Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бірыңғай азаматтарды қабылдау күні шеңберінде облыста 1700-ге жуық адам қабылдауға кірді


25 ноября 2019, 10:37 | 313 просмотров



23 қарашада республика бойынша белгіленген Бірыңғай (Ұлттық) азаматтарды қабылдау күнінен орай облыс әкімі Амандық Баталов 79 тұрғынды қабылдады. Ал жалпы осы күні облыста барлық деңгейдегі әкімдер, барлық жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары жалпы саны 1683 адамды қабылдады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің «Open Zhetysu» жобалық кеңесінде жасаған қабылдауы таңертеңгі сағат 10-нан басталып, кешкі сағат 7-ге дейін созылды. Облыс басшысының алдына тұрғын үй мен жер учаскелерін алу, көмір алуға көмектесу, субсидия, медициналық ем алу, оралман мәртебесіне байланысты құжаттарды рәсімдеу, тұрғын үйді газға қосу және басқа да әлеуметтік мәселелермен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларының, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Ескелді, Көксу, Сарқан, Ақсу, Алакөл, Панфилов, Кеген, Қаратал аудандарының тұрғындары келді.

Қабылдау барысында ең көп көтерілген мәселе тұрғын үйге байланысты болды. Бірқатар азаматтар «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін қарастыруды сұрап келді. Оларға бағдарламаның шарттары түсіндірілді. Баспана мәселесімен келгендер арасында Гүлден Дүйсенбекова, Жадыра Нұрсейітова, Әсем Мұсабекова, Сайра Алдыжанова, Айгерім Жоламанова және басқалар бар. Олардың бірқатары осы мәселемен облыс әкімінде бұрын да болған және олардың көпшілігіне баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік туғызу мақсатында жұмысқа орналастыру жағынан көмек көрсетілген болатын. Сонымен қатар Амандық Баталов көп балалы отбасыларға арнап тұрғын үйлер салынатынын, оның құрылысына және пәтерлер сатып алуға арнайы қаржы бөлінгенін және үй кезек ретімен берілетінін атап өтті. Сонымен қатар көп балалы отбасы балаларына арналған әлеуметтік пакет берілетінін де түсіндірді.

Қабылдауға жазылған Жаркент қаласында аудандық орталық аурухананың балансындағы жатақханада тұратын Динаш Мұқашева жатақхана бөлмесінің ескі әрі тар екенін айтып, мүмкіндігіне қарай бөлмелерін кеңейту немесе тұрғын үй жағынан көмектесуді сұрады. Бұл мәселе бойынша облыс басшысы А. Баталов облыстық денсаулық сақтау басқармасына аталған жатақханаға күрделі жөндеу жасау туралы ұсыныс енгізуді тапсырды. Д. Мұқашеваға «Жатақхананы толығымен күрделі жөндеуден өткізіп береміз және қосымша тағы бір бөлме қосып беруді қарастырамыз», - деді А. Баталов.

Қабылдауға кіргендер арасында жұмыс сұрап келгендер де бар. Мысалы, Алла Бирюкова, Ұлбике Қонарбаева, Шара Әбілдаева осындай мәселемен жүгінді. Осыған қатысты облыс әкімі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармаларына әрбір азаматты мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өңірге қажетті кәсіптерге оқытып, одан әрі жұмысқа тұруларына көмек көрсетуді тапсырды.

Ойламаған жерден қиындыққа тап болған Алакөл ауданы Қабанбай ауылының тұрғыны Мерзаян Рақышева да қол ұшын беруді сұрайды. Белгісіз біреулер үйін тонап, артынан өртеп кеткен. Кінәлілер әлі табылмапты. 9 адамнан тұратын отбасы қазір үйсіз-күйсіз далада қалған. Амандық Баталов құқық қорғау органдарына бұл мәселені бақылауға алуды, сол сияқты төтенше жағдай жүйесі бойынша отбасына тұрғын үй алып беруді қарастыру қажеттігін тапсырды.

Талдықорғандық Нұргүл Түйебаева бұдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған баспанасы 1 бөлме ғана екенін, ол қазір отбасына тарлық етіп отырғанын айтты. Қазір қайта кезекке тұрған, кезек нөмірі – 1362-ші. Алайда облыс әкімі А. Баталов қайта кезекке қоюдың қажеттілігі жоқ екенін айтып, мәселенің шешімін кеңейту тұрғысынан қарастыру керектігін айтты. Осылайша енді бұл отбасының үйін кеңейтудің мүмкіндіктерін қала әкімдігі қарастырмақ.

Қабылдау барысында бизнеске қолдау көрсетуге қатысты мәселе де көтерілді. Мәселен, Талдықорған қаласының тұрғындары Бөрібай Қызырхан мен Назымхан Қарабаевтың жылыжай шаруашылығымен айналысқысы келеді. Ол үшін жер учаскесі бөлініп, бизнеске бастапқы қолдау шараларын көрсету қажет. Амандық Баталов: «Біз еңбек етуге ниетті, өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға жан-жақты қолдау жасауымыз керек. Әсіресе, жылыжай шаруашылығы – ең қажетті әрі маңызды нысан», - дей келе, тиісті басқарма басшыларына жобаны зерделеп, қолдау көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ талдықорғандық Диана Айдаханова мен Ақжолтай Қасымжан Талдықорғанда көзі көрмейтін және көзінде ақауы бар балаларға арнап орталық ашуға, балаларға педагогикалық, психологиялық, физикалық жағынан оңалту жұмысын ұйымдастыруға қолдау көрсетілсе деген ұсынысымен келді. «Қаладағы қазіргі № 1 арнайы балабақша көзі ауыратын балаларға маманданғанымен, балалар балабақшадан есейіп шыққан соң оларды ары қарай емдеу процестерінің арасы үзіліп, балабақшада алған емінің нәтижесі болмай қалады», - дейді олар. Бұл ұсынысты облыс әкімі қолдайтынын айтты. Орынбасары Б.Байжұмановқа орталық үшін арнайы ғимарат қарауды, құрал-жабдықтар алып беру жолдарын және басқа да қажетті шараларды атқаруды тапсырды. «Бүгінгі күні балалар кішкентай кезінен телефон, планшет, компьютер қарап, көздерін ауыртады. Бұл мәселені дұрыс көтеріп отырсыздар. Балаларға өздеріңіз айтқандай кешенді ем жасауға қажетті мүмкіндіктерді қараймыз», - деді облыс басшысы.

Қаратал ауданынан келген Вера Годяева мен Татьяна Гончарова Үштөбе қаласы маңындағы саяжай бірлестігінің ескі мемлекеттік актісін жаңарту және бүгінге дейін саяжайды сақтап отырған тұрғындардың бау-бақша, көкөніс еккен жерлерін Қаратал өзені арқылы суаруға рұқсат беру туралы өтініштерін жеткізді. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл істі тиісті басқарма көп ұзатпай шешіп беретін болды.

Сол сияқты Талдықорғандағы саяжайлардың инфрақұрылымдарын дамыту мәселесімен Ынтымақ ауылының және «Мерекелік» саяжайының тұрғындары келді. Ынтымақ ауылының тұрғыны Ислам Райымханов облыс басшысының тапсырмасымен ауыл ішіндегі жолдар біраз ретке келтірілгеніне рахмет айта отырып, енді аялдамалар салу, түнгі жарықтандыру мәселелеріне назар аударуды сұрады. Амандық Баталов бұл істердің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Ал «Мерекелік» саяжайы бірлестігінің ауыз су мәселесі бойынша бүгінгі күнге осы бағыттағы жұмыстардың үштен бірі орындалған. Келесі жылдың шілде айында пайдалануға беріліп, тұрғындар орталықтандырылған суға қол жеткізетін болады.

Осы сияқты қабылдауға келген тұрғындар айтқан мәселелердің барлығы назарға алынды, облыс әкімінің берген тапсырмалары хатталып, сол бойынша нақты шешімдер қабылданатын болады.

Сол сияқты облыс әкімі облыстық «Жетісу» телеарнасында «Бақытты отбасы», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары арқылы баспана алу мүмкіндіктерін түсіндіретін арнайы телехабарлар әзірлеп, көрсету міндетін қойды.