Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жатырды жалға беру қып-қызыл бизнес көзiне айналып барады


23 сентября 2010, 19:40 | 2 297 просмотров



Шымкент қаласының тұрғындары Асқар мен Әйгерiм жақында тұңғыш рет перзент сүйдi. Олар бұл қуанышты сегiз жылдан берi күтiптi. Бiрақ, нәрестенi өмiрге әкелген Әйгерiм емес, оның анасы екен. Бұл қалай дейсiз бе? Облыс орталығындағы «Эко-Семья» клиникасының директоры Светлана Кимнiң айтуынша, бүгiнде елiмiзде ерлi-зайыптылардың жұмыртқа клеткаларын түтiкшеде ұрықтандырып, оны басқа бiр әйелдiң жатырына орнату әдiсi кеңiнен қолданыла бастады. «Балалы болсақ» деген әлгi екi жас та дәл осындай жолмен армандарына жетiптi.

Медициналық орталықта қолдан ұрықтандыру әдiсi арқылы бала күтiп отырған отбасылар тiзiмге алынған. Жатырын жалға бергендердiң арасында әлi тұрмыс құрмаған 20 жастағы қыз да бар көрiнедi. Мамандар оның әлеуметтiк жағдайын реттеп алу мақсатында, «суррогат ана» атануға бел буғанын айтып отыр.

Бүгiнде жатырды жалға беру қып-қызыл бизнес көзiне айналып барады. Өйткенi, тапсырыс берушi ата-ана «құрсақ ананың» барлық тiлегiн орындауға мiндеттi. Шарт екi жақтың келiсiмiмен түзiледi. Ерлi-зайыптылар шарана дүниеге келгеннен кейiн, белгiленген соманы немесе мүлiктi бермеген жағдайда заң жүзiнде жауапқа тартылады. Алайда, қолдан ұрықтандырудың сәттi аяқтала бермейтiн кездерi де болады.

Жатыр жалдау кем дегенде 2-3 бөлмелi пәтердiң ақысымен тең келедi екен.

Елiмiзде қолданысқа енгiзiлген суррогаттық тәсiл демографияны өркендете ала ма? Мәселе міне осында жатыр.

Автор:
«ЖД» ақпарат