Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

НАЗАРДА АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫ


23 сентября 2010, 19:47 | 2 616 просмотров



Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанындай, өткен аптада Денсаулық сақтау министлігінің көшпелі алқа мәжілісі өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев және республиканың медицина ұйымдарының басшылары қатысты. Алқаның күн тәртібінде ауылдық денсаулық сақтау саласын әрі қарай дамыту, жедел медициналық жәрдем жағдайы мен оны өркендету перспективалары жөніндегі мәселелер қаралған-ды.

Ауыл тұрғындарының саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскені байқалады. Ол 2010 жылдың 1 қаңтарында 7 428,6 мың адамды құраған. Оның республика халқының жалпы санының үлесі 46,3% құрайды. Ауылдық жерлердегі негізгі демографиялық көрсеткіштерді талдау барысында 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында туу көрсеткіштерінің өсуі және өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуі байқалады. Ауыл халқының табиғи өсім көрсеткіші 13,63 құраған (бұл көрсеткіш 2009 жылдың бірінші жартыжылдығында 13,25 болды).

Бүгінгі таңда медициналық алғашқы санитарлық көмек ұйымдарының 80%-ы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне сәйкестендірілді.

Бүгінгі таңда аудандық орталық ауруханалардың 90,3%, ауылдық емханалардың 60,2%, ауылдық ауруханалардың 47%, дәрігерлік ауруханалардың 22,2 %, фельдшерлік- акушерлік, фельдшерлік, медициналық пункттердің 7,1 % типтік үлгіде салынған ғимаратта жұмыс істеп келеді. Ал 50%-ға жуық медициналық объектілер (ФП, ФАП, МП, ДА) жалға алынған ғимараттарда орналасқан. 2009 жылы республикалық бюджет есебінен ауылдық жерлерде 29 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды. Оның ішінде 2009 жылы 6 объектінің (1 туберкулезге қарсы аурухана, 4 орталық аудандық аурухана, 1 емхана) құрылысы аяқталды. 2010 жылы 23 объектінің құрылысы жалғасуда. 2010 жылдың 1 жартыжылдығында 4 объекті іске қосылды.

Еңбекпен қамту өңірлік стратегия (Жол картасы) аясында ауылдық жердегі 267 медициналық мекеме 2 844 млн теңгеге жөндеуден өтті. Соның 2 102 млн-ы республикалық бюжеттен бөлінсе, қалған 742,3 млн-ы жергілікті бюджеттен бөлінді.

2010 жылы Жол картасы шеңберінде ауылдық жердегі 108 объектіні 3 517 млн. теңгеге жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Соның 2 338 млн-ы республикалық бюджеттен, 1 179 млн-ы жергілікті бюджеттен бөлу жоспарлан-ған. 2010 жылғы 1 қыркүйекке жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 63 ауылдық нысан жөндеуден өтті.

Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық жабдықпен жарақтану деңгейі 2009 жылдың қорытындылары бойынша республика бойынша орташа есеппен 37,53% құрады. Ауылдағы нысандардың телефон жүйесімен қамтамасыз етілуі: орталық аудандық ауруханалар - 100%, аудандық ауруханалар – 100%, ауылдық ауруханалар -89,6%, ФАП-79,7%, ФП-73,8%, дәрігерлік амбулаториялар-90,4%, МП-58,7% құрап отыр.

Ауылдағы денсаулық сақтау нысандарының компьютермен қамтамасыз етілуі: орталық аудандық ауруханалар – 100%, ауылдық ауруханалар- 71,2%, дәрігерлік амбулаториялар – 49,7%, медициналық пункттер – 0,4%. Республикадағы ауыл тұрғындарын дәрілермен 845 дәріханалық ұйым және 2516 денсаулық сақтау ұйымы ( барлығы 3361) қамтамасыз етеді, бұл көрсеткіш қажетті көрсеткіштің 64 пайызын құрап отыр. Телемедицинамен еліміздің 14 облысымен қатар Астана және Алматы қалалары қамтылған.

Ауылдық жерлерді дәрігерлермен қамтамасыз ету қаламен салыстырғанда төмен, 2009 жылы ол 10 000 адамға шаққанда 14,1 және, тиісінше, 58,3 құрады. 2009 жылы ауылдық медицина ұйымдарына 488 маман жіберілген. 274 жас маман тұрғын үймен қамтылды. Сонымен қатар жаңадан келген мамандардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында 150000- нан 300000 теңгеге дейін көтерме сыйақы тағайындалды және жер телімдері берілді.

Ауыл тұрғындарының денсаулығы

2009 жылдың қорытындылары бойынша өмірінде алғаш рет тіркелген ауыл тұрғындарының сырқаттанушылық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда артты, бұл ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қол жетімділігінің жақсарғанымен байланысты болып отыр. Ауыл тұрғындарының сырқаттанушылығы құрылымында бірінші орында тыныс алу жолдарының аурулары тіркеледі (100 000 мың халыққа 19169,9), екінші орында – ас қорыту органдарының аурулары (3728,1), үшінші орында – несеп-жыныс жүйесінің (3328,4), төртінші орында – қан мен қан өндіру органдарының аурулары (3080,1), бесінші орында – жарақаттар менулану (2301,7), алтыншы орында – қан айналымы жүйесінің аурулары (2253,4). 2009 жылдың қорытындылары бойынша сырқаттанушылықты талдау жүргізу барысында қан және қан өндіретін органдардың сырқаттану көрсеткіштерінен басқа ауыл тұрғындарының сырқаттануы қала тұрғындарынан төмен. Осылайша, ауыл тұрғындарының темір тапшылығы анемиясымен ауыру көрсеткіштері қаладағылардан жоғары болуда және өткен жылмен салыстырғанда оның төмендегені байқалады. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда, қан қысымының көтерілуімен және жүректің ишемиялық ауруымен сипатталатын сырқаттанушылықтың өсуі байқалады.

Автор:
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат қызметі