Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Балалардағы бронх демікпесі


28 мая 2020, 09:37 | 353 просмотра



Біз балалар арасындағы бронх демікпесі туралы не білеміз?

Бронх демікпесі деген не? Бұл науқастанған балалардың ата-анасын жиі мазалайтын сұрақ. Ата-аналардың осы дерт туралы білімдері бронх демікпесінің ары-қарай дамуын тоқтатып, дертті бақылауға көмектеседі.

Бронх демікпесі (БД) – бұл тыныс жолдарының созылмалы қабынуымен сипатталатын  бронхтардың аллергиялық қабынуы. Бұл аурудың белгілері: құрғақ жөтел және тыныс алудың ауырлауы,  бронхтардың тарылуы, олардың сөлді көп бөлуі, бронхының жоғарғы қабатының ісінуі әсерінен тұншығуы сияқты белгілермен сипатталатын сырқат.

Бронх демікпесі қандай жағдайда күшеюі мүмкін?

Бронх демікпесі кез-келген жаста пайда болуы мүмкін. Бронх демікпесінің симптомдары көбіне  адам өмірінің алғашқы бес жасында кездеседі, кейде жасөспірім кездерінде де пайда болуы  мүмкін. Белгілерді дер кезінде анықтап, сырқаттың алғашқы кезеңінде  аурудың алдын алып,  емді бастау өте маңызды.

Бронх демікпесі қазіргі таңда педиатрия мен медицинаның өзекті мәселесі болып табылады. Балаларда басталған сырқат дер кезінде емделмесе  баланың ересек кезінде де жалғасып, оның өмір сүру сапасын төмендетіп, мүгедектікке, кейде сырқаттың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Балалар неге  бронх демікпесімен ауырады?

Балаларда бронх демікпенің пайда болуында тұқымқуалаушылық маңызды орын алады. Дегенмен бронх демікпесінің дамуында негізгі себепші аллергендермен (кенелердің тіршілік әрекетінен пайда болған өнімдер, үй шаңы, зең саңырауқұлақтарының споралары, өсімдіктердің тозаңдары, үй-жануарларының түктері, құс қауырсыны, аквариум балықтарының жемі, тағам аллергендері, пассивті шылым шегу (шылым түтінмен тыныстау) сияқты осындай зиянды әрекеттермен тұрақты байланыста болуы осы сырқатқа әкеп соғады. Бронхтардың шырышты қабаттарының қабынуына, балалардағы бронх демікпесінің асқынуына алып келетін қоздырғыш-факторлар: (триггер) жедел респираторлы вирусты инфекциялар, ауаны ластаушы заттар (өнеркәсіптік және химиялық қосылыстар), стероидты емес қабынуға қарсы препараттар (аспирин, анальгин, парацетамол, нурофен және т.б), өткір иістер, едәуір физикалық жүктеме, суық ауамен тыныстау.

Бронх демікпесінің бар-жоғын қалай анықтауға болады?

Бронх демікпесінің клиникалық көрінісі балалардың жасына байланысты (әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар) осы кезеңге сырқаттанудың шарықтау шегі де сәйкес келеді. Бұл балалар көп уақыттан бері обструктивті бронхит, ЖРВИ кезіндегі обструктивті синдром диагнозымен бақылауда жүреді. 5 жастағы балаларға (пикфлоуметрия, сыртқы тыныс алу функциясы, диагностикалық сынамалар сияқты) зерттеулерді жүргізу мүмкін болмағандықтан, оларға диагностика жасау қиынға соғады.

Балалардағы бронх демікпесінің негізгі қайталамалы симптомдарына ысқырықты тыныс алу, жөтел, түнгі немесе таңғы қолайсыздықтар тудыратын ентігу, физикалық жүктемеден кейін немесе аллергенмен байланыстан соң пайда болған кеудедегі тарылу сезімдері жатады.

Бронх демікпесін атопиялық дерматит (терінің қышынуымен жүретін бөртпелер), аллергиялық ринит (бронх демікпесімен сырқаттанған науқастардың 90%-зы мұрынның бітелуі), мұрын қойнауларының полипозды өзгерістері сияқты дерттер туындатуы мүмкін, яғни осындай ауру түрлері бронх  демікпесінің бастауы бола алады.

Ата-ана балаға ұстама кезінде қалай көмектесуі керек?

1.Баланы орындыққа отырғызып, шынтақтары тізеге тіреліп тұратындай етіп денесін алға қарай еңкейту керек.

