Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МСҚ: елордада ПТР-тесттен кімдер тегін өтеді?


22 мая 2020, 10:38 | 136 просмотров



Бұл мақсатта бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінді. Бір тест бағасы шамамен 11,5 мың теңгені құрайды.

КВИ бойынша ПТР-зерттеулер жүргізуге республикалық бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте 1,7 млрд теңге стационарларға, 3,7 млрд теңге консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін емханаларға жіберіледі. Осы медициналық ұйымдарда емделушілер ПТР-тесттен тегін өтеді.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша полимеразалық тізбек реакциясы әдісімен биологиялық материалдан COVID-19 вирусын анықтау үшін диагностикалық зерттеуге 0,6 млрд теңге бөлінген. Өңірлер үшін тестілердің қажетті санын жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Қазіргі уақытта COVID-19-ға зерттеу жүргізетін медициналық ұйымдармен келісімшарттар жасалды», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.

 ПТР-тесттен кімдер тегін өтеді?

  • COVID-19-ға күдікті провизорлық стационарға жатқызылғандар;
  • ЖРВИ және пневмония симптомдары бар азаматтар;
  • КВИ жұқтырғандармен жақын байланыста болған адамдар;
  • стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезіндегі пациенттер;
  • тыныс алу органдарының, эндокриндік және жүрек-қан тамыр жүйелерінің аурулары бар динамикалық бақылаудағы 50 жастан асқан пациенттер;
  • шетелден келгендер;
  • коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларға тартылған ІІМ қызметкерлері;
  • жүкті әйелдер, т.б.

Айта кетейік, ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» эпидемияға қарсы іс-шаралар шеңберінде:

- байланыста болған үй карантиніндегі адамдарға;

- арнайы контингентке (респираторлық симптомдары бар және жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлеріне; эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне; қарттар үйлеріндегі, интернат және басқа мамандандырылған ұйымдардағы адамдарға);

- әскерге шақырылушыларға, т.б. өз есебінен ПТР-зерттеулер жүргізеді

Автор:
«Медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі