Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕН АСҚА ӨТЕ ТАЛҒАММЕН ҚАРАЙТЫН АДАММЫН


29 октября 2010, 20:11 | 2 759 просмотров



- Төрегелді аға, 80 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Танымал журналист Сауытбек Әбдірахмановқа берген сұхбатыңызда, «Менің биологиялық жасым 50-ге жеткен жоқ» деп едіңіз, жүріс-тұрысыңызға қарап, біз жиырма бесті ғана беріп отырмыз. Аға, сұхбатымызды өзіңіз қазақ медицинасындағы «нөмірі бірінші» деп атайтын тағамтану, тамақтану мәселелеріне арнағымыз келіп отыр. Халқымыз мұны «ауру - астан» деп екі ауыз сөзге сыйдырған. Сіз таратып айтсаңыз...

- Иә, дәл өзі, «Ауру - астан». Ата-бабаларымыз дәл білген. Қазақтың тұтынған тағамдарының бәрі қуатты, құнарлы, дәмді әрі ауруға ем болған. Қымызды алыңыз, шұбатты алыңыз, мың сан ауруға ем. Ет-жүрек, қан тамырлары аурулары дейсіз бе, ішек пен асқазанның қабынуы, атеросклероз, әйтеуір айта берсең, тізбектеліп кете береді. Оны тізбелемей-ақ қоялық, бастысы, ата-бабаларымыз өздеріне қажетті әрі пайдалы тағамдарды тұтынып отырған. Олардың ауру-сырқаулардан ада болуының басты себебі - осы. Тамағың дұрыс болса, ауру да сенен аулақ жүреді. Қазақ оны жақсы білген. Жаңа айтып отырсың ғой, «ауру - астан» деп. Сол сияқты, қазақта «Сиыр еті таң сарғайып атқанша, қойдың еті ертеңгі түн батқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша» деген де сөз бар. Бұл нені меңзейді? Халқымыз соғымға жылқы сойып отырған, жылқы етін астың төресі санаған. Өйткені жаңағы сөзде айтылғандай, жылқы еті тез қорытылып кетеді, асқазанға ауырлық келтірмейді. Себебі оның құрамында холестерин атымен жоқ. Мүлде жоқ. Қазақтың «ет - етке, сорпа - бетке» дейтіні осы жылқы етіне қатысты айтылған. Ет - өте құнарлы тамақ. Бірақ ет - ем екен деп оны шамадан тыс көп жей беруге болмайды. Рас, ет - ата-бабамыздың жеңсік, негізгі асы болған. Өйткені олар күні-түні аттан түспеген, мал соңында жүрген. Демек, олар үшін қуат көзі - құнарлы қорек керек болды, ал қазіргі заманда біз үшін ондай аса құнарлы тамақтың қажеті жоқ деп есептеймін. Өйткені адамның тұтынатын тамағы, яғни ішетін асы оның жұмсайтын энергиясымен сәйкесу керек. Ал біз күн сайын соншалықты энергия жұмсап жатырмыз деп айта алмаймын. Әсіресе, көлікпен қозғалып, кеңседе жұмыс жасайтын қалалықтар. Рас, қонақжайлылық жақсы, бірақ бес адамға бір қазан ет асып, ысырап жасайтынымыз тағы бар. Той иесі қонаққа ақжарқын көңілін білдіргісі келеді, бір табақ қып ортаға ең майлы деген етін тартады. «Ортақ табаққа жаппай қол салып, ет жегеннен жеке-жеке тәрелкеге салып жеген жақсы» десем, тағы сынға аласыңдар. Бірақ бұл жеке бас тазалығы, біреудің ауруы біреуге жұқпасын деп айтып отырғанымыз ғой. Қазақтың көңілі бір осыдан көрінбейді емес пе? Мен қазаққа «ет жеме» деп ешқашан айтпаймын. Әңгіме, майлы тамаққа үйір болмау, артық жеуден сақтану жөнінде болып отыр...

- Дұрыс қой аға, халыққа қажеттісін айтып отырсыз. Ал сондағы халқымыздың бүгінгі тамақтану мәдениеті бұрынғымен салыстырғанда аса қатты өзгеріске ұшыраған ба?

