Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес айлығы басталады


29 октября 2019, 09:37 | 2 208 просмотров



Жыл сайын әлем 1 желтоқсанды  Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні ретінде атап өтеді. Бұл күні адамдар қауымдасып, АИТВ-мен өмір сүретін жандарға қолдау білдіреді, ЖИТС-пен байланысты аурулардан қайтыс болғандарды еске алады. Әдетте бұл күні барлық өңірлерде ақпараттық іс-шаралар өткізіледі. Қатысушылар кеудесіне АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды қолдаудың және ынтымақтастықтың халықаралық нышаны – қызыл таспа тағып жүреді.

Биылғы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінің ұраны: «Қоғамдастықтың шешуші рөлі». Осыған орай  2019 жылдың 5-ші қарашасы мен 5-ші желтоқсаны аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні аясында Алматы  облысында АИТВ жұқпасының алдын алу бағытында айлық жүргізілмек.

АИТВ жұқпасын қазіргі таңда негізінен жыныстық жолмен, сонымен қатар иньекциялық есірткі тұтыну барысында жұқтыру кеңінен таралуда.  Өзінің АИТВ-статусын білмейтін адамдардың бұл вирусты басқа адамдарға жұқтыру қаупі жоғары, бұл жағдай адамның өзіне ғана емес қоғамға да қауіпті екенін ұқтырады.

Өткізілетін айлықтың басты мақсаты – облыс халқының АИТВ/ЖИТС тақырыбындағы білім деңгейін көтеру, оның ішінде халықтың осал топ өкілдері, сонымен қатар жастар арасында АИТВ жұқпасының  таралуын  алдын алу болып табылады.

Айлық аясында оқу орындарында, ішкі істер, қорғаныс саласы, бизнес құрылымдарында,  Жастардың денсаулық орталықтары және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар облыс пен Талдықорған қаласының  кез келген азаматы тұрғылықты мекен-жайы бойынша бекітілген емханаларда,сонымен қатар облыстық ЖИТС орталығында ашық немесе жасырын (анонимді) түрде АИТВ жұқпасына тексерілуіне және АИТВ статусын білуіне болады.

Алматы облысы бойынша АИТВ жұқпасының эпидемиологиялық жағдайы:

2019 жылдың 9 айында АИТВ жұқпасын жұқтырған 249 жағдай тіркелді. Жағдайдың өсуі: Талдықорған қ. - 22, Жамбыл ауданында - 9, Қаратал ауданында - 8, Іле ауданында - 4, Кеген ауданында - 3. Текелі қаласында – 2, Ұйғыр ауданында 1 жағдай тіркелді. 

Жалпы Алматы облысында АИТВ жұқпасының 3372 жағдайы тіркеліп, 2301 қайтыс болған адамды алып тастағанда, 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш – 112,9.

Тіркелген 3372 жағдайдың 38% (1281 жағ.) инъекциялық есірткіні тұтынушылар құраса, гетеросексуальды жыныстық қатынас жолдарының үлесі - 57,2% (1929 жағ.), гомосексуал - 1% (34 жағ.), тік жұқтыру жолы 1,6% (55 жағ.) және т. б.

Тіркелген жағдайлардың ішінде жұмыссыздар - 58,2% (1962 жағ.), жұмыс істейтіндер -27,3% (920 жағ.), мектепке дейінгі жастағы балалар -1,5% (49 жағ.), студенттер - 0,4% (14 жағ.), оқушылар - 0,2% (6 жағ..), зейнеткерлер - 1,8% (62 жағ.).

Айлыққа белсене қатысайық, жетісулықтар! Бірлесіп ЖИТС індетін жеңуге күш салайық! Бұл – біздің денсаулығымыз, жарқын келешегіміздің кепілі!

Автор:
Гүлмира ЖАҚАНОВА, алдын алу жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы