Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қатерлі дертке шалдыққан науқастарға емді психологтармен бірге жүргіземіз


2 ноября 2020, 09:31 | 263 просмотра



Халық арасында қатерлі дерттен емделу мүмкін емес деген қате ұғым қалыптасқан. Бірақ қатерлі дерт ерте анықталып, емді уақытында жүргізсе, денсаулыққа қауіп төндірмейді дейді онкомаммолог Мырзақұлова Алтынай Серікбайқызы.

Алматы аймақтық көпсалалы клиника дәрігерінің айтуынша, сүт безінің кез келген сатыдағы ісігі анықталған сәтте науқастарды үрей билейді. Кейбірі емдеуделуден бас тартады дейді. Сондай кезде науқастарға  жүргізілетін зерттеулердің оң, теріс жақтарын түсіндірумен қатар, ем жүргізу кезінде психологтың көмегіне жүгінетін кездері жиі болатынын айтады. Сонда қолданылған ем нәтижесін береді дейді Алтынай Серікбайқызы.

 -Сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдер арасында  омырауын толықтай алып тастайды ма деген сауалды жиі қояды. Алайда оларға әйелдердің эстетикалық сұлулығын, психологиялық жағдайын ескере отырып, сүт безі отасы кезінде пластикалық-реконструктивті оталар жасалынатынын түсіндіреміз,- дейді онкомаммолог.

Онкологиялық аурулар үздіксіз емді қажет етеді. Сондықтан аталған клиника мамандары карантин кезінде де жоғары талаппен жұмыс жасаған. Алыс аудандарда тұратын арнайы ем тағайындалған науқастарды клиника мамамандары жедел жәрдем көлігі арқылы клиникадан үйлеріне жеткізіп отырды. Сонымен қатар дәрігерлер науқастарға скайп арқылы кеңес беріп отырады.    

Онкомаммологтың айтуынша, дәрігерлік мамандықты таңдауына анасының сырқаты себеп болған.

- Дәрігер болу менің бала күнгі арманым болатын. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде анамның сүт безінде түйін пайда болып, ота жасатқан болатын. Ота сәтті шықты. Бірақ сол кезде қайтсем де дәрігер боламын деп шештім. Мектеп бітірген соң С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетіне түсіп,  жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алдым. 2016 жылы Резидентура бөлімінде онкология мамандығы бойынша білім алдым.  Ал алматы аймақтық көпсалалы клиникаға келуіме онкология кафедрасында қызмет атқаратын жетекші, мені АЕБ меңгерушісі Жунусова Меруерт Мықтыбайқызы себепші болды. Қызмет барысында әр түрлі жастағы науқастарды көріп, дерттеріне араша түсіп, емделіп шығуына көмегім тиген сайын  жұмысыма деген құлшынысым арта түсті. Өйткені әйел – ана, бір шаңырақтың берекесі, қамқоршысы, - дейді Алтынай Мырзақұлова.

 

  Статистикалық мәліметке сүйенсек, әйелдер арасындағы сүт безінің қатерлі ісігі 1 орында тұр. Алматы облысының оңтүстік өңірі бойынша биылғы жылы сүт безі қатерлі ісігіне 180 әйел шалдыққан. Оның ішінде 49-ы аурудың 1 сатысында анықталып отыр.  

   Маманның айтуынша, сүт безінің қатерлі ісігінің алғашқы сатысында ауру белгілері байқала бермейді. Сондықтан сүт безінің қатерлі ісігінің ерте анықтау үшін 40 – 70 жас аралығындағы әйелдер 2 жылда бір рет скрининг бағдарламасы бойынша тексерістен тегін өту қажет. Скрининг кезінде сүт безін зерттеудегі «алтын стандарт» болып саналатын рентген аппарат маммография қолданылады. 

  • Маммография арқылы қатерлі ісіктің ең ерте сатысын анықтауға болады.
  • Көрсеткіш болған жағдайда маммографияны 40 жасқа дейінгі әйелдерге, босанбаған әйелдерге, емгізетін айелдерге өтуге болады.
  • Маммографиядан сәуле (радиация) алу өте төмен!

    Алтынай Серікбайқызы Алматы аймақтық көпсалалы клиниканың мамандары сандық маммография аппаратымен жұмыс істейтінін айтады. Жүйенің артықшылығы, алынған нәтижелер ПАКС жүйесінде сақталынады. Өйткені ПАКС жүйесінде жұмыс жасау өте тиімді дейді. Сонымен қатар клиника мамандары қаладан шалғай орналасқан  аудан тұрғындарын толыққанды тексеруден өткізіп,  диагностикалық  және емдік шаралар көрсетеді. 

ПАКС жүйесінің басты ерекшелігі:

- алынған нәтижелердің архив түрінде сақталынып, қалаған кезіңде ашып соңғы нәтижемен салыстыру.

- пленкалардың жоғалу, шатасу қаупінің болмауы.

- ақпараттың қол жетімді болуы.

- пакс жүйесі аркылы маммография натижесін басқа мекемелер де көре алады.

    

        Қатерлі ісік белгілері:

сүт безі үрпісінің ішке қарай тартылуы, тек онкологияда емес қабыну процесстері кезінде де байқалады;

сүт безінен бөлінділердің болуы. Бөлінділер түсі бойынша әр қалай болады. Фиброзды кистозды мастопатия кезінде сүт секілді, түссіз, су тәрізді, қара жасыл түсті. Күдік тудыратын бөлінді түсі қан аралас, қызғылт түсті болады;

сүт безінің ісініп, қызарып, терінің өзгеруі (лимон қабығы);

сүт безі терісінің белгілі бір аумағында ішке қарай тартылып тұруы ;

қолмен тексерген кезде тығызданған ошақтар сезіну.

      Қазіргі кезде сүт безі ісігін уақытылы анықтау мақсатында амбулаториялық емхана бөлімшелері  соңғы модельдегі УЗДГ аппаратымен жабдықталған. Сонымен қатар ҚазОРҒЗИ да томосинтез, ПЭТ аппараттары, маммография контрасттық күшейтілумен жұмыс істеуде. Анықталынған ісіктерден УЗДГ бақылауымен cor биопсия жасалынады. Сонымен қатар аталған клиниканың гистология бөлімінде ісікті молекулярлы генетикалық деңгейде зерттейтін заманауи иммуногистохимиялық әдісі қолданылады.

ИГХ зерттеуінің мақсаты

1) ісікің гистогенетикалық  диагностикасын анықтау;

2) ісіктің нозологиялық формасын ажырату;

3) алғашқы ошағы табылмаған метастазды зерттеу арқылы алғашқы нозологиялық ошақты табу ;

4) аурудың ағымын, болжамын жасауға көмектеседі;

5) жасушалардың қатерлі ісікке айналуын анықтауда;

6) таргеттік терапияға көрсеткішті анықтау;

7) химиопрепараттарға ісіктің рпезистенттілгін немесе сезімталдығын анықтау;

8) ісік жасушаларының сәуле терапиясына сезімталдығын анықтау.

9)ісік жасушаларының гормонға сезімталдығын анықтау.

     Химиотерапия бөлімінде тиімділігі жоғары, дәлелді медицина зерттеуінен өткен химиопрепараттар кеңінен қолданылып,  ИГХ зерттеуінің арқасында қатерлі ісікті емдеуде үлкен нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Гормондық, таргеттік препараттар науқастарға тегін беріледі дейді онкомаммолог.  

    Сүт безі қатерлі ісігінен сақтайтын арнайы дәрі, вакцина жоқ. Алайда мамандар әрбір әйел өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тіркелген емханада  профилактикалық тексеруден өтуге кеңес береді.

Автор:
Ләйлім Әубәкірова