Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алматы облысы кәсіпкерлерімен жүздесті


29 ноября 2019, 11:59 | 99 просмотров



Өңірімізде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес айлығы белсенді жүруде. Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары Жастар денсаулығы орталықтары өкілдерімен бірлесіп, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын ойдағыдай атқаруда. Қаншама адам АИТВ/ЖИТС жайлы білімін толықтырды, бұл оларға денсаулығын сақтап, өмірін мәнді етуге көп көмегін тигізері даусыз.

Жуырда бұл насихатшылар тобы Алматы облыстық «Атамкен» Кәсіпкерлер палатасында да болып, өңір экономикасы мен әл-ауқатының өсуіне айрықша үлес қосып жүрген кәсіпкер азаматтар мен азаматшалар үшін АИТВ жұқпасы жайлы келелі әңгіме өткізді.

Алматы облыстық ЖИТС орталығына қарасты Талдықорған филиалының дәрігер-эпидемиологтары Рая Ақашева мен Рандир Сахариев кәсіпкерлерге АИТВ жұқпасының берілу мен алдын алу жолдары туралы әңгімеледі, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды таныстырды. Соңғы уақытта бұл ауруға шалдыққандар саны облыс көлемінде  3 мыңнан асып, биылғы жыл басынан бергі он айдың ішінде орталыққа 300 адамның есепке алынғанын жеткізді. Сол себепті әркім өз денсаулығына мұқият болып, аракідік АИТВ-ға жедел тестілеуден өтіп тұрса құба-құп.

Қатысушылар осы кездесу арқасында АИТВ жұқпасына жедел тестілеуден өтуге мүмкіндік алды, 15 минуттың ішінде өз статустарын біліп алды. Кәсіпкерлер сондай-ақ өздерін мазалаған сұрақтарын қойды, мамандар жауабына қанағаттанды. 

Іс-шараға 31 адам қатысты.

Автор:
Д.Серікболатов