Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Пенитенциарлық жүйе мекемелерде АИТВ жұқпасының алдын алу


28 мая 2020, 09:29 | 974 просмотра



Қалыптасқан жағдайларда бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындаудың басты ерекшелігі – сотталғандарды түзеу процесін ұйымдастыру, олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, оларға әлеуметтік бейімделуге көмек көрсету сияқты міндеттерден басқа түзеу мекемелері қосымша, атап айтқанда, сотталғандарды емдеуді де қолға алады.

Сотталғандар арасында АИТВ жұқтырғандар саны жалпы эпидемияның дамуына байланысты. Көптеген сотталғандар өзінің диагнозын тек түзету мекемесінде АИТВ-ға міндетті түрде медициналық тексеру барысында ғана біледі. Сотталған адамға өзінің АИТВ-сі оң мәртебесі туралы білгенге дейін бірнеше жылдар ешқандай белгі бермеуі мүмкін, сондықтан олар өз ортасында қауіп тудыруы ғажап емес.

Пенитенциарлық жүйе мекемелерінде АИТВ-ның таралуына ықпал етуі мүмкін факторлар:

  • Зорлық-зомбылық АИТВ-ны қан арқылы жұқтыруға қосымша қауіп төндіреді (төбелес, бунттар), сонымен қатар сотталғандар ортасында сексуалдық қудалауға және зорлауға итермелейді.
  • Түзету мекемесінде жыныстық қатынастың қолжетімсіздігі және оның мүмкін болатын жолдарын іздеуге байланысты проблемалар, гомосексуалдық байланыстар мен жыныстық зорлық-зомбылықтар АИТВ жұқтыруы тұрғысынан қауіпті анальды секс практикасына жол ашады.
  • Сотталғандар арасында қамауға алынғанға дейін есірткімен әуестенгендер және өзінің есірткіге тәуелділігін қанағаттандыруға ұмтылғандар жеткілікті. Толық тыйым салынғанына қарамастан, есірткі ҚАЖ-дың ең жабық мекемелеріне контрабандалық жолмен өтуі мүмкін. Бір реттік инелер жетіспеуі себебінен есірткіні пайдалану кейбір жағдайларда қолда бар материалдардан (мысалы, шарикті қаламдардан) бірлесіп (шеңбер бойынша) жүргізіледі және АИТВ-жұқпасын жұқтыру мен таратудың ең қауіпті және жылдам тәсілі болып табылады.
  • Криминалдық ортада кеңінен таралған «қанды бауырластық» рәсімдері мен татуаж, стерильді емес құрал арқылы тері жабындарының пирсингі (тесу) есірткіні пайдаланбайтын және гомосексуальды байланысы жоқ сотталғандар арасындағы қан арқылы АИТВ жұқтыруы мүмкін болатын өте қауіпті жолы болып табылады.

Барлық АИТВ жұқтырған сотталғандарды оқшаулау мүмкін емес. ҚАЖ мекемелерінің қызметкерлері АИТВ жұқтырғандар түзеу мекемелерінің барлық бөлімшелерінде болуы мүмкін деп барлығына дайын болуы тиіс, сондықтан ҚАЖ мекемелерінде АИТВ жұқпасы мен ЖИТС-тың таралуының алдын алу үшін кешенді алдын алу жұмыстары жүргізілуі қажет. Ол жұмыс жүргізілуде, бұл жұмыстар пенитенциарлық жүйе мекемелерінде АИТВ жұқтыру қаупін төмендетудің жалпы стратегиясының бірқатар кезеңдерін қамтиды, алдын алу тұрғысынан алғанда бұл шаралар түзету мекемелері үшін үлкен рөл атқарады, өйткені басқа жағдайларда байланысқа түсуі қиын халықтың осал топтарына (тәуекел топтарына) жататын адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ҚАЖ мекемелерінің қызметкерлері және медицина қызметкерлері осы іс-шаралардың маңыздылығын түсінуі және оларды жүзеге асыруы тиіс, өйткені олар ерте ме, кеш пе қоғамға оралады.

Түзету мекемелерінде АИТВ-ның алдын алу мәселелері бойынша ақпарат беру түрлі әдіспен жүргізіледі. Атап айтсақ, дәрістер, жеке әңгімелесулер, ұжымдық тренингтер мен оқыту ойындары, аудио-бейнематериалдарды көрсету, әдебиеттерді тарату. АИТВ-ға байланысты дәрістер оқуды сырттан келген мамандар, мекеме қызметкерлері, сондай-ақ, сотталғандардың өздері де жүргізе алады.

Бірінші кезекте есірткіге тәуелділерді емдей отырып, есірткіге деген қажеттілікті төмендететін іс-шараларды ұйымдастыру қажет. Содан кейін «зиянды төмендету» бағдарламаларын енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн:

  • шприцтерді айырбастау, дезинфекциялау құралдарын беру және оларды пайдалануға үйрету;
  • Татуировка, пирсинг жасау үшін қауіпсіз жағдай қарастыру, татуировкаға арналған машинкаларды дезинфекциялау үшін құрамында хлор бар ерітіндінің жеткілікті мөлшерде болуын, татуировкаларға арналған құралдарды қайнату және дезинфекциялау үшін жағдай жасау;
  • Мүшеқаптардың қолжетімділігін қамтамасыз ету. Алайда, АИТВ жұқпасының жыныстық жолмен берілуі әлемде жетекші болып табылатынын, әсіресе жоғары беріктіктегі мүшеқаптарды пайдаланбай анальды секс қауіпті екенін ескеру керек.

Бұдан басқа, мүшеқаптардың қолжетімділігін қамтамасыз ету ғана жеткіліксіз — оларды дұрыс пайдалану және жою жөніндегі ақпарат қажет.

Түрмелер – жабық әлем емес. Қамалғандардың көпшілігінің, әсіресе, тергеу изоляторларында жазасын өтеуі ұзаққа созылмайды, кейбіреулері жазасын бірнеше рет өтейді. Сондықтан пенитенциарлық жүйеде АИТВ-ның таралуын болдырмау жөніндегі жұмыс қамаудағылардың өздері үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де қажет.

Автор:
Д.Ибраимов, Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы