Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

"Шектеулі" деген шектеу емес


19 ноября 2020, 05:48 | 92 просмотра



Қоғам болғасын бәрі болады. Мінсіз қоғам түзілген емес. Сол азаматтық институттың ажырамас бөлшегі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Мемлекет те олардың қоғамнан тыс қалмауын жіті қадағалап келеді. Елбасы бір сөзінде мүгедектер үшін еліміздің кедергісіз аймаққа айналуы тиістігін айтқан. Сол мүмкіндікті олар да пайдалануда. Қазір оқшау қалған мүгедек жоқ, бірі – оқиды, бірі – кәсіппен шұғылданады, енді бірі – жұмыс істейді. Дені сау адамдармен иін тіресіп қарекет етуде. Әрине, оларды қоғам өміріне етене тартып, жан-жақты қолдау білдіру қажет.

Бүгін Алматы облысы "Nur Otan" партиясы Қаратал аудандық филиалы жанындағы қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Алмас Байғонысов онлайн негізде жиын өткізді. Жиында мүгедек жандардың өмір сүруіне қолайлы орта түзу, оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау білдіру жайы талқыланды. Мәселен, мүгедектердің мемлекеттік және жеке мекемелердің ғимаратына кіру үшін пандус болуы тиіс. Әрине, мемлекеттік мекемелер бұл мәселені түбегейлі шешкен. Есесіне, жеке нысандарда пандусты стандартқа сәйкес қою жайы әлі де мәселелі. Жиында қозғалған тақырыптардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіппен айналысуына жол ашу. Өңірде дене мүкістігі болса да, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер бар. Олар мемлекеттік бағдарламалардан қағажу көріп жатқан жоқ. Әрине, оларды одан әрі қолдау аясын кеңейту керек. Мұнан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандарды мамандыққа баулу, қайта даярлау да оларды қанаттандырады. Қозғалған тақырыптардың ішінде – мүгедектерді тасымалдайтын қоғамдық көлік, яғни инватакси мәселесі. Бұл ретте де шешілуі тиіс жайттар бар.

- Мүгедектерді қолдау - мемлекет назарынан тыс қалған емес. Оларды қоғам өмірінен алшақтатпай, қайта дене мүкістігіне қарамай өмір сүруге құштарлығын оятуымыз керек. Әрине, мүмкіндігі шектеулігіне қарамай кәсіппен айналысып жүрген, білім алып, ізденіп жүрген, жұмыс істеп отбасын асырап жүрген жандар бар. Олардың өмірі талайға үлгі. Алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау күн тәртібінен түспейді, - деді Nur Otan" партиясы Қаратал аудандық филиалы жанындағы қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Алмас Байгунысов.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өмірінен алшақтатпау – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Нәтижесінде «шектеулі» деген шектеу болмауы тиіс.

Автор:
«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі