Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақстандықтар онлайн мемлекеттік қызметтерге бетбұрды


28 ноября 2019, 11:29 | 732 просмотра



Жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері арқылы 6,3 млн электронды цифрлық қолтаңба берілді. Электронды үкімет порталының қызметтерін онлайн алуға мүмкіндік беретін кілт иелерінің белсенділігін ХҚО-ға келушілер санының азаюынан байқауға болады. 10 ай ішінде мемлекеттік корпорация тарапынан 24,4 млн қызмет көрсетілді, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4 млн-ға немесе 16,4% азайса, қызметтерді өз бетінше алғандардың үлесі 3,7 млн-ға көбейген. Бұл туралы Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева айтып берді.

 «Халықтың цифрлық сауатының артуына былтыр барлық облыстарда ашылған Цифрлық қызмет көрсету орталықтары әсер етті деп ойлаймын. Біз ол орталықтарда электронды үкімет порталын пайдалануды үйрететін курстар ұйымдастырдық. Қызметкерлеріміз әр облыс, қала, аудандарда 73 мың семинар-лекция өткізіп, электронды қызметтерді алуды үйренгендерге 1,3 млн сертификат табыстады», – дейді басқарма төрайымы.

Цифрлық ХҚО-лардың ерекшелігі – «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету аймағының болуында. Бұл – фронт-офис қызметін трансформациялау тұжырымдамасы аясында енгізілген жаңашылдық. Оған сәйкес фронт-офистің 60% – өзіне-өзі қызмет көрсету, 40% – операторлар қызмет көрсететін аймақтан тұрады. Биыл еліміздегі барлық «Connection point» секторында 13 млн-нан аса азаматқа түсіндірме-кеңес беру жұмыстары жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 млн артық көрсеткіш.

    Мемлекеттік корпорация қызметкерлері, сондай-ақ көшпелі акциялар ұйымдастырып, әскери бөлім, емхана, мемлекеттік органдар қызметкерлерін оқытып, колледждер мен ЖОО студенттеріне egov.kz-пен жұмыс істеуді үйретті.  

Жоспар бойынша 2020 жылы тағы бір цифрлық ХҚО Алматы қаласында ашылады, ал egov.kz-пен жұмыс істеу дағдыларын 1,4 млн азаматқа үйрету көзделіп отыр.

Автор:
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ баспасөз қызметі