Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МӘМС: НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?


15 мая 2020, 11:29 | 186 просмотров



«Елімізде биылғы жылдың 1 қаңтарынан МӘМС жүйесі енгізіліп, жүйеге толық көшу 2020 жылдың 1 сәуіріне жоспарланған болатын. Алайда әлемде жарияланган пандемияга байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл мерзім ұзартылды. Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылған болып саналады, яғни, оларға сақтандыру мәртебесіне қарамастан МӘМС жүйесіндегі барлық медициналық қызметтер тегін  көрсетіледі. Ал медициналық ұйымдарға көрсетілген қызметтердің ақысын Қор төлейді», - дейді Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

 Медициналық сақтандырудың маңыздылығы неде?

   Біріншіден,   әрбір азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік адамның өзіне, жұмыс берушісіне және мемлекетке жүктелуінде. Яғни, жүйедегі ортақ жауапкершілік, табысы мен төлем мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған азаматтарға бірдей сапалы медициналық көмек көрсетіледі.

Екіншіден, әрбір азамат өзі емделетін медициналық жеке немесе мемлекеттік ұйымды таңдай алады.  Бұл дегеніңіз ауруханалар мен емханалар арасында қызмет сапасы мен дәрігерлердің біліктілігін көтеруге жол беретин сау бәсекелестікті  калыптастырады.  Айта кету керек, медициналық қызмет сапасы Қор тарапынан күнделікті бақыланып отыр. Медициналық сақтандыру қорының негізгі қағидасы – әлеуметтік әділеттілік пен ортақ жауапкершілік  қалыптастыру.

 Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының

қызмет жеткізушілері – елордалық медицина ұйымдары қалай жұмыс істеуде?

Бүгінде бар күш COVID-19 инфекциясына қарсы күреске жұмсалып жатқанын білесіздер, бірақ Нұр-Сұлтан қаласындағы шұғыл емге мұқтаж науқастарды қабылдайтын ауруханалардың жұмыс кестесі аса өзгере қойған жоқ. Тек жоспарлы медициналық көмек көрсетілетін науқастардың саны азайды. Ал емханалардың жұмыс тәртібіне карантин салдарынан біраз өзгерістер енгізілді:  жоспарлы медициналық көмек кейінге қалдырылып, жедел медициналық көмекке мұқтаж пациенттерді қабылдауда. Оларға зертханалық және диагностикалық қызметтер де көрсетіліп жатыр.

Қазіргі танда елордамыздың емханаларында көбінесе қауіпті топтағы балалар мен жүкті әйелдер, нәрестелер мен диспансерлік науқастарға патронаж қызметі тоқтаусыз көрсетілуде. Бірақ, бұл жұмыс азайды деген сөз емес. Учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандар қалған азаматтарды үнемі қашықтықтан бақылауда, қажет болған жағдайда бейнебайланыс және телефон арқылы кеңес беріп отыр. Карантинге қарамастан, созылмалы ауруы бар науқастар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Қарт адамдарға ақысыз дәрі-дәрмектер үйіне жеткізіледі. Атап айту керек, барлық медициналық ұйымдарда еліміздің Бас санитар дәрігерінің қаулысында қойылған эпидемиологиялық режим мен алгоритмдер талаптарына сәйкес  қауіпсіздік іс шаралары жүргізіліп отыр.

 Стационарлардағы қосымша төсек-орындар үшін жүргізіле ме?

- Иә, эпидемиологиялық ахуалға байланысты, қаладағы бірқатар ауруханалардан қосымша провизорлық және карантиндік профильді төсек-орындар ашылуына байланысты, онда медициналық көмек көрсететін дәрігерлер саны жағдайға қарай күнде өзгеріп отырады. Стационарларда қосымша төсек-орындар қажет болған жағдайда Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы бекітілген қызмет көрсету тарифтеріне сәйкес оларға төлем жүргізеді.

 Медициналық сақтандыру қоры қазір қандай режимде жұмыс істеуде?

Жеке тұлғалар 1 шілдеге дейін жарна төлемей-ақ барлық медициналық қызмет бойынша тегін

қаралуға мүмкіндік алды, ал жарна аударатын қызмет беруші қандай мекемелерге жеңілдік берілді?

Қойылған талаптарға сәйкес, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да арнайы режимде жұмыс істеуде. Барлық жұмыстар онлайн режимге көшірілді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жүзеге асып, қызмет көрсету әрекетінің дамығанының арқасында қашықтықтан мониторинг жүргізу қолжетімді болып отыр.

Бұған дейін айтып өткеніміздей, МӘМС жүйесіне тіркелу үшін жеңілдік жасалған мерзім жеке тұлғалар үшін 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартылды.

Шағын және орта бизнес субъектілері 2020 жылдың 1 қазанына дейін, ал ірі бизнестің кейбір субъектілері 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылды. Олар жұмыс беруші ретінде 2% мөлшеріндегі МӘМС аударымдарын төлемейді, сондай-ақ өз қызметкерлерінің жалақысынан да 1% жарнаны ұстамайды. Осылайша, 1 миллионға жуық азамат (бұл - осы салалардағы қызметкерлердің жалпы саны) МӘМС төлемінен босатылды.

Жеке кәсіпкерлер де жеңілдік алды. Оларға 2020 жылдың 1 қазанына дейін өз қызметкерлері үшін аударымдарды төлеудің және жалақыларынан жарналарды ұстаудың қажеті жоқ. Алайда Заң жарналар мен аударымдардан бас тартуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан 1 қазанға дейін бизнестің субъектілерінде төленбеген кезең бойынша қарыз пайда болады. Осыған байланысты Қор «жарна төлеуден босатылған» кызметкерлерге қарызды есептемейтін заң нормасын енгізу туралы ұсыныстарға бастамашы болып отыр. Осылайша Қор азаматтарымызға қиын уақытта өз қолдауын көрсетпек.

Автор:
"Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі