Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Онкология саласындағы оң әдістер


1 октября 2010, 11:59 | 1 588 просмотров


Еліміздің ғылыми –зерттеу институтының профессорлары Павлодарға келді. Бұл кездейсоқтық емес. Кереку жерінде жаңа заман талабына сай келетін онкологиялық орталық ашу керектігі соңғы кезде жиі айтылып жүр. Бұған себеп Павлодар облысы тұрғындарының қатерлі ісікке шалдығу деңгейінің артуы. Онкологтар сырқатты жеңуге болатынын айтады. Ол үшін ауруды ерте бастан анықтаудың тиімділігі зор. Медицинасы дамыған елдердің озық тәжірибесіне қанық маман шеберлік сыныбын өткізді.Жас онкологтарды жинап, науқасқа операция жасап көрсетті. Емдеудің тиімді жолдарын көрсетті.

Павлодардың онкологиялық диспансері жылына екі мыңға жуық адамды тіркеуге алады. Бүгінгі таңда сегіз мыңнан астам сырқат қатерлі ісікпен дәрігердің бақылауында тұр.Олардың басым бөлігі қала тұрғындары. Адамдардың жаппай науқастануына аймақтағы ауыр индустрия саласының қарқындап дамуының ықпалы зор дейді жергілікті дәрігерлер. ҒЗИ академигі Жеткерген Арзықұлов жетекшілік етіп келген Қазақтың онкология және радиология ғылыми –зерттеу институтының жетекші мамандары 2 күн ішінде оқыту дәрістерін өткізді.Сүт безі, жатыр мойыны және асқазанға операциялар жасады.Марат Жаманбаев онкологиялық диспансердің хирург, онколог маманы. Он екі жыл ішінде алдынан талай сырқат өтті. Өзі де күрделі операцияларды жасап шыңдалған. Операция жасау біліммен қатар ептілікті де талап етеді дейді ол. Академик Жеткерген Арзықұловтың тәсілі ерекше екенін жасырмайды. Болашақта өз тәжірибесіне де қолданбақ. Павлодар тұрғындары арасында өкпенің қатерлі ісігі алдыңғы орында тұр.Одан кейін әйелдердің сүт безі. Мамандар сырқаттың жасарып бара жатқанына да алаңдаулы.Соңғы кезде қолданысқа енген скринингті яғни жаппай диагностикадан өткізудің тиімділігі зор екен. Десекте, онкологиялық орталыққа ауруы асқынғандар келеді. Оларды емдеу ауыр әрі қымбатқа түседі. Сондықтан ҒЗИ мамандары Павлодарлық әріптестерін халықты жаппай диагностикаға жұмылдыруға шақырды.

Автор:
«ЖД» ақпарат