Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Басшы дәрінің атын біле ме?


23 сентября 2010, 19:46 | 1 979 просмотров



Жер-жерде Облыстық денсаулық сақтау басқармаларына басшылық етіп отырған шенеуніктер қарапайым дәрінің атын да білмейді. Денсаулық сақтау министрлігінің Петропавлдағы көшпелі алқа отырысы кезінде қарамағындағылардың біліктілігін Жақсылық Досқалиевтің өзі тескерген еді. Нәтижесі адам шошырлық. Кейбір шенеуніктер қарапайым сұраққа жауап бере алмады.

Денсаулық сақтау министрлігінің Петропавлдағы көшпелі алқа отырысы нағыз емтиханға ұласты. Министр қарамағындағылардың кәсіби біліктілігін аяқасты анықтамақ болып, қатты ашуға барды. Қарапайым сауалға Ақтөбе Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабырдың өзі жауап бере алмады. Ақтөбеде бір сырқат жанға жедел жәрдем көрсету үшін бюджеттен 3500 теңге жұмсалады екен. Ал Қостанайда дәл осы қызмет түрі жергілікті бюджетке екі есе арзанға түседі. Бұл айырмашылықтың себебін екі өңірдің сала басшылары түсіндіре алмады. Қостанайдың денсаулық сақтау саласын басқарып отырған Марат Жүндібаевтың тіпті медициналық білімі де жоқ болып шықты. Көкшетаулық дәрігерлер болса, түрлі буклеттер шығару үшін Үкіметтің 40 миллион теңгесін жұмсапты. Бірақ буклеттер сол күйі таратылмай қалған. Ақмола Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Баян Ысқақова да мұның себебін түсіндіре алмады. Қатты ашуланған министр Досқалиев басқарма басшыларына олқылықтардың орнын толтыруға 6 ай уақыт берді. Келесі жылдың наурыз айында елімізде Денсаулық сақтау басқармаларын аттестациялау басталады. Кадр мәселесі сол кезде қайта қозғалмақ.

Автор:
«ЖД» ақпарат