Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Елордадағы медицина ұйымдарында ақпараттық стикерлер орнатылды


14 февраля 2020, 09:56 | 67 просмотров



Ол не үшін керек?

Елордадағы медицина ұйымдарында QR-коды бар ақпараттық стикерлер пайда болды. Бұл стикерлер не үшін керек? – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі түсіндіреді.

Медициналық саақтандыру қоры 1406 – байланыс орталығының номері көрсетілген ақпараттық стикер әзірледі. Көрсетілген номерге хабарласып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты кез келген сауалға жауап алуға болады.

Сондай-ақ, стикерде  салынған QR-кодты сканерлеу арқылы МӘМС жайында қажетті ақпарат алу үшін Қордың ресми сайтына өтуге,  Telegram- және What’sApp- боттармен байланысуға болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 емханада болып, арнайы ақпараттық стикерді өзі ілген болатын. Осыдан кейін мұндай стикерлер тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде  медициналық қызмет көрсету үшін Қормен келісімшартқа отырған қаладағы барлық емдеу мекемелеріне орнатылды.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2020 жылы медициналық қызмет жеткізушілер саны – 96. Олардың барлығы дерлік арнайы стикермен қамтамасыз етілді. Осындай ақпараттық стикер ілінген медицина ұйымдары Қормен келісімшартқа отырған мекемелер екенін білдіреді», - дейді  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.

Ақпараттық стикер – бұл, ең алдымен, пациенттерге «Мұнда МӘМС бойынша медициналық қызмет алуға болады» деген белгіні көрсетеді. Ал QR-кодпен  азаматтар түрлі жолдар арқылы байланыса алады. Қор пациенттер құқығын қорғайды, сондықтан бізге тұрғындармен кері байланыстың болуы маңызды.

Елордалық емдеу мекемелерінің басшылары атап өткендей, МӘМС жүйесі іске қосылғаннан кейін пациенттер денсаулық сақтау саласында болып жатқан өзгерістер жайында көбірік білгісі келеді. Сондықтан түсіндіру жұмыстары үшін түрлі ақпарат алу көздерінің болуы маңызды.

Ақпараттық стикерлер Қазақстанның барлық аймақтарындағы Қормен медициналық қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасаған медицина ұйымдарына орналастырылады.

Естеріңізге саламыз, 2020 жылдың 1 қаңтарынан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. 31 наурызға дейін елордамыздың барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған боп есептеледі (әзірге сақтандырылмаса да) және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді толық көлемде ала алады. Яғни, осы аралықта  сақтандырылмаған пациенттер медициналық сақтандыру жүйесінің ерекшеліктеріне мән беріп, өздерін осы жүйеге сәйкестендіріп, тіркелуі тиіс. Ақпараттық стикерлер осы секілді МӘМС жүйесіне қатысты сауалдар туындағанда тез арада мамандармен хабарласып, жауап алуға мүмкіндік береді.

Автор:
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі