Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДЕНСАУЛЫҚТЫ ҚОРҒАУ ҮШІН, КАРАНТИНДЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?


30 апреля 2020, 12:56 | 393 просмотра



Медициналық сақтандыру қорының қызмет жеткізушілері карантин кезінде тұрғындардың коронавирусқа қарсы тұруына қалай көмектесуде? Елордалық медицина ұйымдары қазір қалай қызмет көрсетуде? Қалай жабдықталған? Дәрігерлер қазіргі уақытта қалай жұмыс істеуде? Стационарлардағы қосымша төсек-орындар үшін МСҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы төлем жүргізе ме? Денсаулықты қорғау үшін, карантинде не істеу керек?

Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді қалалық ауруханасы мысалында, аурухана директоры, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты білікті дәрігер-дерматовенеролог Жұлдыз Сейітқамзақызы Данбаева айтып береді:

Біздің №3 көпбейінді қалалық аурухана – Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының медициналық қызмет жеткізушілерінің бірі. Аурухана құрамына №3 перинатальдық орталық пен дерматология бөлімшесі (бұрынғы тері-венерология диспансері) кіреді.

КВИ жағдайына байланысты дерматология бөлімшесінің базасында 220 провизорлық төсек-орын жасақталды. Қазіргі уақытта онда пациенттер ем алуда. Провизорлық стационарда қызмет көрсетіп жүрген дәрігерлер үшін бөлек тариф белгіленді. Дәрігерлердің бұл еңбегі Үкімет, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Медициналық сақтандыру қоры тарапынан қолдау тауып, олар Қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы арқылы аударылған үстемеақыларын алды.

Біздің қызметкерлеріміз «Рамада Плаза» қонақ үйінде 800 төсек-орынға  жасақталған карантиндік стационарда медициналық қызмет көрсетті. Перинатальдық орталық толық көлемде жұмыс істеуде, ЖРВИ белгілері анықталған жүкті әйелдер үшін қосымша обсервациялық төсектер қойылған.

Ал тері аурулары бар сырқаттарға дәрігерлер қазіргі уақытта негізінен қашықтан кеңес береді. Мұндай пациенттер үшін стационарда – 2, емханада – 2, барлығы 4 кезекші дәрігер жұмыс істейді. Онлайн-кеңестер ұйымдастырылған. Ал шұғыл жағдайдағы сырқаттарды бөлімшеде қабылдаймыз. Егер мұндай пациенттерге жедел талдаулар қажет болса, зертхана жұмысы бұрынғыдай жұмыс істейді.

Провизорлық және карантиндік стационарда медициналық көмек көрсететін дәрігерлер саны эпидемиологиялық ахуалға байланысты.  Жағдай күнде өзгеріп отырады. Әуе рейстері арқылы келген жолаушыларды карантинге қабылдаған кездері 100 адамға дейін жұмыс істеді.

Жеке қорғаныс жабдықтарымен 100 % толық қамтылған. Ал құрал-жабдықтармен – 95-98% жабдықталған. Стационарларда қосымша төсек-орындар қажет болған жағдайда Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы төлем жүргізеді. Сондай-ақ, егер қажет болса, Қор біздің медициналық мекемелеріміз үшін қызмет көрсету тарифтерін де көтереді деген ойдамыз.

Ресми деректер бойынша, еліміздің барлық аймақтарында жазылып шыққандар бар, олардың көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласында. Бірақ КВИ жұқтырғандар саны күн санап артуда. Осыған орай, қазіргідей коронавирус эпидемиясы кезінде қала тұрғындарына мына қорғану, алдын алу шараларын естен шығармауды ұсынамыз:

  • карантин шартын сақтау;
  • адам көп жиналған жерлерге бармау;
  • бетперде тағып жүру;
  • бетті, көзді ұстамауға тырысу;
  • қол мен бетті жақсылап жиі-жиі сабынмен жуу;
  • қолға арналған спиртті антисептіктерді пайдалану;
  • қол беріп амандаспау, ара-қашықтықты сақтау, құшақтаспау;
  • ауырған адамдармен байланыста болудан сақтану.

Суық тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауыруы) байқалса, «Жедел жәрдемге» хабарласу қажет.

Автор:
Материалды ұсынған "Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі