Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Облыстық мәслихаттың 25 жылдығы аталып өтілді


25 декабря 2019, 05:40 | 1 170 просмотров



Еліміздегі, соның ішінде облыстағы мәслихаттың құрылғанына 25 жыл толуына орай Талдықорғанда мерекелік жиын өтті. Жиналғандарды мерейтойлық датамен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады. Облыстың бірқатар азаматтарына, депутаттарға көптеген марапаттар тапсырылды.

Жиынды ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов әріптестерін құттықтай отырып, алғашқы сөзді облыс әкімі Амандық Баталовқа берді.

Облыс басшысы өз сөзінде мәлихаттардың ел дамуындағы үлесі мен рөліне тоқталды. Сол сияқты облыста мәслихат депутаттарының көмегімен атқарылған ауқымды жұмыстарды да атап өтті.

- Жергілікті атқарушы органның да, мәслихаттың да ортақ міндеті ел игілігіне қызмет ету болғандықтан, осы жылдар ішінде біз бір мақсат, бір мүддеге жұмылып, ауқымды жұмыстарды бірге атқардық. Депутаттар облыс экономикасының алға басуына, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі орындалуына, бюджет қаражатының орынды жұмсалуына атсалысып келеді. Облыс бюджетінің басым бөлігінің әлеуметтік маңызды мәселелерге бағытталуында депутаттардың қосып отырған үлесі зор, - деген облыс әкімі 25 жыл ішінде облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін абыроймен атқарған бірқатар азаматтардың есімдерін атап, барлық депутаттар корпусына алғыс айтты.

Мұнан соң білім беру саласының үздігі Найлә Үмбетова, еңбек ардагері Қалабек Тастанбаев көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, депутаттардың еңбектеріне жеміс тіледі.

Шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Облыс әкімі А. Баталовқа «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалі мен мәслихаттың тарихы туралы фотоальбом тапсырылды. Сол сияқты жетісулық бірқатар азаматтар мерекелік медальға, «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісіне, Парламент Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына, «Құрметті депутат» төсбелгісіне, ҚХА Алғыс хатына, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарына ие болды.