Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру барысын қарастыр


29 октября 2019, 15:56 | 210 просмотров



ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен және ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н. Нығматулиннің қатысуымен өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында ҚР Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мәселелері қаралды.

«Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше бақылауында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Комиссия жұмысын жаңғыртуды тапсырды. Өткен отырыста біз Комиссияның 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспарын жасадық, қазір ол Президентпен келісілді», — деді А. Мамин.

Азаматтардың жүгінулеріне қатысты жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Бас прокурордың орынбасары М. Ахметжанов баяндады. 

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті «Е-Өтініштер» АТ-жүйесін құру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр, бұл жүйені 2020 жылдан бастап пилоттық режимде іске қосу көзделген. Жоба өтінім берушілердің бірыңғай деректер базасын құруды қарастырады (ЖСН және БЖН арқылы), онда олардың субъектілерге өтініштерінің барлық жазбалары сақталатын болады. Бір мезетте өтініштер сапасын бағалау сервисі енгізіледі. 

Темір жол тасымалы саласында тариф түзудің ашықтығын арттыру және жетілдіру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А. Ержанов тиісті заң жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, жолаушылар тасымалын субсидиялаудың ашық жүйесін құру, сондай-ақ, жасырын транзит схемаларын пайдалануды болдырмау, кірме жол бағыттары жолдарының қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау қарастырылады. 

Cонымен қатар, Комиссия азаматтардың қаржы ұйымдарына шектен тыс берешек болуының алдын алу шараларын, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіруді, зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды және басқа да мәселелерді қарастырды. 

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында тиімді қоғамдық диалог пен адамдардың қажеттіліктеріне шұғыл үн қату мемлекеттік органдардың жұмысындағы басты басымдық екенін баса айтқан болатын. Бүгінгі талқылауларды ескере отырып, біздің алдымызға қойылған міндеттерді сапалы орындау бойынша нақты шаралар қабылдау қажет», — деді А. Мамин.