29 октября 2010, 19:58 | 4 256 просмотров
Газетімізде «Аулым-әнім» айдары ашылғанына екінші апта болды. Оқырмандарымыздан қолдау тапқандаймыз. Қолыма газеттің 42-санының бір-екеуін алып, көршілеріме тараттым. Оқып шықты. Бірде, Әлімхан есімді көршім «ыңылдап» «Барып қайт, балам, ауылға!» әнін айта бастады. Мұны көріп екінші көршім де қосылды. Екеуі де Сарқан өңірінің төл тумалары. Кіндік қандары тамған елді-мекенінен қалаға келгенінен 25 жылдай болған. Жүздерінде сағыныш. Көңілдерінде толқу. - Шіркін, жаз мезгілін өткізіп алдық-ау. Әйтпегенде қазір ауылға тартып кетер едім,-деп әңгімені сабақтады Меліс көршім. – Саф ауалы, тұщы да мөп-мөлдір өзен суы, өзіне ғана тән сұлулығымен ерекшеленетін Сарқанға не жетсін! Жасыл жайлауы, таулы аумағы кімді де болса қызықтырады. Швейцарияның керегі не дейсің осындайда. Осындай ғажап әнді еске алып, оны орындағанда. Ғажап! «Барып қайт, балам, ауылға!» әнін қонаққа келіп жатқан қайын ағама да көрсеттім. Ол да әнді шамасы жеткенше орындаған болды. Көзінде жас. Бұл сағыныш жасы. «Не болды» деп сұраған жоқпын. Білетінім, ата – енем де сонау Шығыс Қазақстан облысынан. Атам – табаны күректей 35 жыл қой соңында жүрсе, енем қолына кетпен ұстап, егістікке су жетелеген шаруа адамы-тын. Қайын ағаның көз алдына сол жақындары елестегені анық. Бірде: - Келесі аптада туған ауылыма барым, кіндік кескен жерімде күлге бір аунармын. Әке-шешемнің басына барып Құран бағыштаймын,-деді. Деді де әнді жалғастыра берді.
Газетіміздің бүгінгі санында «Ауылым» және «Саржайлау» әндерін естеріңізге саламыз.
«АУЫЛЫМ»
Өлеңін жазған Ж.Бейсенов,
Әнін жазған Т.Базарбаев.
Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім ауылым.
Шабытымның асқары,
Самғаушы еді ауылым.
Жастығымның куәсі,
Шұрқыраған ауылым.
Жусаны мен жуасы,
Бұрқыраған ауылым.
Биік-биік шың-құзға,
Құмар қылған ауылым.
Бүлдіршіндей бір қызға,
Сыңар қылған ауылым.
Әнмен таңды атырып,
Ән салдырған ауылым.
Сары қымыз сапырып,
Тамсандырған ауылым.
Көк түтінді шұбатып,
Желек созған ауылым.
Ай көрмесем құмартып,
Жүрек қозған ауылым.
Көк торғындай көктемде,
Сағым қуған ауылым.
Алыс сапар шеккенде,
Сағындырған ауылым.
САРЖАЙЛАУ
Өлеңін жазған М.Мақатаев,
Әнін жазған Н.Тілендиев.
Жазира, жасыл кілем өрнектеген,
Туған жерге, дариға, жер жетпеген.
Кең өлкем, әлдилей бер, сен деп келем,
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем.
Қайырмасы:
Самал бұлақ – балдай дәрім,
Салқын самал-баурайларың.
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған, Саржайлауым.
Армысың, ата қоныс, жасыл мекен!
Ұлыңмын, мен сенің қасыңда өтем.
Басқаның жерұйығын не қылайын,
Жерұйығы өзімнің қасымда екен!
Қайырмасы:
Жадырап, жұтайыншы тау самалын,
Осы еді ғой сағынып аңсағаным.
Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым,
Бәріңе арнап мен бүгін ән саламын.
Қайырмасы:
Жанымды жырға бөлеп таң атырған,
Әнім едің ақ таңда жаратылған.
Төліңнен айналайын жаңа туған,
Айналайын еліңнен дара туған!
Қайырмасы.