  1. Баланы таза ауамен тыныстату керек. Қысқы уақытта, бөлменің суып кетпеуін, ал гүлдердің тозаңдану мезгілінде аллергендер жөнінде ұмытпаған жөн.
  2. Бронхтың тарылуын ингалятор көмегімен басу. Алғаш рет дәріні қолданған кезде оның нұсқаулығын оқып алу керек.
  3. Шұңғыл ыдысқа жылы су жинап (ыстыққа жақын) баланың қол-аяқтарына ванна жасау керек. Бұл әдістер бронх демікпе ұстамасы кезінде көмектеседі.

Бронх демікпесін қалай  емдейді?

Ең тиімді ем шарасы аллергенді элиминациялау болып табылады. Бірақ тәжірибе жүзінде бұны орындау, көп жағдайда мүмкін емес. Демікпені көп науқастарда тиімді бақылауға болады, бірақ оны емдеу көп жағдайда мүмкін болмайды. Медикаментозды емді таңдау бронх демікпесінің ауырлық жағдайы мен кезеңіне байланысты жасалады. Дегенмен, қай уақытта да емдік заттар мен емдеу әдістерін әр науқасқа дербес түрде таңдаған жөн. Емдеуде тұрақты, ұзақ мерзімді жүргізілетін бақылаушы (базалық) ем және керек кезде ғана қолданылатын жедел симптомдарды жеңілдететін симптоматикалық ем (жедел жәрдем) бар. Базалық препараттар тыныс алу жолдарындағы қабынуды азайтып, симптомдарды бақылауға көмектеседі, аурудың өршу қаупін азайтады. 5 жастан асқан балаларға базалық ем міндетті түрде сыртқы тыныс алу қызметін пикфлоуметрия, FEV1, PEF бақылай отыра жүргізіледі. БД емінде емдеу көлемін таңдауда медикаментозды емнің тиімділігі мен клиникалық көрінісіне байланысты азайтып немесе көбейту арқылы сатылы ем түрін таңдаған жөн. Емі тиімсіз болған жағдайда маманға қаралу керек.

Маманға қаншалықты жиі қаралу керек?

Емнің амбулаторлы кезеңінде дәрігерге бару жиілігі бронх демікпесінің бастапқы ауырлық жағдай дәрежесіне байланысты. Әдетте алғашқы барудан бастап санағанда 1-3 айда 1 рет, кейін әр 3-12 ай сайын дәрігерге көрініп тұруы керек. Бронх демікпесінің  өршуі тоқтатылған соң (оның ішінде стационардан шығу) алғашқы аптаның ішінде дәрігердің бақылауынан өтіп, тексерілуі керек. Бақылаудағы емін азайту мерзімі әр науқасқа дербес түрде тағайындалады. Емнін азайту (терапия сатысын төмен түсіру) мүмкіндігі БД 3 ай немесе одан көп уақыт бақылауда болып және ол бақылау ары қарай сақталған жағдайда ғана мүмкін болады.

Бронх демікпесінің ұтымды емдеуі дәрігер, науқас бала және олардың ата-аналары мен туыстары арасында сенімді әрі серіктестік байланыс орнатқанда ғана мүмкін болады.

Бронх демікпесінің алдын-алу шаралары?

Балалардағы бронх демікпесінің алдын алуына баланың өмірінің алғашқы  уақытында ана сүтін емуі, баланың жасына сәйкес қосымша тағамды біртіндеп енгізілуі, тыныс алу мүшелерінің сырқатын белсенді түрде уақытылы емдеуі, тұрмыс орнында тазалықты сақтауы (ылғалды тазалау, кілемдер мен жұмсақ ойыншықтардан бас тарту) және үй жануарларынан бас тартуы (егер олар бар болса, олардың гигиена ережелерін толықтай сақтауы) керек. Шылымның түтінінен баланы аулақ ұстау (пассивті шылым шегу), спортпен тұрақты  түрде айналысу, жыл сайын теңіз жағалауында немесе таулы аймақта демалу маңызды.

Өткен 2019 жылы Педиатрия және балалар хиургиясы ғылыми орталығының пульмонология бөлімінде бронх демікпесі диагнозымен 123 бала емделіп шықты. Ауруханада жатып емделу кезінде 18 жасқа толмаған балаларға емдеу-диагностикалық көмек кешенді түрде жүргізіледі.

Автор:
Әлия Заитова, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Дәрігер-пульмонологы.