Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ұлттық спорттық ойындар өткізілді


17 октября 2019, 07:28 | 1 173 просмотра



Қазан айының 12 күні Байшегір ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылында Бәйшегір баба атындағы жаңа мешіт есігін айқара ашты. Осынау қуанышқа орай алыс-жақыннан келген баба ұрпақтары, аудан жұртшылығы ат шаптырып, ұлан-асыр той жасады. Ауылдың сәнімен салтанатын арттырған киіз үйлерде баба рухына арналып құран бағышталып, ас берілді. 
Түстен кейін спорттық ойындарға кезек беріліп, қазақша күрес, қошқар көтеру, гір көтеру, ат жарыстары өтті. Жұртшылық бәйгеде шапқан кіл сәйгүліктердің шабысына қиқу қосып, қолдап отырды. Тай жарысында Айдос Мұратбековтың (Көксу ауданы) тайы 1 болып мәреге жетіп, ат иесі 100 мың теңгені қанжығасына байлады. Бақытжан Әлімбаевтың (Үштөбе қаласы) тайы 2 орыннан көрініп, ат иесі 60 мың теңгені еншіледі, Құмарғали Баяхметовтың тайы 3 орынға табан тіреп, ат иесі 40 мың теңге жүлде берілді. Құнан бәйгеде Құмарғали Баяхметовтың (Егінсу ауылы) жүйрігі 1 орынды жеңіп алып, ат иесіне 200 мың теңге табыс әкелді. «Қаражұлдыз» атты қүнан 2 орынға қол жеткізіп, ат иесі 100 мың теңгенің иегері атанды. Шерасыл есімді азаматтың «Көккөмейі» топты жарып, 3 орыннан көрініп, ат иесі 50 мың теңге алды. «Алуан алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, Аламан бәйге де аса тартысты өтіп, атқұмар көпшілікті қызыққа бөледі. Десек те, 27 шақырымдық аламан бәйгеге қатысқан 18 тұлпардың тек алтауы ғана мәре сызынан өтті. Нәтижесінде өзге аттардан оқ бойы алға озып шыққан «Ақбаян» атты сәйгүліктің иесі (Көксу ауданы Алғабас ауылы) 500 мың теңгеге ие болды. Жетіжалдан келген Рүстем бауырымыздың жүйрігі 2 –ші болып мәре сызығын қиып, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Жылыбұлақ аулының тұрғыны Айдын бауырымыздың үкілеп қосқан аты 3 орынан көрініп, 200 мың теңге алды. Аттары төртінші, бесінші, алтыншы болып келген азаматтар да бағалы сыйлықтарға ие болды. Қазақстан Республикасы «Тай-құнан бәйге» федерациясының республиалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ғалымжан Қалжапаров ат жарыстары ережеге сай өткенін айтып, соңғы жылдары жұртшылық бәйгеге деген қызығушылығы артып келетнін тілге тиек етті. 
     Білек сыбанып, барын сала күрескен жампоз жігіттердің белдесуі де аса тартысты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша жауырыны жерге тимеген Ілияс Нүсіпбаев 1 орынды жеңіп алып, 100 мың теңгеге ие болды. Түйе палуан Серікболсын Нұрымов 2 орынды иеленіп, 70 мың теңгені еншіледі. Тоқтар Қаркатеров пен Сабыржан Әлімбек 3 орынды теңдей бөлісті. Волейбол жарысында 1 орынды Ақжар ауылының жастары иеленсе, Дөнши ауылының спортшылары 2 орынға, ал Көпбірлік ауылының жеткіншектері 3 орынға қол жеткізді.

Автор:
Спорт бөлімі