8 декабря 2020, 11:26 | 470 просмотров
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансенгіров денсаулық сақтау саласындағы құрылыс жұмыстары бойынша онлайн режимде жиын өткізді. Өз сөзінде ол өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
Айталық, жергілікті бюджеттен 7 нысанның құрылысына 1 миллиард 216,9 миллион теңге бөлінген. Оның алтауының құрылысы аяқталып, келесі жылы біреуінікі бітпек. Қазіргі уақытта 887,0 миллион теңге игерілді.
– “Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы аясында 10 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 3 миллиард 198,8 миллион теңге бөлінді. Бүгігде 1 миллиард 472,2 миллион теңге игерілді. 5 денсаулық сақтау мекемесіне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Арман Серікұлы. Сонымен қатар «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 2 нысанға 1 миллиард 187,4 миллион теңге жөндеу жүріп жатқанын айтты.
Жиында жалпы сомасы 8,9 миллиард теңгені құрайтын 11 нысанды күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалау-сметалық құжаты әзірленіп жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ, келесі жылы 4 нысанды салу жоспарлануда.