- Бұрын қазақтардың өмір сүру ортасы, мәдениеті мүлде бөлек болатын. Қазіргідей, шаң мен газ басқан қалада тұрған жоқ, даланы, табиғат аясын мекен етті. Олар суыққа да, ыстыққа да шыдамды болады. Ол үшін, әрине, энергия қажет. Сол энергияның негізін олар етті, майлы тамақтан алып отырды. Бірақ үнемі қозғалыста жүретін олардың ағзасында бұл ауыр тамақтар тез қорытылып кететін. Отырықшылық мәдениетке көшумен бұл жағдайдың бәрі өзгерді. Қазақтығымызды сақтап қалдық дегенімізбен, мәдениетіміз үлкен өзгеріске ұшырады. Басқаша айтқанда, жаңа өмірге бейімделдік. Бірақ бұл өмір дәстүрі, яғни өмір сүру ортамыз энергияны аз жұмсауға негізделген екен. Біздің де қимыл-қозғалысымыз азайды, артық энергияны қажет етпейтін болдық. Бала күнімізде әжелеріміз «аталарың бір қойдың етін бір өзі жейтін, сен болсаң отырсың шұқып» деп ұрсатын. Соның сыры, міне, осында. Қаншалықты энергияны көп жұмсасаң, тәбетің соншалықты ашылады. Ағзаң энергияны қажет етеді. Сонымен, отырықшылыққа көшумен қазақ халқының тұтынатын тағамдары да өзгермей қалған жоқ. Әлбетте, бірден емес. Тамақ тұтынуымыз бұрынғыша қап, қимыл-қозғалыстың азаюынан семіздік дерті келді бірінші. Оның тигізетін зардабы тіпті көп. Қан тамырлары бітеліп қалады, қан қысымы жоғарылайды, қатерлі ісік, жүрек-қантамыр аурулары, қан диабеті көбейіп салды. Қазақ даласына семіздікпен бірге инфекциялы аурулар созылмалы сырқаттар да есік қағып келді. «Аталарымыз ауырмаған, біз неге сырқатқа үйірміз?» дейтін кейбіреулердің сауалының жауабы осы, міне. «Ата-бабамыз жеген ас» деп етті артығымен жеу, дәрумендердің жетіспеушілігіне әкеледі. Ол өз кезегінде ағзаның қорғаныс қабілетін әлсіретеді. Одан кейін, қымыз, құрт, ірімшік, май дегендер бүгінде жеңсік асқа ғана айналып кеткен. Тойларда, мерекелерде ауызға тимесе, күнделікті тұтынымда жоқ. Рас қой? Јйткені, бұрын әр үйде болған бұл тағамдар қазір қымбат. Сонымен, қолға түскенді талғажау етем дегендер де ауруға үйір болады. Нан мен шайға қанағат ететіндер көп. Бұл да дұрыс емес. Артық тамақтану, не аз ас ішу, жалпы дұрыс тамақтанбау - қоғамдағы аурулардың 60 пайызының негізгі себебі болып табылады. Мен дұрыс тамақтануды жолға қою арқылы сырқаттардың 60 пайызының алдын алуға болатынын айтып жүргеніме қай заман?..

- Отырықшылықпен бірге қазақ даласына нан да келді ғой...

- Иә, ол өз алдына бөлек сұрақ болсын. Көбіне біз бидай ұнынан жасалған тағамдарды тұтынамыз. Таңертеңгілік, түскі, кешкі асқа да қосатынымыз - нан. Бидай наны. Бірақ оның құрамында адам ағзасына қажеттті элементтер, қоректік заттар аз. Аз болғандықтан, ол адамның физикалық мүмкіндігіне де теріс әсерін тигізеді. Еңбек ету, ойлау қабілеті төмендейді, адам өзін әлсіз сезінеді. Менің байытылған не нәрлендірілген ұнды тұтынуымыз қажет деп дабылдатып жүретінім де осыдан. Ұнды байытып пайдалансақ, елімізде асқынып тұрған балалар өлімінің алдын алуға болар еді. Өйткені жаңа туған балалар өлімінің 20 пайызында себеп - қан аздығы болып отыр. Байытылған ұннан піскен нанды жеген ана арқылы балаға қажетті дәрумендер беріледі. Дүниеге келген баланың да физикалық және тіпті дамуы да қазіргідей тежелмес еді. Өйткені бала ағзасында керекті дәрумендердің жетіспеушілігінен ол оқуда да үлгере алмайды, миының жұмысы нашарлайды. Ақыр аяғы бойының өсуі тежеліп, еңбекке қабілеттілігі төмендейді.

- Онда неге ұнды байытып пайдаланбасқа? Әлде бұл экономикалық жағынан үлкен шығынды ма?

- Экономикаға зор шығын келтіреді деп айтуға болмас. Өйткені 1 тонна ұнды байытуға бар болғаны 1,16 доллар ғана қаражат жұмсалады. Есептей келсек, бір бөлке нан байытылғаннан кейін 7 тиынға ғана қымбаттайды екен. 7 теңге емес, 7 тиынға ғана. Бұл жерде біріншіден, ұн шығаратын комбинаттардың жеке бас мүдделері тұр. Олар үшін бұл шығынның өзі үлкен көрінеді. Бір тиынын да шашау шығарғылары жоқ. Қалтаның қамы халықтың қамынан жоғары тұр олар үшін. Олар ұнды оңай жолмен шығара салуға әбден үйреніп алған. Екіншіден, «ұнды міндетті түрде байыту Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне кедергі келтіреді-міс...». Бірақ бұл менің сөзім емес, қателесіп жүргендердің пікірі. Олар «ұнды байыту - тұтынушының құқығына қол сұғу» деп есептейді. Ал шындығында, ДСҰ-ға мүше отыздың үстіндегі мемлекеттің заңдар жинағында ұнды міндетті түрде байыту туралы да заң бар. Демек, бұл ешқандай да қол сұғушылық емес, қайта балалар өлімін азайтуға жасалған адам, аналар денсаулығын ойлаушылық, жалпы ел азаматтарының өмір жасын ұзартуға қосқан үлес болмақ. Бүгінде әлемнің 50-ден астам мемлекеті ұнды міндетті түрде байытуды жүзеге асырады. Ұнды микроэлементтермен байытсақ, тұзды йодпен байытсақ, кімнен кем боламыз?..

(Жалғасы бар)

Автор:
Нұрболат АМАНЖОЛ