Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖАҺАНДЫ АЛАҢДАТАТЫНЫ ЖАСТАР ДЕНСАУЛЫҒЫ


29 октября 2010, 20:02 | 3 629 просмотров



ҚЫТАЙ ДӘРІГЕРЛЕРІ ЖАСТАРҒАКӨК ШАЙДЫ ІШКІЗІП ӘЛЕК, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ «СЫРАҒА САЛЫНҒАН» ҰРПАҚТЫ ЖӨНГЕ САЛМАҚ, ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА ҒАЛАМТОРДЫҢ «ТОРЫНА» ТҮСКЕН БАЛАЛАР БОЛАШАҒЫНА АЛАҢДАСА, ГЕРМАНИЯДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДА «ТЕРІ РАГЫ» АУРУЫ БЕЛЕҢ АЛЫП КЕТТІ.

ЕРТЕҢІМІЗДІҢ ЖАЛҒАСЫ ЖАСТАР. АЛ ЖАСТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖАҚСЫ БОЛМАСА ЕРТЕҢГІ КҮННІҢ ЖАРҚЫН БОЛУЫ ДА ШАМАЛЫ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ӘЛЕМНІҢ ӘР ЕЛІНДЕ БИЛІКТЕГІ АЗАМАТТАР ЖАСТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРЫ ЖАЙЛЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЖИІ ҚОЗҒАЙТЫН БОЛДЫ. БҰНЫҢ СЕБЕБІ ДЕ БӘРІМІЗГЕ БЕЛГІЛІ. ЖЕР БЕТІНДЕГІ ХАЛЫҚТЫҢ, СОНЫҢ ІШІНДЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА АУРУ ТҮРЛЕРІНІҢ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖОҒАРЫЛАУДА. ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ЛАСТАНУЫ, ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯНДЫ ӘСЕР ЕТІН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ, БҰРЫННАН БЕЛГІЛІ АУРУЛАРДЫ БЫЛАЙ ҚОЙҒАНДА, ЖАСТАР ШАЛДЫҒАТЫН ЖАҢА АУРУЛАР ТҮРІ КӨБЕЙІП КЕТТІ. БІЗ «ЖАҢА ҒАСЫРДА ЖАҢА АУРУЛАРҒА» ШАЛДЫҒАТЫН БОЛЫП ЖҮРМІЗ. ТЕХНИКА ДАМЫҒАН САЙЫН АДАМНЫҢ ӨМІРІ ЖЕҢІЛДЕЙ ТҮСЕДІ. АДАМ ӨМІРІ ЖЕҢІЛДЕГЕН САЙЫН ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАРЛАЙТЫН ҮРДІС БАЙҚАЛАДЫ. БҰЛ ҚАЗІРГІ УАҚЫТТЫҢ АЙҚЫН АҚИҚАТЫ БОЛЫП ОТЫР.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, халық денсаулығына әсер ететін факторлар 17 пайыз қоршаған орта жағдайына, 20 пайыз тұқымқуалаушылығына, 10 пайыз әртүрлі жағдайларға байланысты болатын болса, ал 53 пайызы салауатты өмір салтын ұстануға байланысты екен.

Соңғы жылдары қытай жастарының бойлары ұзарып, семіз бола бастаған көрінеді. Осымен қатар олардың денсаулығы да күрт нашарлаған. Қытай ғалымдарының айтуы бойынша, жастар арасындағы семіздіктің және физикалық әлсіздіктің белең алуының бірден-бір себебі синтетикалық сусындарды және «фаст фудпен» тамақтануы болып тұр. Әсіресе, жастардың кока- коланы көп ішуі де ғалымдарды алаңдатып отыр. Қытай ғалымдарының пайымдауынша, қазір жастарға дәстүрлі қытай тағамдарын, әсіресе, қытай көк шайын ішуді әдетке айналдыру керек. Көк шайдың ағзадағы зиянды элементтерді шығару қасиеті бар. Сол себептен көк шай мың бір ауруға шипа бола алады. Көк шайдың осы шипалық қасиетін пайдаланып, жастар денсаулығын жақсартып алуға болады. Қазір дүниежүзінде 177 миллион бала семіздіктің зардабын тартып келеді екен. Оның ішінде 22 миллионы 5 жасқа дейінгі балалар. Ал бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде 155 миллион салмағы артық балалар бар екен. Оның ішінде 45 миллионы 5 пен 17 жас аралығындағылар. Мұның қауіпті жағы сол, сәбилер арасында семіздік салдарынан жүрек-қантамырлары мен диабет ауруына шалдыққандар да күрт көбейген. Семіздік – белең алып бара жатқан қауіпті әрі құрықтауға көнбей тұрған аурудың бірі болып тұр.

