол, керемет емес. Олардың ішінде қарабайыр, ақша, мал тауып, күн көріс қамымен біреулерден көріп – білгендерін қолданып, елді алдап – арбап, көзбояушылыққа салынатын емшісымақтар да бар. Олардың көбісі бұрын да болған, қазір де базар төңірегін жағалап, қарта ашып, құмалақ салып отырады.

Адамдар бойындағы кеселді кәсіпкерлікпен дөп басып айтып, не тамырын ұстап біліп, қажетті ем қолданып, науқастың құлан таза айығып кетуіне тікелей көмектесетін атағы алысқа кеткен, аса дарынды тәуіптер мен бақсы, әулиелердің де бұрын болғанын және сирек болса да бүгін де кездесетінін ашып айтқан лазым. Олар халықты емдеуге, дертке дауа, жанға шипа болатын төрт түлік малдың, аң мен құстың өнімдерін, жер бетіндегі мыңдаған өсімдіктер мен алуан түрлі тастарды, ағаштардың жемістері мен жапырағын, өзен, бұлақ, суларын, балшықтар мен сорларын, жәндіктер мен олардың уын, қанын, қанатын, ұясын пайдаланған.

Бірақ, емшілікті кез келген адам өз бетінше меңгеріп, халық игілігі үшін жаратып, пайдалана білмеген. Ол тек тұқым қуып, қасиетті дарынмен қонатын болған. Солай дегенмен де қараүзген емшінің ұрпағы бабасының, немесе атасының сырқаттың қай түрін қандай затпен және қалай, емдеп жазатынын көріп – біліп, сол өнегені іске асыру арқылы өз тәжірибесін молықтырып отырған. Оның үстіне дарындық қасиет емшілікпен айналысатын сол адам ұрпағының бәріне бірдей емес, тек біреуіне ғана қонып, даритын болған.

«Жәрдем» газеті бұдан былайғы сандарында Жетісу өңірінен шыққан халық медицинасына өзіндік баға жетпесеңбек сіңірген адамдар жайында аңыз – естеліктер жазатын болады. Бұл деректер негізінен «Баршаға бақыт сыйлаған» атты кітаптан алынбақ. Құрметті оқырман, өздеріңіз білетін, естіген емшілер жайында нақты деректеріңіз болса, «Жәрдем» газеті редакциясына хабарласуларыңызға болады.