Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Шипагерлік Баян» - ел мұрасы және оның ғылыми термин жасаудағы маңызы


29 октября 2010, 19:56 | 2 947 просмотров



Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың үлкен ғылымнамалық еңбегі «Шипагерлік Баян» /1/ жарыққа шығып, содан баяғы қазақ тарихында ерекше тұлға, ірі ғалым болғанын мақтаныш етеміз. Ол туралы тарих және медицина мамандары азды-көпті еңбектер жариялады /2,3/. Бұл жарияланған еңбектерді қайталап жатпай, оларды келтірмеген «Шипагерлік Баянның» кейбір тұстарына тоқтағанды жөн көрдік. Бұл ғылымнамалық еңбектен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың ірі ғұлама ғалым болғандығын танимыз.

Одан тарихи жағдайлар, ұмыт болған салт-дәстүрлер, философиялық көзқарастар, астрономиялық құбылыстар, аңыз әңгімелер, медициналық сипаттамалар, қазақша атаулар жөнінде көптеген мағлұматтар аламыз.

Болашақ ұрпаққа өсиет сөздер қалдырған: жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау, он екіден айрылмау. Бұл жұғыспаулар соқтықпау, жәбірлемеу, ойрандамау, қырмау, аялау, абайлау, сақтау, қорғау сияқты сегіз түйінде жинақталған. Шипагердің көргендігін «ат байламдық аңғарымнан» байқауға болады.

«Адамның денесіне сырқаттың, зақымдық науқас қондырым, құзғындатым, тудырым болатын құрттар» - деп атады. Өтекең бабамыз дерттердің пайда болуын денеге құрттардың енуімен түсіндірді. Көзге көрінбейтін құрттар микроскоппен анықталатын микробтар екеніне күмән келтіруге болмайды. Денеге еніп, қолайлы орын тауып орнығып алуға шалдықтырады – деген. Ал ауруды дұрыс анықтап, емін дұрыстап жасамаса жазылмас бейнет. Дұрыс анықтамай, ем қонбаса соңы ажалмен аяқталмақ. Кез келген сырқатты тудыратын көзге көрінбейтін құр-түріне байланысты әр түрлі болады. Себебі, әр кеселдің белгісі әр түрлі. Құрт біреу болса ауру түрі де біреу болып, емдеу әдісі де біреу болар еді – дейді. Соңында сынықтан басқаның барлығы жұғатындығын айтады. Сол кездің өзіңде көзге көрінбейтін денелердің бар екенін көзімен көрмесе де сезіп білген. Қазір көзге көрінбейтін денелерді ұлғайтқыш құралдардың көмегімен көріп, көзіміз жетіп отыр. Шипагер дұрыс болжам жасап, көрегендікпен айтқан.

Кез келген адам ауруын жасырғанымен түрінен, сөйлеген сөзінен, қимылынан,іс-әрекетінен байқауға болатындығын айтады. Өтекең адамның сырқаты шиені көшіріп еккенменен бірдей – дейді. Шие өскінінің бүлініп үзілуі – адамның кемтар болуы, қайта көктеуі – кеселін дәл анықтап емдеп жазылуы. Шие сабағының қарюы ажалдың келуі деп тірі организмдердің тіршілік ету заңдылықтарының ұқсастығын көрсетеді.

Табиғи құбылыстар адамдарға әр түрлі әсер ететіндігін, созылмалы науқастардың сыр-қатын қозғап, қоздыратындығына Өтекең назар аударған.Тымық да бұлыңғыр да қоздырма ыстық қанды пенделер үшін көктем және күз қатер болмақ деп есептейді. Осы жерде табиғат терісі науқас адамдарға көп әсер ететіндігін байқаймыз. Ал күннің шуағы адам жанын рахатқа бөлейтінін, кейбір ауруларға пайдалы екенін айтады.

Адамның денесінен бөлінетін «тер, қақырық, түкірік, шырылма несіп, бейжарық, нәжіс сияқты заттардың түсіне, көп бөлінуіне, қою, сұйықтығына байланысты ауруды анықтауға болатындығын айтқан. Кез келген адам «Жүрегім соқпай тұра тұр!» - дегенімен сол кісінің тілін, өз жүрегі алмайды. Жүрек тоқтаса өлмек деп жүректің адам еркінен тыс жұмыс істейтінін айтады. Кейбір жағдайда жаттығудың арқасында көптеген жетістіктерге жетуге болатындығын мысалмен түсіндірді. «Есім ханның Әз ханымы – Айымбикемнің өгізді лақша көтеріп жұртты таң қалдырған». Бұл тек әдеттенгеннен дейді. «Әр қандай адам теңдесіне қимыл қуат, сезім қуат, тежелім қуат, болмағы парыз» - деп қуат түрлеріне сипаттама береді.

Аурудың себептерін «буылма себепкерлер» - жұқпалы аурулар, «туылма себепкерлер» іштегі бала мүшелерінің кемтар туылуы , «қуылма себепкерлер» - деп аурудың тұқым қуалауын айтады.

Адамның денесін көрінетін он екі мүше мен көрінбейтін он екі мүшеге бөліп аттарын атап көрсеткен. «Әттең көре алмаймын!» - деп адамның ішкі құрылысын көретін айнам болса екен деген. Сол атамыздың арманы қазір іске асып отыр.

Ауыр халдегі адамдарға дәрі беру, оны ішкізу, ішуі қиынға соққандықтан: «Әттең, осындай қиын шақта дарымдық зәруат шипа емін аспаннан пері түсіп, аңғаққа алып кіріп кетіп, аузынан шыға келерлік не дарым зәруат нілін аңғақтық қанмен қоса құйып, жүрекке жеткізулік күн болуы мүмкін бе екен?» - дейді. Осылай дәрілік заттарды тамырларының ішіне енгізуді армандайды.

Дәрі жасауда өсімдіктердің гүлінің түсіне, орналасуына, жапырағына, сабағына, тұқымына, жемісіне, тамырына қарап жинаған. Оны қалай тазалап,кептіріп,сақтауды түсіндірген. Ауруының түріне қарай металдардың қайсысы қолданылатыны келтірілген. Дәрінің науқасқа берілетін қырма уыс, қысқама, елілік, дарымдық меңземе, сүйем, сынық, сүйем қарыс, жартықарыс – деген өлшемдері заманға сай келетіні күмән шақырмайды.

Бүгінгі күні ана тіліміздің ғылым тіліне айналу талабына сай. «Шипагерлік Баяннан» көптеген медициналық аталардың көне заманнан болғанын аңғарамыз.

Автор:
Әділман Нұрмухамбетұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Алматы қаласы