Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МӘМС: Азаматтардың әлеуметтік аз қамтылған санатынан сақтандыру мәртебесі туралы жиі қойылатын 5 сауал


17 августа 2020, 04:33 | 138 просмотров



Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден кімдер босатылды? МӘМС жүйесінде мәртебе «сақтандырылмаған» болып шықса, қайда жүгінуге болады? Азаматтардың әлеуметтік аз қамтылған санаты тарапынан жиі қойылатын осы және өзге де сауалдарға "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина жауап береді.

  • Айнагүл Хабдонғалиқызы, сұрағымызды жеңілдігі бар санаттағылардан бастайықшы. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына кімдер үшін мемлекет жарна төлейді?

Әлеуметтік аз қамтылған санат ретінде анықталған азаматтардың 15 жеңілдік санаты үшін медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. Олар:

  • Балалар
  • Жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар
  • Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер
  • Бала тәрбиелеп отырған/бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтімімен айналысып отырған жұмыс істемейтін аналар (кей жағдайда әкелер/басқа тұлғалар)
  • Бала/бала тууына, жаңа туған баланы/балаларды асырап алуға байланысты, сәби/бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыстағы адамдар
  • 18 жасқа толғанға дейін мүгедек балаға күтім жасап отырған жұмыс істемейтін тұлғалар
  • Бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар
  • Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері
  • Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар
  • Тергеу изоляторларында отырған адамдар
  • Жұмыс істемейтін оралмандар
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар
  • Мүгедектер
  • Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын тұлғалар
  • Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы жұмыс істемейтін тұлғалар.

 

  • Бұл азаматтар әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататындығы туралы құжаттарды қандай да бір мекемеге тапсыруы қажет пе?

Жоқ. Әлеуметтік мәртебе басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен Қордың ақпараттық жүйесіне беріледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде беріледі.

  • Егер азамат ресми түрде жұмыссыз болса, кейін жұмыс тапты делік, мемлекет ол үшін ақы төлеуді жалғастыра бере ме?

Жоқ. Бұл жағдайда азаматтың әлеуметтік мәртебесі автоматты түрде жалдамалы қызметкерге ауысады және мемлекет ол үшін аударымдар жасауды тоқтатады. Сондай-ақ, егер азамат жеке кәсіп ашса немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлей бастаса, мемлекет ол адам үшін де ақы төлеуді тоқтатады.

  • Қандай жағдайларда студент сақтандырылмаған болуы мүмкін?

ЖОО студенттер туралы деректерді азаматтардың жеңілдікті санатына енгізу үшін   Білім және ғылым министрлігіне, содан кейін ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы ӘМСҚ-на береді. Егер студент тізімге енгізілмесе және МӘМС жүйесіндегі мәртебесі «сақтандырылмаған»  болса, оның себебін анықтау үшін өз ЖОО-ның деканатына жүгінуі қажет.

  • Егер азамат әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатса, бірақ міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі «сақтандырылмаған» болса, не істеу керек?

Егер азамат 15 жеңілдік санатының біріне жатса, бірақ МӘМС жүйесінде «сақтандырылмаған» болып шықса, себебін анықтау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығына жүгінуі немесе өтінімді Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына жолдауы керек немесе Қордың  Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалына баруы қажет. Себептері әртүрлі болғандықтан, әрбір жағдай  жеке-жеке қарастырылады. 

Егер сақтандырылмаған болса да, әр азамат мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакетінде медициналық көмек алуға құқысы бар екенін есте ұстаған жөн. Учаскелік дәрігер, педиатр, жалпы практика дәрігер мамандарының қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, жедел жәрдем, емхана мен стационар деңгейіндегі шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы ауруларды, онкологиялық ауруларды емдеу осы пакетке кіреді және сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан азаматтардың барлығына тегін көрсетіледі.

Автор:
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі