Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖИТС-пен күрестің Дүниежүзілік науқаны Балқаш ауданынан бастау алды


14 ноября 2019, 15:32 | 88 просмотров



Жыл сайын әлем 1 желтоқсанды  Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні ретінде атап өтеді. Бұл күні адамдар қауымдасып, АИТВ-мен өмір сүретін жандарға қолдау білдіреді, ЖИТС-пен байланысты аурулардан қайтыс болғандарды еске алады. Әдетте бұл күні барлық өңірлерде ақпараттық іс-шаралар өткізіледі. Қатысушылар кеудесіне АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды қолдаудың және ынтымақтастықтың халықаралық нышаны – қызыл таспа тағып жүреді.

Биылғы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінің ұраны: «Қоғамдастықтың шешуші рөлі». Осыған орай  2019 жылдың 5-ші қарашасы мен 5-ші желтоқсаны аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні аясында Алматы  облысында АИТВ жұқпасының алдын алу бағытында айлық жүргізілуде.

АИТВ жұқпасын қазіргі таңда негізінен жыныстық жолмен, сонымен қатар иньекциялық есірткі тұтыну арқылы жұқтыру кеңінен таралуда.  Өзінің АИТВ-статусын білмейтін адамдардың бұл вирусты басқа адамдарға жұқтыру қаупі жоғары, бұл жағдай адамның өзіне ғана емес қоғамға да қауіпті екенін ұқтырады.

Айлық науқанның басты мақсаты – облыс халқының АИТВ/ЖИТС тақырыбындағы білім деңгейін көтеру, оның ішінде халықтың осал топ өкілдері, сонымен қатар жастар арасында АИТВ жұқпасының  таралуының  алдын алу.

Айлық аясында оқу орындарында, ішкі істер, қорғаныс саласы, бизнес құрылымдарында  Жастардың денсаулық орталықтарымен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.  Жалпы, Алматы облысы бойынша АИТВ жұқпасының эпидемиологиялық жағдайы төмендегідей: Алматы облысында АИТВ жұқпасының 3372 жағдайы тіркеліп, 2301 қайтыс болған адамды алып тастағанда, 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш – 112,9. 2019 жылдың 9 айында АИТВ жұқпасын жұқтырған 249 жағдай тіркелді. Жағдайдың өсуі: Талдықорған қ. - 22, Жамбыл ауданында - 9, Қаратал ауданында - 8, Іле ауданында - 4, Кеген ауданында - 3. Текелі қаласында – 2, Ұйғыр ауданында 1 жағдай тіркелді.

Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы науқанның «біссімілләсін» Балқаш ауданынан бастады. Алдымен Балқаш аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында Ашық есік күнін өтіп,  алдын-алу жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Жақанова Дүниежүзілік науқан туралы, сондай-ақ аймақтағы эпидемиологиялық жағдай, жұқпаның берілу жолдары және алдын-алу шаралары туралы айтты. АИТВ жұқпасы жайлы мәлімет алған көпшілік жедел тестілеуден өтіп, 15 минут ішінде АИТВ статусын білуге мүмкіндік алды.

Дәрігер-эпидемиологтар сондай-ақ аудандық  полиция бөлімінің жеке құрамымен, «Реал Строй» ЖШС, «Достық» ЖШС құрылыс компаниялары, «Өтес», «Динара Ранж» ЖШС-тері және «АЖК» АҚ жұмыскерлерімен кездесіп, науқан мақсатын түсіндірді. Түстен кейін биылғы Жастар жылына байланысты аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жоспар құрған дәрігерлер  мектеп оқушылары мен тұрғындары үшін кең көлемді акция ұйымдастырды. Ауыл жастары арасында қызықты эстафеталық спорт жарыстары, ЖИТС тақырыбындағы ең ұтымды плакат сайысы жеңімпаздарды анықтап, оларға бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл шараға 300-ге тарта адам қамтылып, 1600 ақпараттық-оқыту құралдары таратылды.  

Біздің мамандар екінші күні Балқаш ауданына қарасты Б.Бейсекбаев, М.Сеңгірбаев атындағы және Бақанас мектеп-интернаты тәрбиеленушілері мен Бақбақты, Миялы, Ақдала ауылдық мектептері жоғары сынып оқушыларымен пайдалы дәрістер өткізді.

Жасөспірімдер ЖИТС/АИТВ жайлы мағлұматтарын кеңейтті, өздерін мазалаған сұрақтарына толыққанды жауаптар алды.

Үш күндік іс-шаралар Балқаш аудандық жастар денсаулық орталығының мамандарымен бірлесіп Индустриалды-аграрлық колледжде өткен дөңгелек үстелде қорытындыланды. Жиында ЖИТС-пен күрестің Дүниежүзілік науқаны бойынша 2019 жылдың 5 қарашасы мен 5 желтоқсаны аралығындағы іс-шаралар жоспары талқыланып,  алдағы жоспарлар пысықталды.

Автор:
Әйгерім СҰЛТАНОВА, Алматы облыстық ЖИТС орталығының маманы.