Қытайлық дәрігерлер мен ғалымдар балаларына көк шай ішуді дағдыға айналдыра алмай отырғанда, Украина билігі темекі мен арақ ішетін жеткіншектер санын азайтуға ат салысуда. Украина жастары ішімдік пен шылым пайдаланудан әлем бойынша бірінші орында екен. Осы жайтты Украина Президенті Виктор Янукеевич Киевте өткен Қоғамдық гуманитарлық кеңестің отырысында мәлімдеді. Соңғы кезде ТМД елдерінде «пивная молодежь» деген термин пайда болды. Виктор Янукеевич украина жастарының дәл осы «сыраға салынған жастарына» айналуы қатты алаңдатып отыр. Қазіргі кезде Украинада мектеп түлектерінің 6-10 % ғана денсаулығы жақсы жеткіншектер екен. Өткен жылдағы көрсеткішке қарағанда жыл сайын Украинада ішімдікке салудан 40000 адам өледі . Украина Президенті ендігі кезде халықтың денсаулығын жақсартуға идеологиялық тұрғыдан мықты мемлекеттік саясатты енгізуді көздеп отыр. Украин ұлтының денсаулығы жақсармауы елдің дамуына тежеу болады. Әлем бойына ішімдікке салынған жастар саны Украинада көп болғанымен, «сыраға салынған жастар» мәселесі Ресейде де шешімін таба алмай келе жатқан проблемалардың бірі.

Ал Оңтүстік Кореяда жастар сыра көп ішпейді. Олар «ғаламтордың тұтқыны» екен. Ақпараттық технология жақсы дамыған елдердің бірі саналатын Оңтүстік кореяда жеткіншектердің дені «интернет тәуелділік» деген дертке шалдыққан. Американдық ғалым Джеральд Блок «интернет тәуелдікке» немқұрайлы қараған қауіпті дейді. «Интернет тәуелділік» бұл психологиялық дерт. Нақты деректерге сүйенсек 210 мың кәріс балалары интернет тәуелділікке шалдыққан. Оңтүстік Корея мемлекетінде бүгінгі күні интернет тәуелділік ұлттың денсаулығына зиянды құбылыстардың бірі болып отыр. Ғаламтордың тұтқыны болған балалар Қытайда да аз емес, алпауыт Европа елдерінде де саны шексіз, Жапонияда да тым көп. Ал біздің кең байтақ Қазақстанымызда ғаламторға тұтқын болу үрдісі бүлдіршіндер арасында кең етек жая қойған жоқ. Дегенмен, компьютерді ойыншық ретінде пайдаланатындар аз деген сөз емес. Бізге де ертеңімізді ойлау артықтық етпейді.

Германияның жастарына соляриидан бас тартуға тура келеді. Себебі, бұл елде тері рагына шалдыққандар саны жыл сайын 140 мыңға өседі, солардың дені он сегіз жасқа жетпеген жеткіншектер көрінеді. Осы мәселе Германия шенеуніктерін қатты алаңдатқаны соншалық, олар жасы он сегізге толмаған жеткіншектердің солярии алуына тиым салатын заңды да қабылдап үлгерген. Бұндай заңдар АҚШ-та да өз күшіне енген. Біздің қазақтың қара домалақтарына солярии керек емес деп сенеміз. Ал «істеу керек», «заң қабылдау керек», «болашақта жасаймыз» сияқты сылтаулармен тойдырмай, бірден заң қабылдап, проблеманың тамырына балта шапқан неміс шенеуніктері ұрпағының ертеңін ойлайтын азаматтар екені бұрыннан белгілі.

Бұл әлемдік ақпарат айдынында жастар денсаулығы туралы ең анық фактілерге негізделген мәліметтер болды. Әр елдің билігін толғандыратын жастар проблемалары толып жатыр. Бізге белгілі болғаны, әзірше, осы!

Автор:
Дайындаған Мәдина ОМАРҚҰЛОВА