Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

“Шығысэнерготрейд” жауапкершілікке тартылатын болды


1 октября 2010, 12:00 | 1 639 просмотров



Семей өңірінің осыдан екі апта бұрын электр жарығынсыз және сусыз қалуына қатысты туындаған ахуалды Бас прокуратура тексеруде. Халыққа зардап әкеліп, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысына кедергі келтіргені үшін кінәлі болған лауазымды тұлғалар жауапқа тартылмақ. Қазірдің өзінде Табиғи мополияларды реттеу агенттігі энергетиктер мен су мекемесінің өкілдерін өз міндеттеріне «немқұрайлы қараған» деген айып тағып отыр.

Естеріңізге салсақ, осы айдың ортасында “Шығысэнерготрейд” компаниясы Семей қаласын сумен қамтамасыз ететін нысандарын электр қуатынан ажыратқан. Соның салдарынан бірқатар тұрғын үйлер, балабақша, мектептер, тіпті ауруханалар да тіршілік нәрінсіз қалған. “Семей су арнасы” электр қуатын өндіруші мекемеге 230 млн. теңге берешек. Қатаң шара қолданған монополистер ақыры қарызды қайтарудың жаңа кестесін мақұлдады. Қазір су арнасы оларға апта сайын 1 жарым млн. теңгеден төлеуде. Алайда қаржы уақытында берілмесе, су станцияларының қайта жарықтан ажыратылмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Осы мәселе Мәжіліс депутаттарын да алаңдатуда. Бүгін олар жауапты ведомствоның жұмысын сын-

ға алды. Тіпті Монополияларды реттеу емес, “қорғау” агенттігі деп атауын өзгерту туралы да ұсыныс түсіпті. Бақылаушы орган өкілдері өз кезегінде тиісті іс-шараларды қолға алғанын айтады. Олар “Шығысэнерготрейд” пен “Семей су арнасына” қатысты арыз-шағымды Бас прокуратураға жолдады. Агенттік төрағасының айтуынша, қандай мәселе туындаса да, әлеуметтік нысандарды жарық пен судан ажыратуға заң жүзінде тыйым салынған. Бірақ энергетиктер тұтынушыларымен келісім-шарт жасасқанда, осыны ескерген жоқ.

Автор:
«ЖД» ақпарат