Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алғашқы дәріхана – орман мен дала


1 октября 2010, 11:46 | 2 772 просмотра


Адамзат дамуының алғашқы дәуірінде адамның негізгі қорегі өсімдік болды. Тағам үшін ішіп-жейтін өсімдіктер түрінің көбеюіне қарай, адам осылардың кейбіреулерінің ерекше қасиеті бар екенін байқаған. Бертін келе сол өсімдіктерді емделуге пайдалана бастаған. Яғни айтқанда, адамның тұңғыш ұстазы табиғат, алғашқы дәріханасы орман мен дала болды. Сөйтіп, адам өсімдіктерді тағам ретінде пайдаланудың арқасында халық медицинасын ашты.

Ертедегі египеттіктерге алоэ, қараған, анис, медуница, зығыр, лотос, көкпар, жалбыз, тал, арша, т.б. өсімдіктердің шипалық қасиеті белгілі болған. Ғажап сиқырлы күші бар шөптермен Үндістанның аты шыққан. Бұдан 4 мың жыл бұрын үндістандықтар 760 дәрілік өсімдікті пайдалана білген. Қытайда дәрілік өсімдіктер жөнінде алғашқы кітап бұдан 5 мың жыл бұрын жазылған. Орта ғасыр ғалымы Парацельс ерте заманнан келе жатқан ілім бойынша «емдік өсімдіктің пішіні, түсі, дәмі мен исі аурудың сипатына сай келуі тиіс» дейді. Мысалы, сарғайып ауырған адамды сары түсті өсімдікпен, бүйрек ауруын жапырағы бүйрек тәрізді өсімдікпен емдеу қажет.

Халықтық медицинаның ел арасына көп тараған және тәуір дамыған саласы – шөппен емдеу. Қазақ халқының емшілік салтында шипалы өсімдіктерді пайдалану ежелден бар дәстүр. Халық емшілері бұл жөнінде көптеген тәжірибелер де жинаған. Мысалы, қазақтардың қылшадан дәрі жасауына сүйеніп, 1924 жылы П.С.Моссагетов Қазақстанда өсетін қырықбуын қылшасының шипалы қасиетін ашқан. Оның құрамында емдік эфирин заты табылды. Шырғанақтан алынатын майды қазақтар жараны, күйікті жазуға, ит-мұрын жемісінің қайнатылған тұнбасын аурудан әлсіреген адамға әл беру үшін, тобылғы сабағын қыздырғаннан кейінгі майын теміреткіні және қотырды емдеуге, қалақай, мыңжапырақ тұнбаларын қан тоқтатуға пайдаланған.

Айта кететін бір жайт – қазақ халқы дермене жусанды емдеу үшін пайдалануын ғылыми медицинаға қосқан үлкен үлес деп бағалау ләзім. Өйткені дермене жусанды қазақтың халық медицинасы ішек құрты ауруына қарсы пайдаланған. Бабаларымыз аталмыш өсімдікті атам заманнан бері шетелдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп тұрған. Ол өте бағалы шипалы шөп ретінде жоғары бағаланған. Себебі бұл жусан Қазақстанның оңтүстігінен басқа жерде өспейді, яғни бұл өсімдікке дүние жүзінде сұраныс көп болған.

Халық медицинасы арқылы дәрілік шөптердің тізімінің ішінде атақты женьшень өсімдігімен таласа алатын бірден-бір өсімдік – қызғылт семізот (радиола розовая). Немесе оны халық «алтын тамыр» деп те атап кеткен. Алтайдың халықтық медицинасында «алтын тамыр» адамның жұмыс қабілетін арттыратын дәрі ретінде пайдаланылып келді.

Кейінгі жылдары ғалымдар алтын тамырдың құрамындағы экстракттың ағзаның дене жұмысына шыдамдылығын арттыратынын, жүрек-буын жүйесін жақсартып, жоғарғы жүйке жүйесінің ырғағына жағымды әсер етіп, қан қысымының реттелуіне көмегін тигізетіндігін анықтады.

Қазақстан бойынша семізот (алтын тамыр) туысының он бір түрі кездеседі. Оның ішінде жалғыз қызғылт семізот түрінің ғана шипалық қасиеті бар.

Қазақстанда өсетін тағы да бір шипалы шөп – мақсыр немесе марал тамыр (рапонтик). Бұл да шипалық өсімдіктер тізіміне халықтық медицина арқылы енген өсімдік. Алтайлықтар көктем кезінде бұл өсімдікті маралдар тұяғымен қазып, тамыр сабағын жейтіндігін байқаған, осыдан «марал тамыр», «марал шөп» деп атап кеткен. Мақсырды халық ертеден бері «алтын тамыр» және женьшень сияқты әл беретін дәрі ретінде пайдаланып келді. Халық медицинасында пайдаланылғаны жөнінде алғашқы дерек 1897 жылдан белгілі.

Терек мамығының зияны

Кейде адамдар терек ағаштарынан көрместі көріп жатады. Жаз басталар шақта теректің ақ үлпегі адамдардың аузы-мұрнына кіріп, әбден әбіржітіп болады. Дәрігер мамандардың айтуынша, теректің ақ тозаңы аллергия, демікпе ауруларын күшейтетін көрінеді. Статистикаға сүйенсек, терек бүршігінің ақ ұлпасына Қазақстанның әрбір үшінші тұрғынында кері реакция жүреді. Тал-теректен тараған тозаң адам бойында паленоз ауруын тудырады.

Терек мамығы денсаулыққа ғана емес, қоршаған ортаға да зиянын тигізуі мүмкін.

Мамықтардың салдарынан өрт оқиғалары да өрши түсетін көрінеді.

Пайдалы кеңес

Түйежапырақ

Буын ауруына шалдыққан адамдарға халықтық медицинаның көмегіне жүгінуге болады. Мұндай ауруға түйежапырақтың берері мол. Ол үшін не істеу керек?

Түйежапырақ өсімдігінің жапырақтарын тазалап алып, ет тартқыштан өткізесіз. Одан шыққан жасыл қойыртпақты жақсылап сығып, суын ыдысқа құйып аласыз да ауырған жеріңізге таңып, сыртынан ауа өткізбейтін нәрсемен орайсыз. Таң атқанша ұстасаңыз, буыныңызды қыздырып емдейді.

Автор:
Арайлым НҰРБАЕВА