Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Шипагерлік Баян» кітабының медициналық тағылымдары


8 октября 2010, 10:52 | 2 189 просмотров



«Шипагерлік Баян» - дүниенің қызығын мүлде ұмыт-қан, сынақ атулыны әуелі өз басына жасап, талай рет уланған, өлмегеннен басқаның бәрін көрген, жар құлағын жастыққа тигізбей жаһан кезген, елден көрген-білгендерін саралап түйіндеген, қайраты мұқалмас, ақылы телегей-теңіз, ойы талғамды, әрі тиянақты Өтейбойдақ бабамыздың ел-жұртының, болашақ ұрпақтарының мәңгілік кемістік, мүсәпірлік, ғаріптік көрмеуі, азап тартпауы үшін артына қалдырған, растығына шүбә келтірмес, ғылыми өресі биік төл тәжрибелерінің туындысы.

Бұл еңбек – түсіне білгенге шын мәнінде де, қолға түспес асыл мұра. Тек өткіншісі – қолжазбаның бізге толық жетпей, өртенгеннен қалған жұрнағының ғана (төрттен бір бөлігі) қалуы. Бұл еңбекті толық бағалау үшін тек еуропалық медициналық білім жеткіліксіз, сонымен қатар шығыс халық медицинасының негіздерінен де (қытай және тибет) хабардар болу шарт.

Бес ғасыр бұрын жазылған «Шипагерлік Баян» кітабының жұрнағынан біз не таптық?

Бабамыздың еңбегіне ой жүгірте отырып, осы уақытқа шейін бізге беймәлім болып келген, біздің көшпенділердің өз алдында кемелденген шығыс медицинасының жүйесінің, ғылыми атаулары мен сөздіктерінің, адам анатомиясы мен физиологиясынан хабардар ете алатындай түсініктемелерінің, көптеген аурулардан айықтырып жібере алатындай дәрі-дәрмектерінің болғанына көз жеткізесің. Бабаларының даналығын сезініп, рухтың көтеріліп, төбең көкке жеткендей қуанасың да.

Кітаптың 80-83 беттерінде бабамыз емші деген сөзден шипагер сөзінің дұрыс екендігін дәлелдейді. Емшілік деген қақалақтың өзін көрмей, мүйізін ғана көрегендік. Тек шипагерлік сөзі ғана мағыналы, тауып айтылған. Ол шипа жазады, қонады, дариды, айықтырады деген сенімділікпен жазылсын, қонсын, дару болсын, сақтайсын деген ақ тілек, тілеулестік ұғымымен қоса науқас пендеге жанашырлық танытпақ. Шипагерлікті дарымдаулық және болжамалы деп екі топқа және оны жиырмадан аса түрге бөледі.

«Алла адамды топырақтан жаратқан. Адамзаттың топырақтан жаралғанына дәлел: бала туыла сала сол жердің, туған мекенінің ауасымен тыныс алады. Анасының сүтін емеді. Сол баланың тұлғалық бітістік құрандысы сол жердің топырақ құрандысымен тең болмағы шарт. Барлық жердің топырақ құрандысы, топырағының түсі ұқсас болмайды. Топырақтағы құрандылық кемістік адамзатына жан ашырлық кемістікті ала келеді.

Айталық, алқым ұрысы ерекше үлкейетін адамдар бар. Олар онысын мақтан көреді, басқалардан ерекшеміз деп санайды. Бұл топыраққа, өте-мөте топырақ құрандысына қатысты ма, әлде Алланың жазуы ма? Бірақ мұндай пенделер белгілі өңірде ғана бар, жалпылық адам пендесінің бәрінде емес, және сол орынның адамы басқа жерді мекендесе, үлкендерінің алқым ұрысы кішірейсе, балаларында болмайды екен. Бұған қарағанда, топырақ құрандысында адамға пайдалы бір нәрсенің жеткіліксіздігі айдан анық ұғыныс болмақ. Ол не нәрсе, ол белгісіз. Бұл тек жаратушыдан басқаға аян емес» - деп жазады (48 бет).

Қандай байқағыштық десеңізші?! Бұл қазір ғана бізге ғылымның дамуы арқасында белгілі болған – зоб ауруы туралы. Ол туралы аймақта тұратын адамдарда кездеседі. Себебі топырақта және ауыз су құрамында иод микроэлементінің жетіспеушілігенен болады. Оны біздің бабамыз 500 жыл бұрын біліпті.

Әз Жәнібек ханның Өтейбойдақ шипагердің кеңесі бойынша шығарған алғашқы үш жарлығында:

1.Жат төсектілікке жол бермеу;

2.Жеті атадан кейін ғана қыз алысу;

3.Бететн сүймеу туралы айтылған. Оның бүгінгі күн ішінде де маңызы зор.

Соңғы жылдары туберкулездің ашық түрімен ауыратын сырқаттар көбейгені мәлім. Ол негізенен сүйіскенде, біздің жастарда жиі кездесетін қақырып-түкіру сияқты нәрселерден жұғатын мерез ауруы соңғы кезде елімізде тоғыз есе өскені де белгілі және ең қауіпті ауру СПИД-пен ауыратындардың саны да көбейіп отыр. Бұл үшін жарлықтың, меніңше, ең маңыздысы – көп халықтың ішінде тек біздің қазақта ғана жеті атаға жетпей қыз алуға рұқсат жоқ екен. Соның әсерінен біздің халықтың генофоны жақсы сақталған. Ол да Өтейбойдақ бабамыздың көрегендігінің арқасы.

«Шипагерлік баянда» болашақ дәрігерлерге беретін этика-деонтологиялық тәрбие де баршылық. Шипагерліктің нәтижелі және дарымды болуы әр емшінің кішіпейіл мінезіне, білімділігіне, имандылығына байланысты екендігі айтылады. Осыған байланысты шипагерлерге дүниеқор болмауға, Алланың берген қасиетін саудаламауға, «Қол кірі – дәулетке қызықпа», - деп, «қанағат түбі-рахатқа» үйретеді.

Адам сырқаттарының себептерін талдай келе (146) тіл сұғы және көз сұғы дегеннің де болатынын айтады. «Міне, осындай сұғы барлар қылықты да сүйкімді баланы көріп, «Паһ!» десе болғаны келесі, сол уағынан қалмай шетінемек, мұны көзіммен көрдім. Көз сұғы бар адамның көзінде не көз айналасында қара қал, не мендіме көз көрігі болмақ. Оның көз қаращығы жалынды, қарауы сұқты, өткір. Жанары қара болмақ. Тіл сұғы барлардың аузының айналасында меңдіме қалы болмақ. Тіл-сұқ тиген балаға меңдуана ұрығынан бір талдан үш талға дейін, үлкендерге бес-жеті талын талқандап жегізсе, жазылып, айықпағы айқын болмақ» - дейді.

Тарихтан белгілі Тибет медицинасы VII ғасырда шығыс медицинасының барлық жетіс-тіктерін біріктіріп, жинақтап, бір жүйеге келтіріп, оның негізі болған «Чжуд-ши трактатын өмірге әкелді. Тибет ламалары: «Емдеуге болмайтын ауру жоқ, тек қана емдеуге көнбейтін адамдар бар», - дейді. Шығыстың атақты ламаларынан «Алтын барыс» атағын еуропалық Виктор Востоков моностырда оқыған кезінде 300-дей пәннен дәріс алғанын өз кітаптарында жазады.

Қорыта айтқанда, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы – шығыс медицинасының үлгісімен, бірнеше ғылымдардың басын біріктіріп медицина іліміне қызмет етуге, адам баласының ең басты байлығы – денсаулықты сақтауға, сырқаттарды емдеуге бейімделген терең де тарихи ғылымнама. Сондықтан бұл кітаптың бір сөзін қалдырмай жан-жақты талдап, қазіргі медицина жетістіктерімен толықтырып, ұлттық медицинамыздың негізгі өзегіне айналдырған жөн.

Автор:
Әбдісабыр Өмешұлы Медицина мамандарының білімін жетілдіру ғылыми институты, м.ғ.к., доцент