Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ПРЕЗИДЕНТТІК КЛИНИКАДА ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ ЕРЛЕР ДЕНСАУЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ


18 октября 2019, 11:11 | 753 просмотра



Орталықта ерлер денсаулығының барлық заманауи диагностикасы қамтылады, ал операция жасайтын уролог-хирургтар пациенттерді қабылдауды жүргізеді және консультация беретін болады. Олардың қатарында АҚШ-тың үздік урологтарының бірі – доктор Дэвид Самади да бар.

 Президенттік клиниканың Ерлер денсаулығы орталығы – бұл пациенттерді диагностикалау, емдеу және оңалту комбинациясы болып табылады. Осы жеке-жеке кезеңдердің барлығы енді бір жерге шоғырланып, дәрігерлердің бір командасының бақылауында болады. Қазақстанда мұндай орталықтың баламасы әлі жоқ, ол жайлы дәрігер-уролог және Ерлер денсаулығы орталығының жетекшісі Павел Шолох былай дейді:

«Бұл кабинетте тексерудің барлық амбулаториялық әдістері шоғырланған. Қазір «бір терезе қызметі» деген сөз бар.  Мысалы, адам келді, енді оған басқа медициналық мекемелерге жүгірудің қажеті жоқ.  Орталық төрт бөлмеден тұрады: қабылдау, УДЗ-манипуляциялық, анализ алуға арналған манипуляциялық, цистоскопиялық уродинамикалық қондырғысы бар кабинет. Науқас бір есікке кіріп, екіншісінен шығады және сол уақыт аралығында барлық қажетті манипуляциялар алынады. Оған қосымша кезектерде тұрудың қажеті жоқ. Бұдан басқа, қажет болған жағдайда, біз оны госпитализациялау жоспарына енгіземіз, немесе дереу қажетті тексеруге жазамыз».

 Орталықтың басты міндеті – ерлердің жыныстық жүйесінің қабыну ауруларын, эрекциялық дисфункцияның түрлі формаларын, қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясын және простата обырын диагностикалаудың жаңа әдістерін енгізу және дамыту, сондай-ақ несеп-жыныс жүйесінің аурулары бар пациенттерді оңалту мен алдын алудың кешенді әдістерін әзірлеу. Бұның бәрі еліміздегі ерлердің өмір сүру сапасын жақсарту және ұзарту мақсатында жасалады.

«Ерлердің денсаулығы» өте маңызды, себебі бұл мәселеде ерлер әйелдерден ерекшеленеді. «Әйел денсаулығы» әрқашан алдыңғы қатарда болды да, үнемі дамып отырды. Себебі, әйелдер бұл мәселеде өте батыл, дәрігерлерге көрініп тұрады, скринингтер өтеді, алдын алу шараларын пайдаланады.  Ер адамдар, керісінше, қатты ауырғанда ғана 60-70 жаста өз денсаулығы туралы ойлана бастайды. Ерлер денсаулығы тұжырымдамасының негізгі мақсаты – ер адамдардың өз денсаулықтарын жақсартуға барынша ертерек тарту, яғни оларды скрининг жасауға және аурудың алдын алуға тарту.  Өмір сүру ұзақтығы бірте-бірте ұлғайып келеді, егер сіз ұзақ өмір сүргіңіз келсе, қартайған шағыңызды аурумен және дәрі-дәрмекпен өткізгіңіз келмесе, өмір сүру сапасы жақсы болсын десеңіз, мұндай Ерлер денсаулығы орталығының жұмыс істеуі маңызды», - деп атап өтті орталықтың халықаралық кураторы, АҚШ-тың жетекші урологтарының бірі Дэвид Самади.  Дәрігер Павел Шолох және орталықтың хирургтар тобымен бірлесіп, дәрігер Самади пациенттерге операция жасап, кеңес беретін болды.

Қазіргі таңда Президенттік клиниканың заманауи зертханалық, диагностикалық және емдеу базалары, заманауи операциялық блоктар және жабдықтармен, сондай-ақ көп салалы оңалту блоктарымен қамтылғандығы жайлы ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы Ауруханасы директорының бірінші орынбасары Тимур Муратов атап өтті:

«Президенттік клиникада Ерлер денсаулығы орталығын ашатын кезде, біз ер адамдардың өмір сапасын жақсарту және ұзарту мақсатын алға қойдық. Ерлер денсаулығы – бұл тек ерлердің жыныстық жүйесінің қабыну ауруларын емдеу мәселелері ғана емес, сондай-ақ, эрекциялық дисфункция, ұрықтылық, жыныс мүшесінің хирургиясы, сонымен қатар қатерлі емес гиперплазия және простата обырын диагностикалау және емдеу мәселелері. Олар урологиялық аурулардың құрамындағы барлық қуық жүйесі ауруларының 70%-ке дейін құрайды. Еліміздің солтүстік өңірлерінде ерлердің денсаулығы мәселесімен айналысатын медициналық орталықтар жоқ».

Орталықтың ресми ашылуы қарсаңында Павел Шолох пен Дэвид Самади Қазақстандағы алғашқы «уролифт» манипуляциясын өткізді.  Аталған шағын инвазиялық операция денсаулық себептеріне байланысты ашық хирургиялық араласуға тыйым салынған простата ауруларымен ауыратын егде жастағы емделушілерге көрсетілген.

«Операциядан кейінгі асқынуларға әкелуі мүмкін болатын ешқандай тіндерді кесу, ешқандай кесу, ештеңе де жасалған жоқ. Сондықтан да, бұл процедура ілеспелі ауруларға немесе денсаулығындағы қандай да бір проблемаларға байланысты дәстүрлі ашық операцияны көтере алмайтын ересек жастағы пациенттерге, сондай-ақ зәр шығару проблемалары бар, бірақ операция жасатуға қарсы жас пациенттерге арналған. Себебі, классикалық трансуретралық хирургия жыныстық актінің физиологиясын бұзады. Мұндай емделушілерге да уролифт қойылады.  Қазір адамдар неге назар аударады? Әрине, өмір сапасына. Бұл манипуляция аденомасы бар жас пациенттерге өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді», - деп толықтырды, Президенттік клиниканың Ерлер денсаулығы орталығының жетекшісі Павел Шолох.

Докторлар жеңіл лапароскопиялық операциялармен қатар, робот-ассисттелген қондырғы көмегімен араласуды жоспарлап отыр.  Роботтандырылған хирургия бағдарламасы Ауруханада осыдан дәл бір жыл бұрын іске қосылған болатын. Осы уақыт аралығында Президенттік клиниканың хирург-гинекологтары, хирург-урологтары және жалпы хирургтары роботпен 150-ден астам операция жасады. Роботтандырылған хирургия бойынша сарапшылар - профессор Стефано Джиро (Италия) және доктор Дэвид Самади (АҚШ) докторларға кеңес беріп отырады.

Автор:
Пресс-служба Больницы МЦ УДП РК