Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жаңа басшылар таныстырылды


17 февраля 2020, 05:05 | 198 просмотров



Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс активінің жиыны өтті. Жиында облыстық полиция департаментінің, сол сияқты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің жаңа тағайындалған басшылары таныстырылды.

Амандық Баталов полиция генерал-майоры Серік Мырзақұлұлы Күдебаевтың Алматы облысының полиция департаментіне басшы болып тағайындалғанын және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне Ернар Әбсейітұлы Мақажанов басшылыққа келгенін атап өтті.

Еңбек жолын Алматы облысының Жамбыл ауданынан бастаған Серік Күдебаев, Жамбыл облысында, Алматы қаласында абыроймен қызмет істегенін, Алматы облыстық полиция департаментін бұған дейін де басқарған тәжірибелі маман екенін тілге тиек етті. Сол сияқты Ернар Мақажановтың да өмірбаянына, қызметтік баспалдақтарына қысқаша тоқталып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жиында айтылғандай, бұған дейін облыстағы ішкі істер саласына білікті жетекшілік еткен полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмхановтың басқаруы кезінде өңірде тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттерін салу, «Көршілер бақылауы», «Нөлдік төзімділік» сияқты жобаларды жүзеге асыру және басқа да шаралар қолға алынған. Саланың материалдық-техникалық базасы жақсарған. Аты аңызға айналған генерал Ә.Болсамбековтің атындағы музей ашылып, оған облыстық полиция тарихына қатысты жәдігерлер жинақталған. Актив барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің бұрынғы басшысы Данияр Мұханұлы Тұрғанбаевтың да сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы еңбегі атап өтілді.

- Бәріміздің ең басты міндетіміз – Елбасының, ел Президентінің тапсырмаларын орындау, халықтың игілігіне қызмет ету. Ортамыздан шығарып салып отырған азаматтарға ақ жол тілеймін! Ал жаңадан тағайындалған басшылармен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деді А. Баталов.

М. Ұрұмханов пен Д. Тұрғанбаев та өз кезегінде сөз алып, бірнеше жыл бірге қызмет істеген, қолдау көрсеткен әріптестеріне ризашылықтарын білдірді.