Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алматы облысына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан НАДЫРОВ арнайы іссапармен келді


16 апреля 2020, 06:21 | 601 просмотр



Алматы қаласына іргелес жатқан облыс аудандарын аралаған ол коронавирусқа қарсы күрес шараларымен танысты.

Ең алдымен Есік қаласына келді. Мұнда Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ өңірдегі індетке қарсы іс-шаралардың қалай жүріп жатқанын баяндады.

Ал аудандық ауруханының жұмыстарымен бас дәрігер Жәмиля Әбеуова жан-жақты таныстырды. Ол ақ халатты абзал жандардың жұқпалы дертті ауыздықтауға бар күш-жігерін сарқа жұмсап жатқанын жеткізді.

Қазіргі ортақ міндет – вирустың таралуын тежеп, аурудың бетін қайтаратын амалдар табу керек екені баршаға түсінікті. Сондықтан, ауруханадағы реттілік пен тәртіпке жіті назар аударылады. Қажетті құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер, бетперделер мен арнаулы киімдермен толық қамтамасыз етілген. Вице-министр аудандағы әріптестерінің ұсыныс-пікірлеріне де ден қойды.

Бұдан кейін Түрген ауылы маңындағы «Тау самалы» сауықтыру орталығына бас сұқты. Өйткені, мұнда инфекциялық бөлімнің дәрігерлеріне арналған демалыс бөлмелері жабдықталған. Онда 70-тен астам медицина қызметкері орналасқан. Оларға барлық жағдай жасалған. Сақтық шараларына байланысты дәрігерлер қазір уақытша отбасына жіберілмейді. Ақ халатты абзал жандар осында демалып, осында тамақтанады. Күш жинап, қуат алу мүкіндіктері жан-жақты ойластырылған. Вице-министр ұйымдастырылған бұл жұмыстарға қанағаттанарлық баға берді.

Іс-сапар соңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Камалжан Надыров әкімдермен және аудандық аурухана дәрігерлерімен селекторлық жиын өткізді.

– Ең алдымен дәрігердің ұқыптылығы өте қажет. Бұл істе ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды. Біздер үшін бәрі маңызды. Өз істеріңізге, өз денсаулықтарыңызға сақ қараңыздар. Өйткені, сіздер сәт сайын науқастармен тығыз қарым-қатынаста боласыздар. Сондықтан, емдеушінің орнына вирус тасымалдаушыға айналып кетпеңіздер. Соны ерекше ескерген жөн, – деді Камалжан Надыров.