Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Индустрияландыру күніне орай Қазақстанның үздік кәсіпорындары мен кәсіпкерлері марапатталды


13 декабря 2019, 09:51 | 862 просмотра



Индустрияландыру күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-Министр Асқар Маминнің, Үкімет мүшелері мен «Атамекен» ҰКП басшылығының қатысуымен конгресс орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары»,  «Парыз», «Altyn Oimaq», «Бизнес Кемелділік», «Іскер», «Ұлы Дала Елі» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. 

Екінші индустриялық бесжылдық пен 2020-2025 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жоспары туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов баяндады. 

«Бағдарлама Қазақстанда іске асырылған жылдары жаңа индустриялық база пайда болды, бұл еліміздің көптеген өңірлерінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етті. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары 43 трлн теңгеге өнім өндірді. Қараша айында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бір ай ішінде алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Саладағы еңбек өнімділігі $35,3 мың/адамға жетті. Аталған кезеңде салада негізгі капиталға инвестициялар ағымы 4,5 трлн теңгеден асты», - деді Б. Атамқұлов.

2015 жылдан бері қазақстандық кәсіпорындар $70 млрд-қа өңдеу өнеркәсібі өнімдерін экспорттаған. Инвестициялар көлемі 5 трлн теңгеден асатын Индустрияландыру картасының 500-дан астам жаңа индустриялық жобасы пайдалануға берілді. 

Бағдарлама өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының дамуын жаңа деңгейге шығарды. 

Металлургияда өндірістің шығару көлемі 2,2 есеге артты, базалық металдарды, жартылай өнімдер мен жартылай дайын өнімдерді өндіруден құбырлар, металл конструкциялар, дискілер мен сымдар т.б. тәрізді дайын өнімдері шығаруға көшу жүзеге асырылды. 

Индустрияландырудың екінші бесжылдығы кезеңінде машина жасауда өнім көлемі 1,2 есе, 1033 млрд теңгеге дейін артты. Машина жасаудағы автоөнеркәсіптің үлесі 26%-ға дейін ұлғайды. Салада инфокоммуникациялық жабдықтар, модемдер, винт сорғылар, жарықтандыру құрылғылары мен электр тарату аппаратурасы, орталық кондиционерлер тәрізді жаңа өнім түрлері игерілді. Экспортқа бағдарланған рефрижераторлы вагондарды шығару жолға қойылды. 

Химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі - 1,7 есе, фармацевтикалық индустрияда - 2 есе, жеңіл өнеркәсіпте - 1,6 есе өсті. 

2020-2025 жылдарға арналған ИИД МБ негізгі басымдығы жоғары технологиялы өнімдер экспортының номенклатурасын кеңейтуге бағытталған индустриялық кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ өндіріске еңбек өнімділігінің өсіміне ықпал ететін цифрлық технологиялар мен инновацияларды енгізу болады. 

Мемлекеттік бағдарламада ішкі нарықты сапалы өніммен қанықтыруға және экспортқа шығаруға бағдарланған өңдеу секторының тиімді кәсіпорындарына баса назар аударылған. Мемлекеттік қолдаудың жеке-жеке құралдарынан дамуды кешенді ынталандыруға көшу, бизенстің қарсы міндеттемелері мен жауапкершіліктерін қабылдау, салалық қағидаттан нақты басымдықты тауарларды анықтауға көшу қарастырылған. 

Бағдарламаны іске асыру өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін $56 мың/адамға, экспорт көлемін – $30 млрд-қа, негізгі капиталға ивнестицияларды – 9,3 трлн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. 

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев, Премьер-Министр А. Мамин, Үкімет мүшелері мен «Атамекен» ҰКП басшылығы «Алтын сапа» сыйлығы мен «Парыз», «Altyn Oimaq», «Бизнес  Кемелділік», «Іскер», «Ұлы Дала Елі» байқауларының лауреаттарын жеке марапаттады.