Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН НАЗАРДА ҰСТАУ ҚАЖЕТ


23 сентября 2010, 19:32 | 2 550 просмотров



АҚТҚ жұқпасы бар әйелдерді жүктілігіне байланысты бақылау бірнеше кезеңнен тұрады. Мәселен, жүктіліктің бірінші жартысында дәрігерге әйел айына 1 рет, жүктіліктің 20-шы аптасынан кейін айына 2 рет, 32-ші аптадан кейін айына 3-4 рет көрініп тұруы керек. Қажет болған жағдайда дәрігерлер оданда жиі келіп тұруына кеңес береді. Жүктілік қалыпты жағдайда өтіп жатса, босануға кеңес береді. АҚТҚ жұқпасы анадан балаға қашан, қай кезде жұғуы мүмкін деген сауалға жауап іздейтін болсақ, АҚТҚ-ның анадан балаға жұғу қаупі, егер оның алдын алу бойынша ешқандай шаралар жасалмаса, 20-45 пайыз зақымдануына күдік туады.

АҚТҚ жұқпасы анадан балаға жүктілік кезеңінде, босану кезінде я болмаса емшек емізу кезінде жұғуы мүмкін.Жүктілік кезеңінде вирус әйелдің қан айналымы арқылы бала жолдасы арқылы ұрыққа енуі мүмкін. Бала жолдасы – бұл ана мен баланы жалғастырып тұратын мүше. Қалыпты жағдайда бала жолдасы нәрестені анасының қанындағы әртүрлі жұқпалардың қоздырғышынан сақтайды, оның ішінде АҚТҚ-жұқпасынан да. Әйтсе де егер бала жолдасы қабынса немесе зақымданса (ішінің жарақат алуы және жұқпалы аурулар жағдайында), оның қорғаушы қасиеті күрт төмендейді және вирус жұғуы мүмкін болады.

Ал босану кезінде вирусты жұқтыру екі жолмен өтеді: бала босану жолдарынан өту барысында (жатыр мойыны, қынап) нәрестенің терісі құрамында АҚТҚ жұқпасы бар қан­мен және қынаптық бөлінділермен жанасады. Баланың терісінде жара немесе басқа да зақымданулар болса, солар арқылы вирустың бала организміне түсуі мүмкін. Босану жолдары арқылы өткенде нәресте анасының қанын және қынаптық бөлінділерді жұтып қоюы мүмкін. Бұл жағдайда вирус баланың организміне аузының шарашты қабаты, өңеші және асқазаны арқылы өтеді. Нәрестені емшекпен тамақтандырғанда жұқтыру мына жолдармен болуы мүмкін: тікелей сүт арқылы, себебі, онда АҚТҚ-ның үлкен концентрациясы болады, екіншіден қан арқылы – егер анасының емшегінің айналасында немесе сүт безінің қабынуы (мастит) болса. Егер анасы баланы емізіп жүрген кезде АҚТҚ-ны жұқтырса, онда балаға жұқпаны жұқтыру қаупі 28 пайызға артады. Ана сүті арқылы жұғу қаупі 12-20 пайызды құрайды, сондықтан, емшекпен емізуден бас тартылғаны жөн.

Өйткені, балаға ақысыз сүт қоспаларын беруге болады.Туғаннан кейін АҚТҚ(+) әйел күтімінің АҚТҚ-ға теріс нәтижесі бар әйелдің күтімінен айтарлықтай айырмашылықтары болмайды. Сүттің шығуын емшекті тартып байлау немесе дәрі-дәрмек қолдану әдісі арқылы тоқтатуға (дәрігердің нұсқауымен) болады. Нәрестені күту-бағу барысында АҚТҚ(+) аналардың жұқтырылған сұйықтықтармен жанасуға жол бермей, сақтану шараларын орындау қажет (қанмен, сүтімен, қынаптық бөліндісімен). Перзентханадан шыққаннан кейін АҚТҚ(+) әйелге мүмкіндігінше гинекологқа және ЖҚТБ орталығының дәрігеріне көріну қажет, себебі АҚТҚ(+) әйелдер босанғаннан кейінгі жұқпалық асқынулармен зақымдалған. Перзентханадан шыққаннан кейін мамандардан отбасын жоспарлау мәселесі бойынша және контрацепцияның анағұрлым қауіпсіз әдістері туралы ақыл-кеңес алуының маңызы зор. АҚТҚ(+) аналардан туған кішкентайлар көп көңіл бөлуді қажет етеді. Олардың денсаулығы көп жағдайда анасының медициналық қарауға қатынасына және педиатрдың тағайындаған ем-шарасын орындауына байланысты болады.Тұрғылықты мекен-жайы бойынша емхана дәрігерінің бақылауында болу, мамандардың қарауынан өту, стандартты зертханалық тексерістерден өту, 1-6-12 айларда АҚТҚ-ға арнайы тексерістен өту, құрсақ ішілік жұқпаларға тексеруден өту, вакцинациядан өту (егу күнтізбесіне сәйкес) қажет. Аналар мен балалар APB препараттарымен тегін қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, 1 жасқа дейін балаға тегін қоректік қоспалар беріледі.

Автор:
Диана РАМИЛЬҚЫЗЫ, Астана қаласы «ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» ММ-нің дәрігер эпидемиологы