Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Облыс әкімі өңірдегі шектеу шаралары туралы брифинг өткізді


29 мая 2020, 14:25 | 123 просмотра



Амандық Баталовтың айтуынша, елде ТЖ режимі басталғаннан бері облыста арнайы штаб құрылды, қабылданған жедел шаралардың арқасында Қарасай ауданының «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы саяжай массивтерінде коронавирустың таралу ошағын ерте кезеңнен оқшаулап, өшіруге мүмкіндік берді:

-         Қазіргі кезде облыс бойынша 31 ошақта карантин алынып тасталды. COVID-19 инфекциясы таралуының жаңа деректері тіркелген өңірлерді қоспағанда, карантин шараларын кезең-кезеңімен босаңсыту жұмыстары басталды. Коронавирусты жұқтырудың жаңа деректері тіркелген өңірлерді атап өтсек, олар: Талғар ауданы - 21 жағдай, Кеген ауданы – 48 және Талдықорған қаласы – 53 жағдай. Облыста қазіргі кезеңде коронавирустың 305 жағдайы тіркелген, 1415 адам медицина мамандарының бақылауында. Осыған байланысты әлеуметтік қашықтықты сақтау, бетперде режимін сақтау, жалпы қажетті дезинфекциялық-эпидемиологиялық шараларды сақтау аса маңызды. Бұл коронавируспен күрес жағдайын тезірек еңсеруге көмектеседі. Сол себептен осы өңірлерде әзірге санитарлық блок-посттар алынған жоқ, ал облыстың басқа аймақтарында блок-посттарды алып тастап жатырмыз. Сол сияқты Алматы қаласымен шекарада, облысқа кіріп-шығатын жерлерде санитарлық блок-посттар алынған жоқ, - деді А.Баталов.

Сол сияқты облыс әкімі індетпен күрес шараларына өңірдің меценаттары мен бизнесмендері де қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Спикер ауыл шаруашылығындағы жұмыстардың барысына да тоқталып өтті:

- Қабылданған профилактикалық және санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың арқасында көктемгі егіс жұмыстары дер кезінде басталып, кідіріссіз жүргізілді. Өнеркәсіп орындары табысты жұмыс істеуде, олардың жұмысы тоқтаған жоқ. Бұл шаралардың өңірде экономикалық жағдайдың тұрақтылығын сақтаудағы маңызы зор.

Індет жағдайында өзекті болып отырған ішкі туризм мәселесі де айтылды.

Амандық Баталов Алакөл көлінің екі жақ жағалауында да суға түсу мерзімін бір мерзімде ашу туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовпен өзара ауызша келісімдері бар екенін, шамамен 13 маусымда барлық туристік нысандарда тиісті санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтай отырып жаңа маусым ашылатынын жеткізді.

Брифинг сұрақ-жауаппен жалғасты. Облыс әкіміне журналистер мен блогерлер 20-дан астам сауал қойды. Журналистерді «Жұмыспен қамту жол картасының» жүзеге асырылуы, шағын және орта бизнесті қолдау, коммуналдық төлемдерге өтемақы төлеу, әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мәселелері қызықтырды.

Журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, облыс әкімі жалпы эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі екенін, соған байланысты балабақшалардың әзірге ашылмайтынын тілге тиек етті. Дегенмен балалардың жазғы демалыс орындары карантин алынып тасталған уақытта өз қызметтерін сапалы көрсетуге дайын болуы үшін, жөндеу және дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Баспасөз мәслихатының соңында Амандық Баталов облыс тұрғындарын карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды:

        Эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін облыс тұрғындарына айтарым – сақтық шараларын, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтап жүрейік, ол өз денсаулығымыз үшін, жақындарымыздың денсаулығы үшін, азаматтардың саулығы үшін керек, сонда ғана біз бірлесіп қауіпті вирусты жеңіп шығамыз, - деді А. Баталов.


О