Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Авиценна» медициналық колледжінде қазақ ақындарының мерейтойына арналған іс-шаралар өтті


29 октября 2019, 15:45 | 144 просмотра



Ұлтымыздың маңдайына біткен бірқатар алыптардың мерейтойлары Респблика бойынша тойланып жатқаны баршамызға белгілі. Осы үрдістен қалыс қалмау мақсатында және тілдер мерекесіне орай «Авиценна» медициналық колледжінде «Абай қарасөздерінің мәні», «Жыр Құлагері» атты ұлағатты сөз қалдырған ақындар шығармашылығына арналған іс-шаралар өтті. Бірі ұлы ақынның философиялық ойларын білім алушылардың ойына түйіп, ізгілікті насихаттауға бағытталса, екінші іс-шарамыз Жетісудің Құлагер ақыны І. Жансүгіровтің өлеңдері мен поэмаларын дәріптеуге, тұлғалық қарым-қабілетін үлгі етуге бағдарланды.

Абай қарасөздерінің мәні талданған шарада М. Әуезовтің мына бір сөзі басшылыққа алынды: Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы - заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр. Колледж білім алшуылары қарасөздерді жаттап қана қоймай, олардың бүгінгі замандағы маңызы мен рөлін талқылады. Абай Құнанбаевтың өткен ғасырда айтқан философиялық көзқарастарының бүгінде маңызы жойылмағандығын тағы бір өздері үшін дәлелдеді, Абайша айтсақ, ғибрат алды. «Бүгін ХХІ ғасырдың басында біз Абайдың шығармашылығынан қазаққа қажет руханилықты таптық. Бізден кейінгілер де өздеріне қажетін табатыны сөзсіз. Себебі Абай – адамзат ақылманы» - деген түйін жасады.

Ал ақын, қоғам қайраткері І. Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай өткен мәнерлеп оқу сайысында білім алушылар шығармашылық қабілеттерін танытып, жыр Құлагерінің поэзиясына деген ерекше құрмет пен сүйіспеншілігін көрсетті. Мәнерлеп оқу сайысына қатысуға 30-ға жуық білімгер өтінім берді, оның 10-ны қорытынды сайысқа жолдама алды. Ақынның өлеңін мәнерлеп оқуда алдына жан салмаған 1 курс білімгерлері Кулешова Виктория мен Мұқан Дулат болды. Кулешова Виктория тілі жатық, өлеңді шынайы, мәнеріне жеткізе оқығандығы үшін бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, қазақтың эпикалық поэзиясындағы елеулі құбылыс «Құлагер», «Күйші» поэмаларынан үзінді оқыған Оразбеков Ақылжан мен Дүйсенбаева Шолпан ақынның сюжеттік, композициялық, образдық, тілдік бағыттағы шеберлігін еске салып, тағы бір тамсандырды, Ақан сері заманына сапар шеккізді.

Қос ақынның мерейтойына арналған іс-шаралар барысында болашақта ақ халатты абзал жан болуды мақсат еткен білім алушыларымыздың ой-танымы кең, әдебиетке деген құштарлығы зор, дарынды екенін байқадық.

Автор:
Әйгерім Берікболқызы, «Авиценна» медициналық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.