Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

: ХҚО-лар қазақстандықтарды өз жұмысын бағалауды сұрайды


10 ноября 2020, 08:48 | 606 просмотров



«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы QR кодын пайдалана отырып, халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының сапасын бағалау жүйесін іске қосты. Келушілер оның көмегімен қызмет көрсету процесі, мәдениеті және бөлімнің инфрақұрылымы сияқты жайттар бойынша өз пікірлерін қалдыра алады. Бүгінде 500-ден астам азамат бұл тәсілді қолданып, халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің жұмыс сапасын бағалап үлгерді.

Еліміздегі 339 бөлімнің әрқайсысында келушілер QR коды орнатылған стендтерді таба алады. QR кодты оқып-танитын қосымшаны пайдалану арқылы клиенттер  смартфондағы сауалнама парағына бірден өтеді. Азаматтар онда оператордың жұмысына көңілі толғанын, қызметті алу ыңғайлы болған/болмағанын, қажет ақпаратты ала алғанын айтып бере алады. Сонымен қатар қызмет алушылар өздерінің тілек-пікірлерін фронт-офис фотосуретін немесе бейнесін жүктеу арқылы да білдіре алады.

Аталған кері байланыс келушілердің мемлекеттік корпорацияның қызметі туралы пікірін білу және олардың қанағаттану деңгейін анықтау үшін қажет. Сондай-ақ сауалнама нәтижелері бөлімдердегі кемшіліктерді анықтауға және оларды жедел жоюға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, сауалнама сұрақтарына мемлекеттік корпорациясының gov4c.kz ресми интернет-ресурсындағы «Кері байланыс» бөліміне өту арқылы да жауап беруге болады.

Автор:
"Азаматтарға арналған үкімет " мемлекеттік корпорациясы Алматы облысы