Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сүндет тойдың «сценарийi» қашан өзгередi?


8 октября 2010, 10:53 | 3 203 просмотра



Қазақта айран көп, орыста мейрам көп» десек те, соңғы жылдары қазекем тойдан да, мейрамнан да кенде болып жатқан жоқ. Солардың iшiндегi ең ұлығы, ең «суперi» – сүндет той екенi сөзсiз. Баланы сүндеттеу – үлкен рәсiм. Ол – әр ата-ананың борышы. Жалпы баланы сүндетке отырғызудың тарихынан сыр шертер болсақ, сүндеттеу мұсылман халқынан өзге Орталық Американың үндiстерiнде, африкалық тайпаларда, британдық ханзада отбасыларында кездеседi екен. Бiздiң эрамыздан 2000-2500 жыл бұрын ежелгi Мысыр елiнде кең қолданылған көрiнедi. Сүндеттелген перғауын бейнесi мен ересектеу екi баланы сүндетке отырғызу рәсiмi көрсетiлген папирус суреттерi Каир мұражайында сақталған. Бүгiнде әлем тұрғындарының 1,5 миллиардын құрап отырған мұсылмандарды былай қойғанда, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия секiлдi бiрқатар мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу қалыпты үрдiске айналған.

Десек те, кейбiр мамандар: «Сүндет – мұсылмандар мен еврейлерге ғана тән дiни мiндет, өзге дiн өкiлдерiне қатысы жоқ. Ол гигиена сақтау қиынға соғатын ыстық аймақтарда қолданылған. Бүгiнгiдей гигиенаны сақтау мүмкiндiктерi жоғары кезде оның қажетi жоқ. Ол құмарлықты тежейдi», – деген пiкiрлердi алға тартады. Бiрақ АҚШ-тың педиатрлық академиясының ғалымдары 1999 жылы сүндеттiң медициналық тұрғыдан пайдалы екенiн жариялады.

Сонымен бiрге, сүндеттеудiң несеп қуық жолдарын сирек кездесетiн қатерлi, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтынын мәлiмдедi. Шынында, бiз сөйлескен хирург Серiк Жолдасов сүндеттеудiң адам денсаулығына үлкен пайдасы бар екенiн мойындай отырып: «Баланы сүндетке отырғызу өте оңай, ал микробтардан сақтап қалу қиын. Сондықтан дәрiгер ретiнде баланы хирургиялық жолмен сүндеттеудi дұрыс дер едiм. Хирургиялық жолмен сүндеттеу баланың денсаулығына да пайдалы» дегендi айтады. Әйтсе де ел iшiнде баланы сүндеттеумен бұрыннан айналысып келе жатқан қолы жеңiл молда адамдар бар екенiн бәрiмiз бiлемiз. Баласын сүндетке отырғызған ата-аналар дәрiгердiң бұл iстi тым ұзаққа созып, жас баланың жанын әбден қинайтынын айтады. Ал молдалар дәрiгерге қарағанда әлдеқайда ширақ, әрi тез қимылдайды. Содан ба, молданың «қолынан» шыққан бала арада екi-үш сағат өткен соң-ақ шауып-шапқылап кетедi. Әйтсе де «қолы жеңiл екен» деп тазалық мәселесiн еш естен шығармау қажет. Сондықтан баланы кiм сүндеттесе де, мейлi ол дәрiгер немесе молда болсын, ең бастысы – өз iсiн бiлетiн, ұқыпты, тәжiрибелi маман болуы керек.Ендi сүндет той туралы... Бiр өкiнiштiсi, бiздiң тойлардың бiр-бiрiнен анау айтқандай айырмашылығы жоқ қой. Басында ата-әжелерiмiз бата бередi, сосын құдалардан бастап, кезек-кезегiмен бәрiн сөзге шақырады. Ара-арасында «құдалар биi», «нағашылар биi», «жиендер биi» деп ортаны биге толтырады. Сүндет той екенiн жас баланың атқа мiнiп, ортаға шығып, жұрттың жапа-тармағай қоржынға ақша салып жатқанынан ғана бiлуге болады.

Сүндет тойға төңкерiс жасаған бiр үлкен тойды жақында Оңтүстiктен көрдiм. Сұлу табиғат аясына айналдыра бiрнеше киiз үй тiгiп, ортаға халықты жинап, ән-жырға бөлеген бұл сүндет той бiрден-ақ елдi баурап алып кеттi. Бiр шетте бiрнеше астау толы қымыз, табақ толы бауырсақ, кiм қол созса да, ешкiм қақпайды, қауын-қарбыз, көк-сөк жеймiн десең, арбасымен тұр.

Келген қонақтар киiз үйлерге бөлiнiп, үлкен дәм берiлiп болған соң, қараңғы түсе той киiз үйлердiң ортасына орнатылған сахнада жалғасты. Сөйлеймiн деген адам сөйледi, билеймiн деген адам биледi. «Сөйлемесең, билемесең, болмайды» деп қинап жатқан ешкiм жоқ. Бала кезде көз алдымызда қалған баяғының колхоз тойынан қайтқандай ел арқа-жарқа болып, осы тойдан бiр ой түйiп қайтты.Әрине, өте керемет ұйымдастырылған бұл той адамдардың санасында қаншалықты төңкерiс жасайды? Бiздiң «сүрленген» сүндет тойларға бiр өзгерiстiң керек екенi айдан анық қой. Жұрттың бәрi тойды табиғаттың аясында киiз үй тiгiп, тойлауға шамасы келмес. Алайда, тойлардың iшiндегi ең ұлығы, «суперi» – сүндет тойдың «сценарийiн» қалай өзгертемiз? Той деген тек жекжаттан ақша жинап алу ғана емес, қайта жақсы той өз ерекшелiгiмен елге үлгi болуы тиiс емес пе? Сiз қалай ойлайсыз?

Автор:
Оралхан ДӘУIТ