Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АИТВ, туберкулез және гепатит салаларындағы жетекші әлемдік ғалымдар Алматыға жиналды


18 ноября 2019, 15:55 | 175 просмотров



18-19 қарашада Алматыда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, Шығыс Еуропа және Орталық Азия (ШЕОА) аймағында АИТВ, туберкулез және гепатит мәселелеріне арналған  «ШЕОА INTERACT-2019»  атты бірінші ғылыми семинар өтті.

Бұл халықаралық оқыту іс-шарасы аймақта алғаш рет өтті, оны Амстердам жаһандық денсаулық сақтау және даму институты (AIGHD), ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы, AFEW Kazakhstan және AFEW International коммерциялық емес ұйымдары ұйымдастырды. 

Алматы қаласына Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия және басқа да елдерден белгілі зерттеушілер жиналды. Екі күн бойы семинарға қатысушылар ғылыми базаны күшейту және аймақтағы жағдайды жақсарту мақсатында АИТВ, туберкулез (ТБ), гепатиттерді емдеу саласындағы соңғы ғылыми зерттемелермен, тәжірибемен бөлісті.

«AFEW Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағында 20 жылға жуық жұмыс істейді және аймақтағы АИТВ, туберкулезге және гепатитке қатысты деректердің үлкен жетіспеушілігін үнемі бастан кешіруде, - дейді INTERACT 2019 семинарының халықаралық ұйымдастыру комитетінің мүшесі, AFEW International директоры Анке ван Дам. – Бұл деректер ауруларға қарсы күрес стратегиясын құру үшін өте маңызды. Біздің семинардың мақсаты - аймақтағы зерттеулерді дамытуға ынталандыру және әртүрлі елдердің жетекші ғалымдары мен болашақта аймақтағы денсаулық сақтау және зерттеу мәселелерінде көшбасшылық таныта алатындар арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу». 

ШЕОА – АИТВ індеті әлі де жылдам қарқынмен өсіп келе жатқан әлемдегі жалғыз аймақ. ЮНЭЙДС бағалауынша, 2018 жылғы жағдай бойынша Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағында 1.7 млн жуық адам АИТВ-мен өмір сүреді. 2018 жылы шамамен 38 000 адам ЖИТС-тен қайтыс болды.

Аймақтағы елдерде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың, сондай-ақ АИТВ, ТБ және гепатит індеттеріне шалдыққан топтардың алдын алу және емдеу қызметтеріне қол жеткізуінде елеулі кедергілер әлі де сақталып отыр. Мысалы, ШЕОА елдерінде АИТВ індеті көбінесе негізгі топтар арасында, атап айтқанда инъекциялық есірткілерді пайдаланатын адамдар арасында шоғырланғанына қарамастан, мұндай адамдарды зиянды төмендету бағдарламасымен және басқа да профилактикалық қызметтермен қамту ауру жұқтырудың жаңа жағдайларын қысқарту үшін жеткіліксіз болып қалуда. Аймаққа нақты елдердегі жұмыс жағдайына бейімделетін өте тиімді профилактикалық, емдеу, күтіп-қарау және қолдау стратегиясы шұғыл қажет.

«ШЕОА INTERACT ғылыми пікірталаста, тәжірибе алмасуда туындаған мәселелерді талқылау үшін тиімді форум болады деп үміттенемін, алдағы және ұзақ мерзімді перспективаларға қажетті акценттерді қолдануға, көптеген қатысушылар тобына  осы мәселелер бойынша жаңа әдістермен, зерттемелермен және тәсілдермен танысуға мүмкіндік береді. Жұмыстар лайықты бағаланып, кері байланыстар жолға қойылады, ғылыми орта мен одан әрі ынтымақтастық пен инвестициялау географиясы кеңейтіледі. Бұл жұмыс ЮНЭЙДС 90-90-90 мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет, - деді «ШЕОА INTERACT- 2019» семинарының жергілікті комитетінің басшысы; медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Бауыржан  Байсеркин.

«ШЕОА NTERACT-2019» семинарына дайындық барысында инновациялық тәсіл пайдаланылды, оның аясында халықаралық ұйымдастыру комитеті бағдарламаны әзірлеумен айналысты. Оның құрамына әлемнің түрлі елдерінен АИТВ, ТБ және гепатит саласындағы сарапшылар кірді:   ШЕОА аймағындағы ЮНЭЙДС-тың АИТВ, ТБ және гепатит бойынша арнайы кеңесшісі Мишель Казачкин, «ШЕОА INTERACT-2019» тең төрағасы және жыл сайынғы INTEREST конференциясының тең төрағасы Кейт Хэнкинс, «ШЕОА INTERACT» халықаралық комитетінің мүшесі, «Психиатрия-наркология» Минск облыстық клиникалық орталығының бас дәрігері Алексей Александров, медицина ғылымдарының докторы, ШЕОА INTERACT халықаралық комитетінің мүшесі, УҚДСЗИ (Украин қоғамдық денсаулық саясатын зерттеу институты) негізін қалаушы және бас зерттеушісі Сергей Дворяк және тағы басқалар бар.

«ШЕОА INTERACT» жыл сайын өткізілетін іс-шара болады және барлық елдерден ғалымдарға өз жаңалықтарын көрсетуге мүмкіндік беру үшін ШЕОА аймағының түрлі мемлекеттерінде өтуді межелеп отыр.

Автор:
Г.Таубайқызы, Алматы қаласы