Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТАРИХЫ – ТЕРЕҢ, БЕДЕЛІ – БЕРЕН ТАЛДЫҚОРҒАН


14 октября 2010, 19:05 | 2 303 просмотра



ҚАЛА КҮНІ ҰЛЫ КҮЙШІГЕ ЕСКЕРТКІШ АШУМЕН БАСТАЛДЫ

Өткен сенбі күні Талдықорғанда, қаланың 141 жылдығын тойлау шараларының аясында, дауылпаз композитор, КСРО-ның және ҚазКСР-ның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіші ашылды.

Композитордың 85 жылдық мерейтойына орай тұрғызылған еңселі ескерткіш Н.Тілендиев атындағы облыстық музыкалық мектептің алдына орнатылды. Мүсіннің авторы - ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Қазбек Жарылғапов, мүсінші - Мейірлан Әжмағамбетов. Тұғырымен қосқанда, ескерткіштің биіктігі - 5 метр. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 15 миллионнан астам теңге бөлінген.

Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов, ескерткіштің жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбие, өнегелік үлгісін айта келіп, мұндай ескерткіштердің бой көтеруі - әсіресе, келер ұрпақтарға қажет, солардың отансүйгіштік қабілеттерін арттыруымен қатар, өнерге деген құлшыныстарының жетілуіне зор ықпал ететіндігін атап өтті. Айтса, айтқандай, соңғы жылдары облыс көлемінде ашылған ескерткіштер санымен де, олардың тарихи, өнерлік және түрлі мазмұнды қамтығанымен ерекшеленіп отыр. «Талдықорған келешекте сәулетті ескерткіштер қаласына айналады!..» деп қуанады, жинал-ған жұрт. Себебі, бұл ескерткіш облыс әкімі С. Үмбетовтың бастамасымен орнатылған қаладағы 44-ші ескерткіш болып отыр.

Өйткені, Нұрғиса Тілендиев күллі қазаққа ортақ тұлға екендігі рас болса да, оның біздің облысымызда дүниеге келгендігі де жеке дара мақтаныш. Және де Нұрғиса Атабайұлының қайталанбас кескінін көзінің тірісінде жасаған суретші де осы өзіміздің қаламызда тұрады. Шағантаудың тумасы, Қазақстан суретшілер одағы мен Журналистер одағының мүшесі, суретші, фото тілші Қойлыбай Медешұлы. Оның май бояумен кенепке жазған кескіндемесі дауылпаз сазгердің ішкі жан дүниесін тамаша көрсете білген. Сондығынан да, бұл кескіндемені Нұрағаң көріп, қатты ұнатқан. Суретшіге батасын берген...

Ескерткіштің ашылуына арналған жиынға Тілендиевтің жары - Дариға Тілендиева мен қазір «Отырар сазы» Қазақ мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі болып табылатын оның қызы Дінзухра қатысты.

«ҚАРА ЖОРҒА» ХАЛЫҚТЫ БІР СІЛКІНДІРДІ

Қала күні бұрынғылардан өзгеше болды. Көзге ұрып көрінгені, шаһар көлеміндегі барлық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны. Бұған қала жұртшылығы да қатты риза болды. «3000-ға жуық адам Қаражорға биін билейді екен!»-деген жария айтыла бастаған күннен бастап, ел оны асыға күткендей. «Жетісу» стадионында ине шаншар жер қалмады. Кәрі, жас демей қала жұртшылығы түгелдей жиналды. Ұлттық бояу-нақышпен тамаша ұйымдастырылған арнайы қойылым көптің көкейінен шықты.

Талайдан сусап жүрген ұлттық ән-күйдің ырғағына көңілдері есейіп, көптен бір жасап қалғандай. Әсіресе, 300-ден астам жасөспірім «Балбырауын» күйін ойнап, бір кезде шекараның арғы бетіне кетіп, атажұртын аңсаған ағайындарымызбен бірге қайта оралған даңқты биіміз Қара жорғаны 2 мыңнан астам адам қатар тұрып билеген тұста рухтанған жұрт орындарынан атып тұрып, кең стадионды дүр сілкіндірді. Шеңберді айнала шапқан сәйгүліктер де күй ырғағында билеп жүргендей. Мұнда қатысқан бишілердің ең жасы 4 жаста болса, ең үлкені 70-тен асқан аталар мен әжелеріміз. Тұла бойыңды сергітіп, буын-буыныңды босатқан ғажап би еңсеңді серпілтіп, рухыңды қоздырады. «Балбырауын» күйінің жалыны жаныңды шарпып, сен өзіңнің қазақ болып туғаныңа қуанатын да секілдісің.

Қала күні қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертпен аяқталды.

Автор:
Өз тілшіміз, суреттерді түсірген: Қойлыбай Медешұлы