Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сақтандырылмаған азаматтар үшін жеңілдік мерзімі өз мәресінде


3 июля 2020, 15:21 | 127 просмотров



«Соған қарамастан, барлық азаматтарға сақтандырылған мәртебесіне қарамастан тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде қызмет көрсетіле береді. Оған жедел жәрдем, амбулаториялық-емханалық, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар, шұғыл айғақтар бойынша стационарлық көмек, сондай-ақ екпелер кіреді. – деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Бәрімізге белгілі, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылған болып есептелді. Бұл жеңілдік кезеңі тұрғындардың емханаларға тіркеліп, өз мәртебесін анықтауы үшін берілген. Алайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елде төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты, сақтандырылмаған азаматтардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығын 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзарту тапсырылды.

Осы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Ұлттық банктегі арнайы шотқа 5 ай ішінде халықтан 214 млрд теңгеден астам жарналар мен аударымдар келіп түсті, оның 122,6 млрд теңгесі – жеңілдік берілген 15 санат өкілдері үшін аударылған мемлекет жарналары. Қазіргі уақытта жүйеде 14,5 миллионнан астам азамат бар, оның ішінде шамамен 11 миллионы – мемлекет есебінен сақтандырылғандар.

Айта кетейік, Үкімет қаулысымен шағын және орта бизнестің 29 санатындағы қызметкерлер  – шамамен 1 млн азамат 2020 жылдың 1 қазанына дейін жарна төлеуден босатылды. Олар көрсетілген кезеңге дейін жалдамалы қызметкерлер үшін аударым жасамайды және олар үшін борыштық міндеттемелер жинақталмайды. Сондай-ақ қызметкерлердің еңбекақысынан жарналар ұстамайды, бұл ретте олардың сақтандырылу мәртебесі сол қалпы қалады. Нөлдік салық есептілігін тапсыру кезінде аударымдар төленбегені үшін өсімақылар мен айыппұлдар да есептелмейді.

Әлеуметтік Медициналық сақтандыру қорының медициналық қызмет жеткізушілерге МӘМС пакеті бойынша көрсетілген медициналық қызметтері үшін жүргізілген төлем шығындарына келсек, ағымдағы жылдың 5 айында олар алдын ала төлемді есепке алғанда, 159 млрд теңгені құрады. 2019 жылмен салыстырғанда медициналық қызметтерді қаржыландыру 58%-ға артты. Медициналық оңалту бойынша – 9,6 есеге және консультациялық-диагностикалық қызметтер бойынша – 6,5 есеге өсті.

МӘМС жүйесі енгізілген бірінші тоқсанда медициналық көмекті тұтыну көлемі айтарлықтай ұлғайғанын атап өту қажет: ауруханаға жоспарлы түрде   жатқызуды 79 %-ға көбейту есебінен стационарлық көмек – 13,4% - ға (2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда) өсті. Осы жылғы бірінші тоқсанның өзінде 827 мың пациентке, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып 2302 пациентке, тәулік бойғы стационар жағдайындағы мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді (2019 жылмен салыстырғанда өсім 16%-ды құрады). Ауруханаға шұғыл түрде емдеуге жатқызу 70%-дан 52%-ға дейін төмендеді, бұл емдеу процесінің және пациенттің сауығуының оң әсерін байқатады. Медициналық оңалту шаралары 35%-ға артты.

Сонымен қатар, ТЖ режимі мен іс-шараларға  шектеу енгізу МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті тұтыну көлеміне айтарлықтай әсер етті: жоспарлы емдеуге жатқызу 1 тоқсанның орташа айлық көрсеткішінен 32%-ға, оның ішінде ЖТМҚ қолдану - 47%-ға төмендеді; медициналық оңалту – 2 есе, шұғыл ауруханаға жатқызу – 8%-ға азайды.

«Біз жергілікті денсаулық сақтау басқармасымен тығыз байланыстамыз.  Медициналық мекемелер өздеріне жүгінген әрбір тұрғынға барынша көмектесуге тырысады. Қор тарапынан медициналық қызмет жеткізушілерімізге тұрғындарға көрсеткен қызметтерінің ақысы уақытылы төленеді  және олардың қызметі бақылауда. Айта кетейік, Қордың 1406 байланыс орталығы тек МӘМС жүйесі бойынша ғана емес, төтенше жағдай кезінде коронавирус бойынша жедел желі ретінде жарияланған. Сондықтан, өтініштерді Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы арқылы да қалдыруға болады» – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина.

Qoldau-24/7 әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мобильді қосымшасын Android смартфондарына арналған PlayMarket және Apple смартфондарына арналған AppStore арқылы жүктеуге болады.

Автор:
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі