23 сентября 2010, 19:38 | 7 448 просмотров
Егіздер... Бұл ұғымға байланысты қоғамда түрлі пікірлер қалыптасқан. Көпшіліктің бірі мұны адам ағзасының генетикалық өзгерісінен пайда болады десе, екіншілері діни тұғырға сүйеніп, жарық дүниеге көп бала әкелу - жаратқанның берген сыйы деп жатады. Әрине, бірнеше сәбидің өмірге бір уақытта қатарласа келуі - үлкен қуаныш. Тоғыз ай, тоғыз күн толғатқан ана үшін де, сары уайымға салынып, асыға күткен әке үшін де солай. Бұл - әрбір пендеге бұйыра бермейтін бақыт.
Болжамдар мен байламдар
Тып-тыныш тұрған шаңырағыңда бір сәтте қос сәбидің шат күлкісі қатар естілетін болса, бұдан артық адам баласына не керек?! Екі баланың бір уақытта дүниеге келуі қазіргі қоғамға таңсық емес. Көрші Ресей елінде тұратын келіншек өмірге бірден он сәби әкелгенде көпшілік таңдай қағысқан болатын. Бірден бес ұл мен бес қыздың әкесі атанғанын естіген жаңағы келіншектің күйеуі бақыттан басы айналып, есінен танып қалса керек. Біреулер қуанышы қойнына сыймай құлап жатса, енді біреулер перзентханадан көзі мөлтілдеп, жан дүниесі қайғырып шығады. Дүниеге егіздер келген... Бірақ жай егіз емес, сиам егіздері... Атауының өзін естігенде де нені бір қорқыныш жайлайды. Бұл кеселдің қалай пайда болатынын дүниежүзі ғалымдары әлі күнге дейін дөп басып айта алмай отыр. Бұған байланысты көптеген теориялар пайда болды. Ғалымдар былай дейді: «Бір жұмыртқалы егіздердің қос хромосомы толық бөліне алмайды. Оның салдарынан ажырау процесі әдеттегіден кеш жүреді». 1495 жылы Еуропада маңдайлары қосылған екі қыз дүниеге келді. Бұл келеңсіз жайтты бұрын-соңды көрмеген жұрттың үрейі ұшты. Бәрі аң-таң. Сол дәуірдегі дәрігерлердің айтуынша, босануға уақыты таяған келіншек басқа бір адамға басын соғып алады. Одан құрсақтағы сәбилер шошынған. Сөйтіп, қорқыныш сиам егіздерінің тууына бірден-бір себеп болған көрінеді. Алайда бұл нақты айғақ емес.
Осы мәселені зерттегендер жетіп артылады. Солардың бірі - XVI ғасырда өмір сүрген Амброс Паре деген хирург. Ғалым бұл құбылысты екі жағдаймен байланыстыра түсіндіреді. Бірінші тұжырым - құдайдың ашуы, шайтанның ісі. Ал екінші байлам - әйел жатырының көлемі кіші болуы. «Бойжеткендер денесіне не бір тырысқан киімдерді киеді және жүктілік кезінде ыңғайсыз қалыпта отыра кетеді», - деген екен Амброс мырза. Алайда Франкфурттегі Анатомия институтының ғалымдары басқа тұжырымды ұстанады. «Қосақталып тууға адамның психикасы әсер етеді», - дейді олар. Ол үшін германиялық дәрігерлер маймылдарға эксперимент жүргізіп көрді. Расында да жүктілік кезінде көп ашуланып, жынданған жануардың балалары бір-біріне жабысып туды. Бірақ маймыл адам емес қой. Осы мәселемен айналысатын мамандардың айтуынша, босанған 200000 әйелдің біреуі сиам егіздерін туады. Ал зерттеушілердің бірқатары 100000 әйелдің біреуі туады деп әріптестерімен пікір таластырады. Сонымен қатар сиам егіздерінің көбісі қыз бала болып келеді. Қосақталып туатындардың шамамен тең жартысы көз ашпастан өмірмен қош айтысады. Соңғы 500 жылдың ішінде ажырату операциясы кезінде 600-дей сиам егіздері ғана тірі қалған.
Сиамда туған Банкерлер
Шыны керек, сиам егіздеріне назар аудармау мүмкін емес. Ертеде римдіктер олардың табиғатын негізге ала отырып, құбылмалы құдай Янгус және жартылай адам, жартылай ат жайлы аңыздар шығар-ған. Сиам егіздері алғаш рет 945 жылы Арменияда дүниеге келген. Бірақ сол уақытта оларға нақты атау берілмеді. Тек атағы жер жаһанға жайылған ағайынды Банкерлердің арқасында ғана 1911 жылы «сиам» деген ұғым тілдік қорымызға енді. Банкерлер кімдер дейтін боларсыздар? Олар XIX ғасырда өмір сүрген Барнум циркінің өнерпаздары. Аттары да қызық өздерінің. Чанг және Энг. Тай тілінен аударғанда «оң» және «сол» деген мағынаны білдіреді. Бұл екеуі 1811 жылы Сиамда (қазіргі Таиланд елінің аумағындағы ел) дүниеге келген. Демек, тура бір ғасырдан кейін мұндай егіздер олар туған қаланың атымен аталған. Олардың кеуделері тұтасып біткен. Қосыл-ған жерлері жұмсақ, иілгіш болғандықтан Чанг мен Энг уақыт өте келе отыруды үйренеді. 12 жасқа келгенде жүріп те кеткен.
Егіздер ержеткен соң денелерін қосып тұрған сіңірдің ұзындығы 10 сантиметрге, ал жуандығы 20 сантиметрге дейін өскен. Ағайындылар біз өмір сүріп жатқан кезеңде дүниеге келгенде оларды ажырату оңай болатын еді. Бұл - көптеген атақты ғалымдардың ойы. Банкерлер жатсада, тұрса да бірге болатындығына қарамастан, екі бөлек келіншекке үйленеді. Олар 1874 жылы дүниеден өтті. Чанг өкпе дертінен қайтыс болады. Жансыз жат-қан қосақтасын көрген Энг ауыр масада сол жерде жан тапсырады. Осылар сияқты аты шыққан жұптар ретінде Дейзи және Виолетта Хилтондарды мысалға келтіруге болады. Апалы-сіңлілердің белдері қосылып туылса да, көріктілігі жағынан ешкімнен қалыспаған. Бұған қарамастан екеуі белгілі режиссер Тод Браунингтің «Мүгедектер» атты фильмінде басты рөлді сомдайды. Ерекше артистер 1937 жылы аптасына 5000 доллар жалақы алып отырған. Экономикасы қарыштап, еңсесі көтерілген қазіргі кезеңмен салыстырғанның өзінде бұл әжептәуір қаражат. Дейзи мен Виолеттаның жеке өмірі туралы мақалалар үнемі беделді деген газеттердің бірінші бетінен түспеді.
Маша мен Даша
Ал мына оқиға тіпті жантүршігерлік. Көрші Ресей елінде болған жайт. 1950 жылы қаңтар айының 4-інде Екатерина және Михаил Кривошляповтардың отбасында Маша және Даша атты сиам егіздері дүниеге келеді. Дәрігерлер мұндай сәтті қалт жібергісі келмей, қуанышы қойнына сыймай жүрген ата-анаға «Сәбилер шетінеп кетті» деген хабар жеткізеді. Олардың бұл әрекетінің басты мақсаты қосақтасқан егіздерге ғылыми тәжірибе жасау еді. Егіздер үш аяқты және ортақ омыртқалы болғандықтан дәрігерлер зерттеу жүргізуге ерекше құлшыныспен кірісті. Жеті жылға созылған ғылыми жұмысты КСРО Ғылым академиясының әйгілі физиологы Петр Анокин басқарды. Уақыт өткен соң қыздар Травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына ауыстырылды. Аталған институтта сиамдардың үшінші аяғы алынып тасталды. Мұны апалы-сіңлілер өздері өтінген көрінеді. 1964 жылы талай ауыртпалықпен азапты көрген Маша мен Даша Новочеркаск қаласындағы мүгедектерге арналған интернатқа ауыстырылды. Бірге жатқан қатарластарының қысымына шыдамаған олар 1970 жылы Мәскеуге қашып кетеді. Ол жерде Маша мен Даша тіс емдеу кешенінің ғимаратын баспана етеді.
Өмірінің соңына дейін сол ғимаратта тұрады. 2003 жылғы сәуір айының 13-інде олар аяқ астынан ауруханаға түсті. Дәрігерлер Машаға «инфаркт» деген диагноз қойды. Ақ халаттылар қолдан келгеннің барлығын жасады. Тіпті аса ауыр тиетін адреналин салып та көрді. Өкінішті... Машаның жүрегі сол күйі тоқтап қалды. Ал Даша болса, ауа жетпей, тынысы тарылып, 17 сағаттан кейін егізінің қайтқанын да естіместен жарық дүниемен қош айтысты. Айта берсең, осы іспеттес есте қалар аянышты оқиғалар таусылмайды. Бәрінің де арты жақсылықпен аяқталмаған.
Қосақтасқан егіздердің кәдімгі егіздермен ортақ қасиеттері баршылық. Бірінің көңіл күйі түссе, екіншісіне бірден беріледі. Сондықтан олар барлық істі ақылдаса отырып, бірігіп шешеді. Үш қолды, төрт аяқты, екі басты болса да, олардың өмірге деген құштарлығына таңғаласың. Алла тағала соларға қуат беріп, құлшынысын азайтпасын деп тілейік...