Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МСҚ: сәуірде елордалық медицина қызметкерлеріне 1,1 млрд теңге үстемеақы төленді


28 мая 2020, 09:39 | 744 просмотра



Сәуір айында эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан, соған сәйкес үстемеақы алатын медицина қызметкерлерінің саны наурыз айымен салыстырғанда 17,7-ден 42,6 мың адамға дейін, яғни 2,5 есе артты.

Есептелген үстемеақылардың сомасы да 56%-ға көбейді. Медициналық қызметкерлерге сәуір айында 7,6 млрд теңге (наурыз айына – 3,3 млрд теңгеден астам) төленді.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сәуірде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне 1,1 млрд теңге үстемеақы төленді.

Үстемеақы мөлшерінің айтарлықтай өсуі сәуір айында КВИ бойынша эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты болды. Сәйкесінше, наурыз айымен салыстырғанда сәуірде медицина қызметкерлері эпидемияға қарсы іс-шараларға көп тартылды»,  - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.

Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медицина қызметкерлері 3 тәуекел топқа бөлінген. Оларға жұмыс кестесіне сәйкес 212,5 мың теңгеден (5 ЕТЖ) 850 мың теңгеге дейін (20 ЕТЖ) үстемеақы төленеді. Жалпы, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 35,7 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген.

Эпидемиялық жағдайды ескере келе, болжам бойынша мамыр айында үстемеақы төлеуге 8,6 млрд теңге жұмсалуы мүмкін.

Автор:
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі