Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТАБИҒАТ


23 сентября 2010, 19:12 | 5 664 просмотра



Кактустың «көңілін» аула

Қоршаған ортаның адамға тигізетін әсері орасан зор екендігі белгілі. Әсіресе, өсімдік әлеміне қандай көзқараспен қарасаңыз, ол да сізге солай «жауап» береді. Адамзат баласы сан ғасырлар бойы өсімдікті ем ретінде қолдануда. Өсімдік әлемінің адамға берері көп десе де болады. Мысалы, гүлді құмырасымен біреу сыйға тартса, сіз ол адамға сол гүл үшін аз болса да ақы төлеуіңіз керек екен. Себебі құмырадағы гүл «мені бағалады» деп «риза» болып, одан әрі жайқалып өсе түседі екен. Ал өсімдіктерге дұрыс қарамаса, уақытында суғарып тұрмаса «ренжіп», адам ағзасына зиянды улы химиялық заттар бөліп шығаратын көрінеді. Мысалы, қызанақ көшетін бөлмеде өсіріп, су құюды ұмытып кетсеңіз, түнімен ұйықтай алмайсыз. Ал кактустар да адамның көңіл-күйіне әсерін тигізеді екен. Кактусқа «түу, түрі құрысын, қандай сүйкімсіз» деп айтқан сәтте-ақ құрамында алкогольдік қоспалар бар улы зат бөліп шығарады екен. Бұл зат адамды ішімдікке итермелейтін көрінеді. Содан адам ішімдікке әуестеніп кететін кездері болғанын ғалымдар анықтаған.

Фикус – «қызғаншақ» өсімдік

Кейбір өсімдіктер өз қожайынын басқа бір адамнан қызғанатын көрінеді. Ағылшын ғалымдары көп жылдар бойы адам мен өсімдіктердің қарым-қатынасы туралы зерттеулер жүргізген. Ағылшын физиологы С.Мейсонның бөлмесінде көп жылдар бойы фикус өсіп тұрған. Ғалым үйленгеннен кейін оның әйелі күннен-күнге әлсіреп, сырқаттанып қалады. Ал жерік болған кезде берекесі қашып, тіпті, дәрігерлердің қандай ем қолданғанына қарамай, түсік тастайды. Ғалымның ойына бөлмесінде өсіп тұрған фикус түседі, әйелінің ауруға шалдыққанына сол кінәлі деп оны үйдің қасындағы баққа апарып қояды. Көп ұзамай әйелі құлан-таза айығып, қайтадан бала көтеріп, дені сау, әдемі сәбиді дүниеге әкеледі. Сөйтсе, фикус өз қожайынын әйелінен қызғанып, химиялық қоспа заттар бөле бастаған, ол зат Мейсонның өзіне ешқандай әсер етпеген.

Қазтамақ – ең жағымды гүл

Әрине, өсімдіктердің барлығы тек зиянды екен деуге болмайды. Мысалы, фиалка (шегіркүл) өз қожайынын жақсы көретіні соншалық, ол басқа жаққа сапарға кетсе, сағынады екен. Ал қазтамақ (герань) бірінші суғармаса, кәдімгідей «ренжитін» көрінеді. Өзінің ренішін ол көпке дейін гүл ашпай тұру арқылы білдіреді.

Ертеде адамдар зығыр (лен) еккен кезде, жалаңаштанып егеді екен. Әйтпесе мол өнім болмайды деп есептеген. «Көрдің бе, сен (зығыр) өнім бермесең, мен жалаңаш қаламын» деп айтады екен. Адамдар киімді зығырдан жасап, кигені белгілі ғой.

Ертеде «қыдырып» кеткен күйеуін үйге қайтару үшін әйелдер жатын бөлмеге алқызыл түсті гүлді қойған. Сол бөлмеде үш күн қонған ер адам бұдан әрі басқаға қарамай, тек өз әйеліне деген сезімі арта түседі екен.

Ең жағымды гүлдердің бірі қазтамақ деп есептелінеді. Қазтамақ тұрған бөлмеде ұрыс-керіс те болмайды, ал бола қалған жағдайда өсімдік адамның жүйке жүйесіне әсер ететін зат бөле бастайды. Содан ұрысып қалғандар тез татуласып кетеді екен. Сондықтан болар, бұл гүлді бұрындары әр үй өсірген.

Өсімдіктер де «өш» алады

Гүлді өз қолыңыздан егіп, күтіп-баптаған жөн. Оларды сәбиді баққандай күтсеңіз, өскен соң сіздің денсаулығыңызға, отбасыңызға оң әсер етеді дейді. Гүлдердің қасында бір сағаттай отырсаңыз көңіл-күйіңіз көтеріліп, барлық жаман ойдан арыласыз.

Ал мына бір оқиға осыдан 7 жыл бұрын болған. Бір үйдің ауласында жапырағы жайқалып, әдемі үлкен ағаш өсіп тұрған. Үй иесі отыздағы әйел бұл ағашты шауып тастайын деп, алдымен оның қабығын аршып тастайды. Ағаш солып қалған соң, кесіп тастамақшы болады. Әне-міне деп жүріп қолы тимейді. Бір күні әйел өз болашағын білмекші болып көріпкелге барады. Көріпкел оған «отыз жасыңда өлесің» дейді. Әйелдің өзі де, туыстары да «дені сап-сау, аяқ қолы балғадай адам қалай өледі?» деп, көріпкелдің сөзіне аса мән бермейді. Тамыз айында әйел отыз жасқа толады да, туыстарын, көршілерін, жора-жолдастарын шақырмақшы болып, той қамына кірісіп кетеді. Құрбысы екеуі есіктің алдына шығып, мерейтой туралы әңгімелесіп тұрған сәтте ауа райы күрт өзгеріп, аспанды қара бұлт торлап, қатты жел соғады. Онсыз да әрең тұрған ағаш желдің күшімен тура екі әйелдің үстіне келіп құлайды. Біреуі қашып үлгереді, екіншісі ағаштың астында қалып, қайтыс болады. Тура отызға толған күні, көріпкел айтқандай, ағашты кескен әйел қайтыс болыпты. Көріпкелдің айтқаны тура келді. Бұл оқиғада ең таң қаларлығы – ағаштың әйелден өшін алғаны. Мүмкін, кездейсоқ болған шығар. Кім біледі? Бірақ «ағаштың да жаны бар, олар да сезеді» дейді өсімдіктанушылар.

Автор:
Арайлым НҰРБАЕВА