Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Еңбекпен есейген жан


27 августа 2020, 10:28 | 104 просмотра



Еңбек әрбір адамды өсіреді не өшіреді. Еңбекті сүю, әрі жүйесін тауып істей білу, одан ләззәт ала білу керек.

Жалқаулық   пен еріншектікке ұшырау кез келген адамды өшіреді. «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл», - деген данышпан   Абай  атамыздың сөзінде  терең  мән  бар.  Ынта  тудырмайтын еңбек өнімсіз ғана емес, адамды тез қажытып, жігерін жасытып, алтын уақытын зая қылады. Уақытпен санаспай, өз еңбегінің қиындығына қарамай, ынталы жұмыс  істеп жүрген жандардың бірі – Асқар Рақымжанұлы.  Асқарды  мен бала кезінен білемін. Бір ауылда өстік, балалық  балдәурені мен оқушылық өмірі кішкене ауылда өтті, осы ауылда еңбекпен шыңдалды, жақсы қасиеттерді  бойына  сіңдірді

Нағашы атасы Әшімхан мен әжесі  Мейіржан  Асқардың еңбекшіл болып өсуіне,  жалқаулықтан ары жүруіне атсалысты.  Әкесі Рақымжан мен анасы Қантай әкпем  «Қой басын 50 миллионға жеткіземіз» деген ұранмен жылдың 4 мезгілінде мал соңында жүрді.  Жездеміз  Рақымжан аға өте ерте дүниеден өтті. Әкпеміз Қантай жесір қалып жасыған жоқ.  Ұлдарымен бірге өмірді жалғастырды.  Ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып қазіргі кезде өмірден өткеніне біраз жыл өтті, балалары  бүгінгі күні  қимастықпен еске алады. Үнемі  еңбекпен өскен Асқар  2003 жылдан бері басқа жұмысқа кетпей  Ұйғыр ауданындағы «жедел жәрдем»  бөлімінде жүргізуші болып істеп келеді.

Адам баласы ауырған кезде дәрігерлер мен жедел жәрдемді керек етеді. «Шықпас жанға себеп» деген сөз бар.  Ең бірінші туған туыстан бұрын  «103» -ті көмекке шақырамыз.  Жедел жәрдем келгенше оны тағатсыздана  күтеміз. Аяқ қолдары жерге тимей олар да жетіп келеді.  Жедел  жәрдемнің тез жетуі жүргізушіге де байланысты.

Әлемді жаулаған індет кезінде жедел жәрдем қызметкерлері үнемі  ел – жұрттың қасында болды.  Осы күрестің ішінде  Асқардың да еңбегі ерен.  Біртоға мінезді, артық сөзі жоқ  Асқар қызметте алда жүрсе, өз отбасында қадірлі жар, қайырымды әке, немерелеріне сүйікті ата. Әйгерімдей  жары екеуі екі ұлды тәрбиелеп, бес немеренің қызығына тоймай жүр.  Лайым солай болғай!  «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген халық даналығы бар емес пе. Атасы Әшімханнан,  әжесі Мейіржаннан, еңбек етуден  ерінбейтін әкесі Рақымжаннан, анасы Қантайдан үлгі алған  Асқар еңбек етуден жалыққан емес.

Жасы талайға келсе де, кей кезде қиын іс боп көрінсе де Асқар жедел жәрдем бөлімінен кеткен емес. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей  Асқардың екі ұлы  да  еңбекшіл.  Еңбек ету – адам баласының негізгі ісі. Осы істі алып жүре алмайтындар да бар.  Ұстағаны  ұялы телефон, телевизорға телміріп, күні өткеніне мәз болып жүретіндер  Асқар сияқты еңбекшіл адамдардан  үлгі алуы тиіс деп ойлаймын. Өзімнің ойымды  мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді:

Балалықты еңбекшіл боп өткіздің,

Естен  мәңгі кетпейді  өткен күн..

Әке – шеше тәрбиесін меңгергесің әріден,

Еңбек етіп келесің ерте тұрып таң сәріден

Еңбегің жансын өнегелі, еселі,

Бағалансын еңбектерің кешегі.

Бала –шаға қызығына кенелгін,

Зейнеткерлік жасқа келіп теңелгін.

Автор:
Рая Сартолова, Ұйғыр аудандық ардагер әжелер кеңесінің төрайымы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылы.